Қазақша әзілдер

Ең мықты отағасы
Сәтбек саясатқа жақын жігіт еді.Саясатқа жақындықтан осы Сәтбектің тапқан пайдасы бар ма? Қайта әйел,бала-шағасын қып-қызыл саясаткер етіп жіберген жоқ па?
Бәрі де қалай басталып еді өзі? Бір күні Сәтбектің әйелі отырып: "Ең мықты отағасы-Айтбек қой,шіркін!"-деп қалғаны.Сол-ақ екен,Сәтбек әйеліне ежірейе қарап:
-Не айтып отырсың? Айтып отырған Айтбегің не?-деді.
-Ойбай,енді пікірімізді де айтуға болмай ма?-деді әйелі.-Өзің емес пе "семья деген-шағын мемлекет",біздің шағын мемлекетіміз демократиялық жағдайда өмір сүреді,біздің отбасымызда әркімнің өз пікірін айтуға толық құқығы бар" деген.
-Құқығым бар екен деп Айтбекті айтуың керек пе?-деді Сәтбек.-Біле білсең,ең мықты отағасы-менмін,мен,мен,-деп Сәтбек өз кеудесін өзі жұдырығымен үш рет ұрғылады.
Әйелі Сәтбектің бұл қылығына мырс ете қалды:
-Осы қит етсе еркектердің "мен","мен" деп өз кеуделерін өзі ұрып шыға келетіні несі екен? Ең мықты отағасы деген заңды құқығың жоқ,-деді.
-Немеене?!-деді Сәтбек ежірейіп.
-Демократиялық отбасында сенің ең мықты отағасы екендігің дауыс беру арқылы айқындалу керек,-деді әйелі бүлк етпей.
-Кім дауыс береді?-деді Сәтбек әйеліне қарап.
-Отбасы мүшелерің де,-деді әйелі.
-Берсек берерміз,дауыстан қашатын мен емес,-деді Сәтбек.
Сол күннен бастап Сәтбектің үйіндегі отбасы мүшелерінің дастархан басына жинала қалған сәттері қып-қызыл жиын болып өтетін еді.Егер бұл әңгімені біреу сырттарынан тыңдап тұратын болса, "Сәтбектер немене өздері отбасы болып партия құрып алғаннан сау ма?" дейтіндей еді.
Ең алдымен жарқыратып сақина салған саусақтарымен аққұманның қақпағын ысқылап отырып,Сәтбектің әйелі сөйлейді:
-Меніңше,ең мықты отағасы Айтбек деп ойлаймын.Айтбектің салған үйі қандай? Бала-шағасына қамқор әке...
Мұндайда Сәтбек шыдамай ұшып тұрады:
-Біздің арамызда өз отбасына деген патриоттық сезімі кемшін жандардың бар екендігі қандай өкінішті.Олар біреудің қаңсығын таңсық көреді.
-Неменеге айқайлайсың?-дейді Сәтбектің әйелі.-Қит етсе айқайлап шыға келетінің бар екен.Сенде өзі саяси-құқықтық мәдениет деген бола ма?
-Күйдіріп бара жатқан жоқсың ба?-дейді Сәтбек.-Адамды күйдіріп барасың ғой тегі...
Бұдан кейін Сәтбектің қызы сөз алады.Жасөспірім қыз нәзік саусақтарымен самай шашын құлағының үстіне бір қайырып тастап,қара көздері ұшқын атып сөйлеп кетеді:
-Дүниедегі ең тамаша әке-менің папам деп ойлаймын.Ол өз балаларын жанындай жақсы көреді...
Сәтбек мұндай кезде де шыдамай ұшып тұрады:
-Біздің арамызда саяси санасы толық пісіп-жетілген адамдардың бар екендігі мені қуантады.Бұл біздің отбасылық идеологиямыздың дұрыс бағытта жұмыс істеп келе жатырғанын көрсетеді.
Бұдан кейін Сәтбектің бастауыш сыныпта оқитын ұлы сөз алады.Бала әр нәрсенің басын бір шалып,кейде шешесіне жалтақтап тұрып қалушы еді.
Сәтбек мұндай кезде де шыдамай ұшып тұрады:
-Біздің арамызда саяси түсінігі жетілмеген адамдардың бар екендігі қандай өкініш.Олар пікір айтқанда,солқылдақтық танытады.
Сәтбектің соншама күйіп-піскеніне мұндайда әйелінің ішек-сілесі қатып күлуші еді.
Ендігі сөзді Сәтбектің өзі алады:
-Отбасындағы ең басты капитал-адам,-деп бастайды сөзін Сәтбек,-мені өз отбасымыздағы халық санының аздығы ойландырады.-Сәтбек әйеліне көзінің астымен бір қарап қояды.-Рас бізге туристер келіп кетеді,-дейді Сәтбек,анда-санда ауылдан келіп кететін енесін есіне алып,-олар мүмкін біздің отбасылық бюджетімізге белгілі бір дәрежеде пайда да келтіріп жатқан шығар.-Сәтбек енесінің ауылдан келгенде қолы бос келмейтінін көз алдына елестетеді.-Әйтсе де туристердің біздің отбасымыздағы халық санының артуына өз үлесін қоса алмайтындығы анық қой,бұл-мүмкін емес жағдай.Сонымен қатар,-дейді Сәтбек сөзін одан әрі соза түсіп,-бізге білім алу келісім-шартымен келіп-кететін жастар туралы да осыны айтуға тиіспіз.-Сәтбек осында жатып оқып кеткен балдыздарын еске түсіреді.-Олар да біздің отбасымыздағы халық санының артуына өз үлестерін қоса алмас еді.
Ал еңбек мигранттары туралы сөз етуге де тұрмайды,-дейді Сәтбек ауылдан келіп,тиіп-қашып жұмыс істеп кететін інілерін еске алып.-Олар тіпті көпе-көрнеу заңдылықты бұзады.-Сәтбек тап керек кезінде іздегенде,жұмыс берушіден ақшасын ала салып,"ауылда бір қыздың туған күні бар еді" деп таптырмай,зытып кеткен інісін еске түсіреді.-Сондықтан да,-дейді Сәтбек сөзін одан әрі жалғап,-отбасымыздағы халық санының артуы-табиғи өсім негізінде жүзеге асуы тиіс.-Сәтбек тағы да әйеліне көзінің астымен бір қарап қойып сөзін аяқтайды.
-Отбасындағы халық санының артуы үшін жұмыс істеу керек,-дейді әйелі.
-Неменее?-дейді Сәтбек ежірейіп.-Осындай сөзді айтуға балалардың көзінше қалай ғана ұялмайсың?
-Мен ол жайлы айтып тұрған жоқпын,-дейді әйелі.-Мен алдымызға қойылар әлеуметтік-экономикалық міндеттер туралы сөз қозғағым келіп отыр.Халық санының артуымен бірге оны баспанамен қамтамасыз ету қажеттілігі туындамай ма екен? Құрқылтайдың ұясындай ғана пәтерде отырмыз.Ал Айтбек...
Сәтбек әйеліне ашулана қарайды.
Ертеңіне шай үстінде Сәтбек өз шешімін айтты: "Өзімнің отағасы ретіндегі құқығымды пайдалана отырып..."
Қысқасы Сәтбек дауыс беруді кейінге қалдырды.
Оның есесіне Сәтбек үй салуға кірісіп кетті.Үй салғанда-Сәтбек салсын! Сәтбектің салған үйінің жанында Айтбектің салған үйі әшейін бірдеңе болды да қалды.
Сәтбектер үйін салып,бітіріп,кіре бергенде-ақ,"қоныс жайлы болсын!" айтқан көршілері басып салсын.Бәрі де бұрынғы көршілері еді.Зибаш бастаған келіншектердің жүрген жері той-думан емес пе,әп-сәтте-ақ қоныс тойын бастады да жіберді.Дастархан үстінде Зибаш Сәтбекке қарап:
-Дауыс беруді қашан өткізгелі жатырсың?-деп сұрады.
-Көп кешіктірмеймін,-деді Сәтбек,-дауыс беру ашық әрі айқын жүргізіледі.Ешкім ешкімнің құқығына қол сұқпайды.
-Дұрыс!-деді Зибаш.
Сол жерде дауыс беруді өткізетін комиссия сайланды.Төрайымы болып Зибаш бекітілді.
Үш-төрт күннен кейін,Зибаш бастаған келіншектер Сәтбектің үйіне келіп,дауыс беретін бөлме жабдықтап кетті-ортаға дауыс бюллетенін салатын жәшік,ал бұрышқа дауыс беруге арналған кабина жасақталды.
-Дауыс беру таңертең өткізіледі,-деді ЗибашСөйтті де әйелдер шығып кетті.
-Әрқайсысың бөлек-бөлек бөлмеде боласыңдар,-деді Сәтбек үй-ішіндегілерге қарап,-үгіт-насихат жұмыстары тоқтатылады.Сөйтті де өзі бір бөлмеге кіріп алып,түнімен дөңбекшіп шықты: "ертең дауыс беру қалай өткізіледі екен?"
Таңертең ерте тұрған Сәтбек мұнтаздай қырынып,иіссуын себініп,су жаңа көйлегін киіп,оған жарасымды галстугін байлап бола берген сәтте,ресми киінген Зибаш бастаған келіншектер сау етіп кіріп келді де,Сәтбекке салқын амандасқан күйі дауыс беретін бөлмеге қарай өте берді.
Ең алдымен дауыс беруге Сәтбектің өзі кіретін болды.Алақандай қағазда мынадай жазу бар еді: "Сіз Сәтбек Көкпекұлын ең мықты отағасы деп танисыз ба?" Сұрақтың астында "иә","жоқ" деген екі жауап берілген.Сәтбек "иә" деген жауапты белгіледі де,қағазды апарып жәшікке салды.Сонан-соң бұдан әрі дауыс беруге бақылаушы міндетін атқару үшін орындыққа отырды.
Одан кейін дауыс беретін бөлмеге барын киіп,бақанын асынған Сәтбектің әйелі найқала басып кірді.Қағазды жәшікке салып жатып,әйелі Сәтбекке жұмбақ түрде жымиып күлгені.
"Күл,күл,-деді Сәтбек ішінен ызаланып,-күйеуіңді құлатқанға күліп жатқан шығарсың? Айтбек сені қайтсін-ай,Айтбек деген бала-шағасы бар адам емес пе?"
Сәтбек әйелімен іштей ұрысып отырғанда,бөлмеге құлдыраңдап Сәтбектің ұлы кірді.
"Ұлым,-деді Сәтбек,ұлын көргенде іштей тебіреніп,-сен-менің мұрагерімсің! Сен басқа отағасы дегеннің не екенін білесің бе? Мүмкін оның мұздатқышы тамаққа толып тұратын шығар,жиһаздары да біздің үйдің жиһаздарынан қымбатырақ болар,әйтсе де,ұлым,онда сенің құқықтарың мен бостандықтарың шектелер еді".
Сәтбек осылай ұлы туралы тебіреніп отырғанда,бөлмеге қызы кірді.
"Қызым!-деді Сәтбек,қызына қарап отырып толқып.-Сен-менің сенімді серігімсің! Сен біздің отбасымыздағы әлеуметтік-экономикалық қиындықтарға төзімділік таныттың.Сонымен қатар ішкі саяси тұрақтылығымызға әр уақыт өз үлесіңді қосып келдің.Мен сені әрқашан да мақтан етемін,қызым!"
...Дауыс беру аяқталып,дауыс берудің нәтижелері айқындалып жатқан сәтте,Сәтбекке секундтар жылға созылғандай көрінді.
Бір кезде Зибаштың өзіне күлімсірей қарап: "Сәке,өз отбасыңыздың жүз пайыз сеніміне ие болдыңыз"-дегенінде,Сәтбектің жүрегі дүрсілдеп кетті.
Сәтбекті әйелі мен балалары келіп құттықтады.Сәтбек екі баласының маңдайынан кезек-кезек сүйді.
Дауыс берудің нәтижесіне қуана тұрып,Сәтбек "қайран қара шалдар-ай,сендер ешбір дауыс берусіз-ақ,мықты отағасы атанып едіңдер-ау,енді мынау ұрпағың демократиялық үрдіске сай дауыс беруге тәуелді боп жатқаны" деп бір толқып алды.
Екеуара оңаша қалғанда,Сәтбек әйеліне:
-Әйелдердің алдында құлатып жіберіп,масқарамды шығарар деп сенен қорықтым,-деді.
Сәтбектің әйелі сыңғырлай күлді:
-Неге құлатайын,Сәке-ау,кісінің көзінше абыройынды түсірген жерім болды ма? Ренжіп тұрсам да,жұрт көзінше сыр бермей,айтсам,өзіңе ғана оңашада айттым,-деді.
-Рас,рас,-деді Сәтбек әйеліне күліп қарап.
Сонан-соң "отбасымыздағы халық санын арттыруды да ұмытпайық" дегендей жарының түймесіне қол соза берді.

Ернар Елбекті көрсе,үнемі кішілік қалып танытып,амандаса кетуші еді.Бүгін де сол әдетпен "Ассалаумағалейкум,Елбек аға!"-деп үйіріле қалды.Ернардың өзі кемпір-шалдың баласы еді,оқуын бітіріп,жақында әке-шешесіне келін түсіріп берген.Елбек Ернардың сәлемін "Уағалейкумассалам"-деп алып жатып,інішектің түрінде кірбің барын байқады да:"Ау,көңіл-күйің жоқ қой"-деді.Ернар тісі ауырған адамша кіржиіп:"Қайынжұртым"-дегені."Қайынжұртыңа не болды?"
Ернар әңгімесін бастап кетті:"Өткенде қайынжұртыма барып едім,сол үйде бір қуаныш аталып өтілетін болып,әке-шешемізді үйде қалдырып,келіншегіміз екеуміз ғана барып қайтқанбыз.Есіктен ене бергенде-ақ әлгілер:"Күйеубала келе жатыр,күйеубала келе жатыр"-дегені.Сол-ақ екен,қаным басыма шапты:"Бұлар мені неге кемітеді,қыздарына күйеу екенім рас,бірақ бала деп қорлауына жол болсын?" Дастархан басында да қабағым кіржиіп отырды,менің көңіл-күйім болмаған сон,келіншегімнің де көңіл-күйі болмай отырды.Үйге келгеннен кейін "Құдалардың үйі аман ба екен?"-деген әкемнің сұрағына дүңк ете қалдым.Сол-ақ екен әкем әңкілдеп қоя берсін:"Құдалардың о неғылғаны,менің дап-дардай ұлымды бала деп кеміткені несі,құдалар жөн білетін адам сияқты еді ғой".
Келіншегім сыңсып қоя берді,нәзік саусақтарымен жүзін көлегейлеп,орамалының ұшын тістелеп отырып жылағанының өзі сондай әдемі еді:"Олар сөйтеді,өткенде барғанда да сөйткен,әдейі істейді,Ернарды кеміткен түрлері."Ойбай,бәленшенің ұлына бар,ішкенің алдыңда,ішпегенің артыңда болады" деген тілдерін алмаған соң,ақыры амалсыздан баталарын беріп еді,сол айтқан жігіттерінің өзі нағыз бала,көлігін күнде әр жерге соғып жүргені,ал біздің Ернар машинаны қалай жүргізеді десеңші".
Шешем тіпті дауыс салып қоя берді:"Жалғызыым,тар құрсағымды кеңіткен,тас емшегімді жібіткен,құдалардың ол не қылғаны,дап-дардай ұлымды бала деп кеміткені несі?" Көңілсіздігімнің сыры осы еді,аға".
Елбектің де әділет десе бір иығын беріп тұратын әдеті ғой,бұл жолы да талағы тарс кетті:"Не деген адамдар сенің қайынжұртың,ойпырм-ай,өмірде де неше түрлі адамдар бола береді екен-ау,сұмдық қой мыналары,қай жерің бала сенің?" "Соны айтам"-деді Ернар.
Елбек осыдан кейін Ернарды көрмей кетіп еді,Ернар сәбилі болды деп естіген,жақында Ернарды тағы да көрді,бірақ Ернардың өңі бір түрлі сынық еді.
"Ау,сен өзің әке болған жігітке ұқсамайсың ғой,-деді Елбек күліп,-әке болған жігіттің қабағы былай ашық жүрмеуші ме еді,ал сенікі не көңілсіздік?" "Қайынжұртым"-деді Ернар тағы да кіржиіп."Қайынжұртыңа не болды,айтпақшы бардың ба одан кейін қайынжұртыңа?" "Өткенде сәбиімді көтеріп,келіншегімді ертіп барып қайтқанмын,-деді Ернар әңгімесін бастап,-ұлым нағашыларына сәлем беріп қайтсын дегеннен басқа ойымда түк жоқ еді,есіктен ене бергенде-ақ әлгілердің "Күйеубала келе жатыр,күйеубала келе жатыр"-дегені,сол сол-ақ екен қаным тағы да басыма шапты:"ойбай-ау,мыналар мені бала санауын әлi қоймаған ба?" Дастархан басында да көңіл-күйім болмай отырды,менің көңіл-күйім болмаған сон,келіншегімнің де көңіл-күйі болған жоқ,әлгілердің ұлыма "кіди-кіди,біди-біди" дегені де шаншудай қадалып отырды,қай бір жақсы көргеннен айтып жатыр дейсің,әшейін әртістіктері де,болмаса әкесіне іштері жылымай отырып,одан туған ұлды жақсы көре қойсын ба? Әлгілер түк білмегендей:"Күйеудің қабағы осы үйге келсе,бір жазылмайды,әйтеуір"-деп тағы да сөзбен шымшылайтынын қайтерсің?" "Ойпырм-ай,солай дей ме,-деді Елбек,-өздері не деген мүттәйім адамдар десеңші,қой,қанша адамды көрсем де,дәл сенің қайынжұртыңдай адам көргенім жоқ,болмаса әке болып тұрған адамның қай жері бала?" "Соны айтам"-деді Ернар.
"Білдей бір мекеменің бас күзетшісі болып жүргені болмаса,ағаң баяғыда қазақ тілі факультетін бітірген,шырақ,-деді Елбек әңгімесін жалғастырып.-Сол кезде бізге өңкей кәсіби тергеушілер мен криминалист-мамандар келіп дәріс оқып кетуші еді.Сонда солар айтатын:"Криминалистикада суық қару деп пышақ тағы басқа сияқты заттарды айтып жатады,ал нағыз суық қару адамның ауыз қуысында орналасқан,сол арқылы жүрекке әр түрлі дәрежеде дене жарақатын салуға болады.Пышақтан,тіпті мылтық оғынан болған дене жарақаты кейде сәтін салса жазылып та кетіп жатады,ал жүрекке түскен жараның жазыла қоюы екіталай,еске түссе соғыс ардагерінің ескі жарасы құсап сыздайды да тұрады,сондықтан да алдағы міндеттердің бірі-осы ауыз қуысындағы суық қарудың есебі алыну керек,одан атылатын әрбір оқтың есебі болу керек".
Мына сенің қайынжұртың сені әрбір барған сайын жарақаттап жіберіп отыр және өздері түк білмегендей жазықсыз адамның кейпін танытып отыр". "Дұрыс айтасыз"-деді Ернар.
Елбек содан кейін Ернарды көрмей кетіп еді,өткенде автобуста өзіне қазақ тілінен дәріс оқыған қарт профессорды кездестіре кеткені.
"Өй,бала,қалай?"-деді профессор мұны көргеніне қуанғандай түр танытып.Ұстазының мына сөзіне Елбек шырт ете қалды:"Осы сіздер әдейі істейсіздер ме?" "Ау,не боп қалды?" Профессордың әшкиінің аржағынан көздері бағжаң етті.Елбек ұстазының жанына отыра беріп,Ернардың оқиғасын айтып берді.Сол сол-ақ екен профессорды күлкі қыссын.Селкілдеп күліп отыр,күліп отыр.Елбектің жыны келді.Бұл баяғыда есімдік пен етістікті ажырата алмай отырғанда да осылай бір күлуші еді.Онда Елбек те қосыла күлетiн.Профессор бір төртін қойып бере ме деген дәмесі болатын,сөйткен ұстазы Елбекке ілмиген үшті әзер қойып шығарып салушы еді.Елбек күңкілдеп бара жатады:"Сонша күлген еңбегіме...Осы заманда өзіне өзі күлетін адам тауып ала қойсын".
Енді Елбектің есегі судан өткен,сондықтан ұстазына даусын көтере сөйледі:"Ау,сонша күлгеніңізге жол болсын? Мен сізге күлетіндей бірдеңе айттым ба? Бұл дегеніңіз біле білсеңіз,жас жігіттің тағдыры емес пе,тіпті бір отбасының тағдыры"-деді профессорға жақтырмай қарап.Профессор беторамалын алып көзілдірігін сүрткіштеді,сонан-соң жасаураған жанарын сүртті,өзі әлі күліп отыр.Сөйтіп отырып Елбекке:"Ау,оның несі бар екен,-деді,-күйеубала деген сөздің несі жаман? Қайта біле білсең сен де бір баламызсың дегені емес пе,тойда осы үлкендер де айтып жатпаушы ма еді:"бір баламыз екеу болды"-деп.
"Өзім де солай ойлағам".Елбек автобустан түсуге асықты.Сол бойда алып-ұшып Ернардың үйіне келді.Шал насыбай атып отыр екен.
"Ақсақал,шақшаны бері тастаңыз".Елбек ерінге насыбайды тастап алып,күйеубала сөзінің мәнісін түсіндірді."Шолай ма екен?"-деді шал."Шолай екен"-деді Елбек.
"А,солай ма екен,-деді кемпір,-жақсы көріп айтқандағысы ма екен".
Ернар ұшып түрегелді:"Баланы киіндір,кеттік!" "Қайда?"-деген сұраққа:"Қайынжұртыма барып қайтам".
Сыртқа шығып көлікты ыңғайластыра бастаған ұлы мен келінінің артынан шал қалбалақтап ере шықты:"Әй,ана құда-құдағиға деген сәлем-сауқатты ұмытып кетпеңдер,құда-құдағиға деген сәлемдемені ұмыт қалдырып жүрмеңдер".Сонан-соң келініне қарап:"Анада құдаша қалаға келіп тұрып соқпай кетіпті,о несi-ай,несіне ұялады,бұл да бір үйі емес пе,енді келсе,айт,соқпай кетіп жүрмесін,атам ренжиді де". "Я,я,айтам,айтам"-деп келін мәз.
Елбек жүргелі тұрған Ернарға келіп:"Абайлап жүр"-деп өзінше ақыл айтты.Ернар көзін қысты:"Рульге бірінші рет отырып жатқам жоқ қой".
"Күйеу-бала"-деді Елбек нықтап тұрып.Ернар басын изеді,жымиды.

Ғабиден ҚОЖАХМЕТ