Қазақы қалжың
Аюбай аға,алты ұл немесе "ұялам" (қазақи қалжың)
-Осы күні жезөкше қыз деген қыз шығыпты,-деді Аюбай аға темекісін шырт еткізіп тұтатып жатып,-кірпік қақпай қарайды тіпті,қымсынып тұрған жоқ.Осыны айтқанда Аюбай ағаның көздерінде сұп-суық жарқыл білінді,сонан-соң темекісін сорғыштап,есіне әлдене түскендей үнсіз отырып қалды,сәлден кейін әңгімесін жалғастырды:
-Баяғыда кеш батса,холодильниктің есігін сыртынан бекітіп жатушы ек.
-Ау,ол неге? Тамақтарыңызды біреу үптеп кете ме?
-Қайдағы?-Аюбай аға қолын сілтеді.Ит басына іркіт төгілген заман емес пе,біреудің тамағын біреу қайтсін? Тоңазтқыштың есігі зауқайым ашылып кетпесін дейміз,ішінен жарық шашылып кетпесін дейміз,жеңгелерің ұялшақ еді.Кеш түсе терезені ішінен қара қағазбен көлегейлеп бекітіп жатқаным.Жеңгелерің айдың түскен бозамық сәулесінен ұялар,көше шамының себезгілеген жарығынан қысылар. "Аюбай,осы кеш батса,не тарсылдатасыңдар да жатасыңдар?" Бұл-көршілердің қоятын сұрағы.Терезені сәуле өтетін саңылау қалдырмай бекітіп,балғамды терезенің алдына салдыр еткізіп қоя салып,кері бұрылғанымда жеңгелеріңнің айтатыны:
-Қарама,ұялам.
-Нені,мен сені көріп тұр ма едім,көзге түртсе көргісіз қараңғы,аяқ жолымды таба алмай пұшайман болып тұрған жоқпын ба? Тым болмаса орныма жетіп алу үшін сіріңке шағайын.
-Жақпа,ұялам.
Көрпе-мөрпеге сүріне-қабына жүріп,қалған жолды еңбектей өтіп,төсегіме жетермін.Келсем,жеңгелерің жоқ.
-Ау,қайдасың? Көрпені тарс бүркеніп алып,астында бүлкілдеп күліп жатады.
-Ау,ашсайшы көрпені!
-Ұялам.
-Жат онда солай тасбақа құсап домаланып.Ау,жіберсейшi көрпенің шетін!
-Ұялам.
Еркектік қайратқа салып,көрпені серпіп тастармын.
-Ау,қысқы тоныңды киіп жатқаныңа жол болсын?
-Ұялам.
-Шілденің шыжыған ыстығында гамаж киіп,шарқат тартып алғанды сенен көрдім?
-Ұялам.
Сөйтіп жүріп те алты ұлға әке болдым-ау.Аюбай аға одан әрi сөзін жалғады.
-Осы күні жезөкше қыз деген қыз шығыпты,-деді сонан-соң.Соны айтқанда Аюбай ағаның көзiнен сұп-суық ұшқын бiлiндi.-Қымсынып тұрған жоқ,қысылып тұрған жоқ ешкімнен,айылын жияр емес.
Сөзiн ары қарай сабақтады:
-Алты ұлым да бой-бітімі өзіме тартқан қапсағай денелі,бойшан,сүйегі ірі болды,бірақ мінездері...Мінездері-құдды шешелерінің мінезі,бет-моншақтары үзіліп тұратын едi.Әлде үйде қыз бала болмай,қыздың жұмысын істеп өскендіктен бе,шешелеріне көмекші болып,қызға тән жұмыстарды да тап-тұйнақтай тындыра беруші еді.Кейде ұлдарыма қарап отырып,әй,осылар үйленбей кетпесе болар еді,деп ойлайтынмын,бұлар қыздан ұялар.Жоқ,төртеуі бірдей іркес-тіркес бірінен соң бірі үйленді.Бірінің келіншегі екіншісінің келіншегінің сыныптасы ма-ау,екіншісінің келіншегі үшіншісінің келіншегінің группаласы ма-ау,әйтеуір,бір-біріне тонның ішкі бауындай жақын еді.Төрт ұл елбесіп-селбесіп жүріп,бір-біріне баспана көтерісті,дәл үйдің жанынан.Жұрт мені "машинист Аюбай" атап кетті: "Ойбой,Аюбайдың балдары вагон сияқты,іркесіп-тіркесіп жанынан шықпайды.Қара шаңыраққа жалғастырып там сала бергенді Аюбайдан көрдік.Аюбайдың енді машинист болмаған несі қалды?".Жұртқа әңгіме керек,жұртқа кеу-кеу сөз керек.
-Әй,Аюбай,мына жерде тағы бір там сиярлық жерің бар екен,енді қалған екі ұлдың біріне осы жерден баспана көтеріп бер.Кенжеңдi қолыңа ұстарсың.
-Сендердің не шаруаларың бар?-деймін.-Саламыз ба,салмаймыз ба өзіміз білеміз,жер біздікі,үй біздікі,бала біздікі.Сендер немене құрылыстың маманы ма едіңдер,адымдап жер өлшеп беретін?
Оған қыңып жатқан көршілер жоқ,ауыздарын басып бүлк-бүлк күледі: "Ойпырм-ай,жұрттың балдары ұйлығысып осылай отыра қалады.Біздің балдар бір шөпжелкені алса,Әндіжан асып кетеді.Сосын өзің хабарласпасаң,өздігінен өмірі хабарласпайды.Хабарлассаң өзіңе дүңкілдейді: "Не,аманбыз! Келіншегімнің проблемасы шығып жатыр,баламның проблемасы болып жатыр!"
-Жүріңдер сол,келіншегімнің проблемасы,баламның проблемасы деп.Сендерге енді әке-шеше керек емес қой,бақтық-қақтық,өсірдік,біздің енді не керегіміз бар? Сендер,сірә,біз өлген соң келетін шығарсыңдар.Әй,өлгеннен кейін де келмей қалмасаңдар болар еді?
-Қара аспанды қапылтпай отырыңдаршы осы,қазір өлгелі жатқан адам құсап.Барамыз ғой шаруамыз біткесін!
-Әй,сендердің сол шаруаны айтқандарыңа он жыл болды ғой.Он жылдан бері неғылған шаруа ол бітпейтін.Тірлікте адамның шаруасы бітпейді,өлгеннен кейін бітеді.Қазақ өлген адамды шаруасы бітті деп неге айтқан дейсiң,сол бар тірлікті тірілерге қалдырып,екі аяғын көсiлтіп жата кеткесін айтқан...
"Ойпырм-ай,жұрттың балдарына қарашы,ұйлығысып қана тап-тату.Келіндері де бір мың болғыр,бірінсіз бірі тамақ ішпейді. "Абысын тату болса,ас көп" дегенді қазақ бекер айтпаған ғой,сiрә".
-Жұрттың әңгімесі осы,-деді Аюбай аға сөзін жалғап,телесериалдан қолдары босаса,әңгіме қылатыны-біздің үй.
Үйленбеген екі ұлымның бірі алысқа ұзар деп жүр ем,өткенде сол екі ұлдың үлкені келіп:
-Әке,үйленсем бе деймін,мына жерден өзiме баспана көтеріп алайын,-дейді.
-Сен де осында орналасасың ба?-дедім.
-Ағаларымнан бөлініп қайда барайын?
-Мейлі,орналассаң орналаса ғой,үйленсең үйлен.
Аюбай аға темекісін сорғыштап үнсіз отырды да,әңгімесін жалғастырды:
-Өткенде кемпіріміз екеуміз аулада жайбарақат әңгімелесіп отырғанымызда кемпіріме: "Осы алты ұлды еңбекпен таптырдым,-дедім,-сенің баяғы мінезiн-ай..." Сөйтсем,кемпірім жүзін төмен салып:"Айтпа,ұялам".
Әлі ұялады,кемпір болса да ұялады,әже болып немере сүйіп отырса да,әлі сол жас келіншек күніндегідей үлбірер...Аюбай аға есіне әлдене түскендей жүзі нұрланып отырды,сонан-соң қара сұр өңі қатуланып: "Осы күні жезөкше деген қыз шығыпты,-деді,-қымсынып тұрған жоқ,қысылып тұрған жоқ,айылын жияр емес...-Соны айтқанда Аюбай ағаның жанарында сұп-суық бір жарқыл тұрған еді.Сонан-соң шегіп болған темекісін ашумен аулаққа ызаланып шертіп жіберді.