Әзіл әңгіме
Дос қыз
(әзіл әңгіме)
Экономика факультетінің үшінші курс студенті Дәурен Дәукенұлы өзін қыздардың досы әрі жанашыры ретінде санаушы еді.
Бірде жас мырза Дәурен Дәукенұлына қасы-көзі қиылған бір бойжеткеннің "досым болшы" деп жабыса кеткені.
-Достық-ұлы күш,-деді Дәурен Дәукенұлы,-достық-махаббаттан да киелі сезім,ол-адамдарды әрдайым да асқаралы биіктерге жетелей бермек.
Мына сөздерден кейін,бойжеткеннің әдемі көздеріндегі шыпта кірпіктерінде мөлдіреген қос тамшы ілініп тұрды.
-Қандай тамаша!-деді ол.-Ер балалардан досың болғаны сондай керемет қой! Сен бұған лайықсын!
Дәурен Дәукенұлы осынау лайықты орынға сай өзін лайықты ұстамаққа тырысты.
Уағдаласқан мезгілде екі дос бақ ішінде әңгіме-дүкен құрып отырған еді.
Кенет қыз күтпеген жерден:
-Менің жігітім қайтыс болды ғой,-деді.
-Ол жас па еді?-деп сұрады Дәурен Дәукенұлы аузына басқа сөз түспей.
-Жап-жас болатын,-деді қыз қамығып,-тіпті қыршын десе де болады,-біз үйленгелі жүрген ек.
-Өзгенің қайғысын бөлісу-адамгершілік іс,-деді Дәурен Дәукенұлы,-сондықтан да мені бұл тұрғыдан алғанда сенімді серік деп біл.
-Рахмет,-деді қыз,-сендей досымның болғанын мақтаныш етемін!
Бұдан соң Дәурен Дәукенұлы қызға жүрек қайғысын жеңілдетерлік жылы-жылы сөздер айтты.Сөзінің аяғын "Өлгеннің артынан өлмек жоқ" деп бітірді,бұдан соң "Тірі адам тірлігін істейді" дегенді де қосып қойды.
-Екеуміздің танысуымыздың өзі қызық болып еді,-деп бастады қыз әңгімесін,-мұндай таныстық бұған дейін болмаған,бұдан кейін де болмайтын шығар.Бірде телефоным қоңыраулатып қоя бергенде,мен тіпті де мән бермеген ем ғой...
Қыз әңгімесін аяқтағанда,жігіттің сағатының тілі түнгі үшті саусағымен нұсқап көрсетіп тұрды.
Екінші күні де екеуі бақ арасында отырды.
-Оның көздері сондай бір тұнжыраңқы әрі ерекше болатын...
Дәурен Дәукенұлы әуелде "кімнің көздері?" деп сұрап қала жаздады,сосын барып кеше қыздың "жігітім қайтыс болды" деп айтқанын есіне алды да,әңгіме тағы да сол жігіт туралы екенін ұқты.
-Ол кейде сол аялы жанарымен маған ұзақ-ұзақ қарап отырушы еді.Мүмкін оның жанарына менің сұлулығым сіңіп қалған болар,сен қалай ойлайсың?
-Мүмкін,-деді жігіт.
-Оның көздерінің ерекше әдемі болғандығы соншалық,кейде өлуіне көрініп тұрған шығар деп ойлаймын.
-Олай емес шығар,-деді жігіт,-егер көздері әдемі жігіттердің бәрі өле берсе,мына дүниеде тек...иә,кімдер өмір сүрер еді?
-Білмеймін,-деді қыз мұңайып,-ол бірде маған солай ұзақ тесіліп қарап отырды да,кенеттен былай деген еді...
Қыз әңгімесін аяқтағанда,жігіттің сағатының тілі түнгі үштің маңайында секектеп жүр еді.
Үшінші күні екеуі бақ арасында тағы да кездесті.
-Сөздері сондай ерекше болатын...
Дәурен Дәукенұлы әуелде қызға "кімді айтып отырсың?" дегендей аңырып қарап отырды да,әңгіменің қыздың қайтыс болған жігіті туралы екенін ұқты.
-Оның әрбір сөзінен мейірім мен жылылық сезілетін,-деді қыз.-Бейне бір әдемі әлдиге бөленгендей күй кешетінмін.Бірде ол менің телефоныма қоңырау шалып тұрып не дегенін білесің бе?...
Қыз әңгімесін аяқтағанда,Дәурен Дәукенұлының сағатының тілі түнгі үштің маңайында қалғып-мүлгіп отырған еді.
Төртінші күні қыз бен жігіт бақ арасында тағы да кездескенде,жас мырза Дәурен Дәукенұлы әңгімені көтеріңкі дауыспен өзі бастап кетпек болды:
-Бірде Қожанасыр әпендi...
-Ол сондай ақылды еді,құдай-ау,жап-жас болып ақылды болатын,әлде өлуіне көрініп тұрды ма екен?
Көңілді жігітіміздің Қожа Насреддин әпендi жайлы айтпақ әзілі жайына қалып,Қожекең есегіне мініп алып бақ ішінен тайып тұрды.
-Олай емес шығар,-деді жігіт қыздың сөзіне,-егер ақылды жігіттердің бәрі өле берсе,жер бетінде...иә,иә,тек есалаңдар ғана өмір сүрмес пе еді?
-Білмеймін,-деді қыз мұңайып,-оның ақылдылығына талай мәрте таңданған сәттерім болып еді.Бірде екеуміз қатар отырғанда,ол маған мынадай бір әңгіме айтып берген болатын...
Қыз әңгімесін аяқтағанда,құрметті мырзамыз Дәурен Дәукенұлының сағатының тілі түнгі үштің терезесін қағып тұр еді.
Бесінші күні екеуі тағы да бақ арасында отырды.
-Осы күн неге шығыстан шығып,батысқа барып батады екен,ал ай неге аспанда жалғыз болады да,жұлдыздар неге көп болады?
"Құдайым-ай,сандырақтай бастаған шығармын,не айтып кеттім?"-деді жігіт.
Бірақ қыз оның сөзіне мән де берген жоқ.
-Адам жаны мәңгілік,өлмейді дейді ғой,сол рас па екен?-деп сұрады қыз.
-Солай дейді,-деді жігіт.
Қыз алдындағы ағаштың ұшар басына көз салды да:
-Қалай ойлайсың,менің де жігітімнің мәңгілік рухы осы ағаш басынан бізге көз тастап тұрған болар?-деді.
Жігіттің мына сөзден кейін,зәресі ұшып кетті.Ағаш басынан әлдебір жігіттің рухы бұған көз тастап:
-Әй,жарбиып менің қызымның қасында неғып отырсың?-деп тұрғандай көрінді.
-Ол бірде маған мәңгілік өмірдің ақиқат екендігі туралы айтып берген болатын...
Қыз әңгімесін аяқтағанда,жігіттің сағатының тілі түнгі үштің маңайында сұлап жатты.
Алтыншы күні екеуі тағы да бақ арасында отырды.
-Оның бірде маған не айтқанын білесің бе?...
Осы жерде біздің жас мырзамыз Дәурен Дәукенұлының қылығы ұят болды.Ол орнынан атып тұрып,қызды тастап қаша жөнелді.
-Дәурен,Дәурен,қайда барасың? Қайда кеттің?
Бірақ екі құлағын тарс қылып бітеп алған жігіт бұл дауысты естіген де жоқ.
Жетінші күні Дәурен Дәукенұлы өзінің дос жігітін көріп тұрып:
-Ең дұрысы қыздармен достаспай-ақ қой,бауырым,-деді де өте берді.
Ал дос жігіті оның не үшін бұлай дегеніне түсінбеген қалпы артынан аңырып қарап қалды.
Ғабиден ҚОЖАХМЕТ
-Агент-шексіз бауырмалдылық пен сыйластықтың,кіршіксіз махаббат пен ұлы достықтың ортасы еді.Мұнда,әсіресе,адамдардың бір-біріне деген риясыз сенімі кім-кімді болса да таң қалдырмай қоймайтын.Егер әлдекімнің досы ауырып қалса,ол оған үйіріле кетіп былай дейді:
-Құдайым-ау,сіз сырқаттанып қалғансыз ба,мүмкін сізге дәрі-дәрмек керек шығар?
-Қойыңыз,-дейді досы,-қазір сағаттың қанша екенін білесіз бе,М-Агенттің сағаты Астана уақытымен түнгі сағат екіні көрсетіп тұр емес пе?
-Мына сөзіңіз аппақ көңіліме қара сияның құйттай тамшысын шашқандай әсер етті-ау,сіз шынымен де ұлы достық үшін әлдебір уақыт пен мезгілдің кедергі бола алмайтынын қалай ғана түсінбейсіз,қане,айтыңыз мекен-жайыңызды,мен сізге дәрі-дәрмек апарып бере қояйын.
-Құдайым-ау,қинадыңыз ғой,-дейді ауырып жатқан досы ыңырси сөйлеп,-сіз өзі менің қандай ауданда тұратынымды білесіз бе,бұл дегеніңіз қылмыстық аудан ғой,мұнда түн баласы баскесерлер мен қарақшылар өріп жүреді емес пе,ал сіздің бас амандығыңыз өз денсаулығымнан да қымбат екенін қалай ғана ұққыңыз келмейді.
-Мына сөзіңізден кейін жәбірленгендей күй кештім,сіз шынымен ұлы достықтың күші тұтас бір мемлекеттің әуедегі,құрғақтағы,судағы қарулы күштерін қоса есептегеннен де артық түсетінін білмегеніңіз бе,қайдағы баскесерлер мен қарақшылар туралы айтып кеттіңіз,қане айтыңыз мекен-жайыңызды,мен сізге тез арада дәрі-дәрмек жеткізе қояйын.
Шынында да әлгі адамның дәрі-дәрмегін құшақтап,досына баратындығы қызық жағдай еді.
-Құдай-ау,түріңіз не боп кеткен,көзіңіз шүңірейіп қапты ғой,қашаннан бері ауырдыңыз өзі?
-Кеше кештен бері басым көтертпей-дейді досы әлсіз сөйлеп.
-Сол бойда неге айтпадыңыз,мен сізге дәрі-дәрмек әкеле қоятын едім ғой.
-Сіз маған осыдан бір сағат бұрын ғана достық жібердіңіз емес пе?
-Ах,солай екен-ау,сіз дәріні ішіп алыңызшы,мен шай қояйын,газдың ас бөлмеде орналасқанын болжап біліп тұрған сияқтымын.
-Сұңғылалығыңызға тәнтімін,досым,расында да газымыз ас бөлмеде орналасқан еді,айтпақшы сізге баскесерлер мен қарақшылар зиянын тигізбеді ме?
-Қайдағы? Олар лөкет пышақтарын жерге қарш-қарш қадаған күйі ұлы достықтың алдында дәрменсіздік танытып,намаз оқыған адамдай тізерлеген қалпы еңкілдеп жылап отырып былай деді емес пе:"Құдай,ау,адамдардың бәрі осындай мейрімді болса,біз сияқты жандар өмірде болмас еді ғой,қатігездікті қатігездік тудыратынын олар қашан ұғар екен?"
М-Агент жайлы бір жаңа үйленген жас жігіттің айтқаны қызық еді.Олар пәтерден пәтерге көшіп жүреді."Дәл желтоқсанның он алтысы күні болатын,-деп еске алады жігіт,-біз тағы да пәтер іздеуге шықтық,қар аралас жаңбыр жауып тұрды,қары көп пе,жаңбыры көп пе,санап жатуға мұрша болмады".
Кенет жігіттің келіншегі қолым тоңды деп ыңырси бастайды.
-Маған не қыл дейсін енді,-дейді жігіт,-мен сенің қолдарыңды аялап жылытып отыра алмаймын ғой,екі қолымда да жүк бар емес пе,қолдарыңды қалтаңа сал.
-Қалай салам,-дейді келіншек,-менің де екі қолымда жүк бар емес пе,симайды ғой.
Сөйтіп келе жатырып келіншек:"Құдай-ай,неге баспанасы бар жігітке тұрмыс құрмадым екен?"-деп қалыпты.Сол-ақ екен,жігіт бұрқан-тарқан ашуланады:
-Осы ма сүйем дегенің,алғашқы суыққа шыдас бермей жатқан сенің махаббатың қандай махаббат,борандар мен дауылдарда не болар екенсің әлі?
-Кешірші,жаным,-дейді келіншек өзінің артық кеткенін түсініп,-аузымнан байқаусызда шығып кетті,сені сүйемін,жаным!
-Жарайды,-дейді жігіт те жұмсарып,-сәл шыда,мүмкін мына көшені айналып өтсек,арзан әрі қолайлы пәтерге де кезігіп қалармыз.
Дәл сол сәтте олардың алдынан таныстары шыға келеді,мән-жайға қаныққан таныстары ерлі-зайыптылардан:
-Ал сендер М-Агентке кірдіңдер ме?-деп сұрапты.
-Жоқ,-дейді ерлі-зайыптылар таңданып,-онда бізді кіргізе ме?
-Әрине,кіргізеді,қане телефондарыңды шығарыңдар.Таныстары оларды қолма-қол М-Агентке кіргізіп жібереді.
"Сол күн мәңгі есімнен кетер емес,-деп еске алады жігіт,-біз келіншегіміз екеуміз іркес-тіркес күйде М-Агенттің босағасынан аттап тұрдық".
Олардың көз алдына бірінші М-Агенттің айнадай жарқыраған едені мен ұзын-ұзын дәліздері және құшақ жетпес жуан да сәнді бағаналары,мәрмәр баспалдақтары мен қымбат шынылы шамдалдары көзге түседі.Қауырсын гүлдер жасанды иіс шығарып,ақырын тербеледі,аулақта әлдекімнің гитараға қосылып салған махаббат романсы естіледі,ал М-Агенттің шатырындағы аппақ көгершіндер қанаттарын дүр-дүр қағып әуеге көтеріліп,қайта қонуда.Ұзын дәліздің бір жағында жағалай сымға қонған қарлығаштай болып ХХI ғасырдың қыздары жайғасқан.Ал дәліздің екінші бетінде қыздарға қарама-қарсы орналасқан ашпалы терезелерден мұртты серілер оларға үздіге көз салады.Бірақ қыздар серілерге назар да аудармастан әскердегі жігіттеріне хат жазуда.
Кенет ерлі-зайыптылар ханша көйлектері желбіреп,мәрмәр баспалдақпен ақырын түсіп келе жатырған ХХ ғасырдың қыздарын көреді.ХХ ғасырдың қыздары мұртты серілерге сәл-пәл ілтипат танытып,бас изегендей болды.Сөйтті де ХХI ғасырдың қыздарына қарап:
-Қане,жылжыңдар,жылжыңдар бұл арадан!-деді.ХХI ғасыр қыздарының ерні лезде шүртие қалды:
-Сіздерге не бар бұл жерде,тіпті кейбіреулеріңіздің күйеулеріңіз бар ғой.
ХХ ғасырдың қыздары мұртты серілерге қарап,тағы да бастарын сәл-пәл иіп,жымиғандай түр танытты,сонан-соң ХХI ғасыр қыздарына бұрыла беріп,әлгіндегіден де ызғарлы дауыспен:
-Жылжыңдар деген соң жылжыңдар,әйтпесе әскердегі жігіттеріңе мұнда кіммен кездесіп жүргендеріңді айтып қоямыз-деді.
"Түкке тұрғысыз нәрсе,-деді ХХI ғасырдың қыздары заттарын жинастырып жатып,-сөз етуге тұрмайды,болымсыз,ұсақ-түйекке мән бересіздер,өзеріңіздей көресіздер ме,екі жыл бойы үйден шықпай отырған".
"Ақымақ болыппыз сонда,-деді ХХ ғасырдың қыздары босаған орынға жайғасып жатып,-махаббат сезімі тар құрсауда өз бостандығы мен тәуелсіздігін аңсап жатыпты".
ХХ ғасырдың қыздары отырып жатып,сөмкелерін ашты да,оның ішінен "періште","періште" деген жазуы бар тақтайшаларды алып,алдарына орналастырып қойды.
Осының бәріне таңдана қарап,босағада тұрған ерлі-зайыптыларға кенет алыстағы қожайындардан хат келді: "М-Агентке хош келдіңіздер,төрге шығыңыздар!"
Мына хатты оқығанда,ерлі-зайыптылардың жанарлары жасаурап кетті,олар хатты бауырына басқан күйі иектері дірілдеп тұрып,былай деп сұрапты:
-Мұнда свет тегін бе? -Әрине,тегін-деп жауап береді оларға.
-Ал жылуше?
-Жылу да қалыпты.
-Мұнда пәтерақы алмай ма?
-Қайдағы пәтерақы?-деп күледі М-Агенттегiлер.-Мұнда бәрі су тегін ғой.
Жігіт келіншегіне қарап сыбырлайды:"Жаным,махаббат үшін ең қатерлісі қыс айы ма деп қалдымКөктемге дейін осында қыстап шығайық,ал көктем туа көгалға шатыр тіксек те,бірдеңе етерміз".
Бірақ жігіт қателескен еді.Махаббат үшін ең қатерлісі көктем болды.Көктемде Махаббат-Ару ұйқысынан оянып,әдемі кірпіктерін дір-дір еткізіп қаққанда,жігіттің келіншегі М-Агенттегі бір серіге ғашық болып қалыпты.
"Мен бұған қалыпты құбылыс деп қарадым,-дейді жігіт,-себебі мұнда әлдебір моральдық тар өлшемдер жайлы айтып жатудың өзі ұят еді".
Ал келіншектің өзі былай дейді: "Мен өз күйеуімнің бойынан қиялымдағы жігіттің оннан бір қасиетін тауып тұрмысқа шыққан едім,ал мұнда оннан үш".
Оған тілектестік білдіреді."Ең бастысы-ізденіс.Осылай-осылай іздене берсең,әлі-ақ елу,алпыс,жетпіс пайыздық өлшемдерді бағындыруға да қол жеткізерсің".
Көп ұзамай жігіттің өзі де бір аруға ғашық боп қалыпты."Баспалдақ бойымен түсіп келе жатырған қызды көргенде,оның өзім іздеген жан екенін ұқтым"-деп еске алады жігіт.Ол қыздың алдына барып тәжім еткен күйі былай дейді:
-О,періште аруым,қайталанбас сұлулығыңның алдында бас июге әзірмін.Сенің аппақ келбетің мен нәзік жан-дүниең кез-келген адам жанын тебірентпей тұра алмас.Сенің шиедей еріндерің мен қарақаттай көздерің...
-Қоя сал,-деді қыз оған осы уақытта,-тасташы сондай сөздерді,не ғой одан да,университет бітіргенсің бе,соны айтшы?
-Я,-дейді жігіт тіктеле беріп.
-Міне бұл бөлек әңгіме,-дейді қыз,-ал қызмет қайда?
-Тұрақты емес-дейді жігіт.
-Оқа емес,-депті қыз,-менің ағаларым сені жақсы қызметке тұрғыза алады.Қабыршақ-сот болып iстейдi,ал Қараз -прокурор,Дараз-ішкі істер органының бастығы,Алшыораз-қаржы полициясында,Қарымсақ-"Алдасат" фирмасын басқарады,Сарымсақ-әкімнің орынбасары.
Мынаны естігенде жігіттің тілі байланып қалыпты."Мына үйге бір жекеменшік түрме ғана жетпей тұр екен,-деп ойлапты жігіт,-ал түрме болса,оған отыратын да біреу керек шығар".
-Менің есімім Қыз-Назым,-дейді бойжеткен,-жай Назым деп атай бер,қыз дегенді айтпай-ақ қой,айтпақшы пәтерің бар ма?
-Өзім тұрақты жұмысқа орналаспай жүргесін,әдейі тұрақты пәтер алмай жүрмін.
-Әзілді жақсы айтады екенсің,-депті қыз,-жалпы әзілқой жігіттерді жақсы көрем,ең бастысы сымбатты екенсің,міне,бұл-үлкен байлық,ал пәтер жағынан қам жемей-ақ қой,бір басымда төрт бірдей жылжымайтын мүлік бар,жылдың төрт мезгіліне орайластырып салынған,қазір көктеуге барамыз,ал тойды жайлауға шыққан соң жасаймыз,айтпақшы ескертіп қояйын,маған нағыз жігіт керек,нағыз еркек,міне мені былай ұстау керек,-қыз нәзік саусақтарын бүгіп жұдырығын түйді,-түсінікті ме?
"Бетпақдалада қырық жылдан бері жүген-құрық тимей жүрген шу асауды бағындыр десе,келісер едім-ау,-деп ойлапты жігіт,-мейлі енді көре жатармыз".
"Қайткенде де мен келесі мерекеде теледидар алдында отырып,тәуелсіздіктің бүгінгі қаһармандары жайлы хабарлар көріп отыратын шығармын,бұл не десе де қар мен жаңбырдың астында жүргеннен жақсы ғой".Жігіт ішінен осылай ойлапты.
"Мен де,жолдасым да өз бақытымызды М-Агенттен таптық,-дейді жігіт,-сосын сол көктемде екеуміз де М-Агенттің есігін ақырын жауып,шығып кеттік".
Иә,қандай да бір ертегінің соңы жақсылықпен аяқталатындығы ақиқат.
Достарыңыз көбейсін!
Ғабиден ҚОЖАХМЕТ
Дәрігерге бір адам келді де,былай деді:
-Кешіріңіз,дәрігер мырза,аздап сырқаттанып тұрған сияқтымын.
Дәрігер әлгі адамды қарап шықты да:
-Дерт бауырда,-деді.-Бауырды алып тастау керек.
Әлгі адам шошып кетті:
-Ойбай,дәрігер мырза,бауырды алып тастаған соң,мен қалай өмір сүрмекпін?
Бұл сөзге дәрігердің ішек-сілесі қатып күлді:
-Сүргенде қандай! Бұл заманда бауырдың қажеті не? Қазіргі заман,айналайын,біреудің біреуге бауыры бітіп,елжіреп отыратын заман емес,қазір адамдар бауырды басы артық жүк қылып,босқа ұстап жүр.Қайта дыңылап жүріп,жүз жасайтыныңызға мен кепіл.Қане,көйлегіңізді көтере қойыңыз!
Дәрігер әлгі адамды әп-сәтте бауырсыз қалдырды да,былай деп сұрады:
-Өзіңізді қалай сезініп тұрсыз?
-Бойым жеңілдеп қалған сияқты.
-Айттым ғой,жеңілдеп қалады деп.Ал,ауырмаңыз,жүз жасаңыз!
Арада ұзақ уақыт өтті.Бір күні әлгі адам дәрігерге тағы келді:
-Аздаған дерт бар сияқты ма қалай?
Дәрігер науқасты қарап жіберді де:
-Кінәрат өкпеде,-деді,-өкпені алып тастау керек.
-Ойбай,дәрігер,сосын мен өміс сүре алам ба?-деді әлгі адам.
Дәрігер бұл сөзге ішек-сілесі қатып күлді:
-Сүргенде қандай! Қазір намыс жоқ заман ғой,айналайын.
-Намыстың бұған не қатысы бар,-деді әлгі кісі.
-Қазір намысыңа біреу тиіп жатса да,өкпелеп,ренжіп отыратын заман емес,-деді дәрігер әлгі адамға.-Ең бастысы ісіңіз ілгерілей берсін де.Ал,өкпелеп,ренжіп отырсаңыз,тіршілігіңіз жүрмейді.Сондықтан намысыңызды біреу таптап жатса да,түк болмағандай қарқ-қарқ күліңіз де,жүре беріңіз.Қане,көйлегіңізді шеше қойыңыз!
Дәрігер шаруасын бітірді де,науқасқа қарап:
-Ал,шырағым,дыңылап күлкіңізді күліп жүріңіз де,жүз жасай ғойыңыз,-деп шығарып салды.
Арада біраз уақыт өткенде,әлгі кісі дәрігерге тағы да келді:
-Сырқаттанайын деп тұрмын-ау осы?
Дәрігер науқасты қарап шықты да:
-Жүректі алып тастау керек,-деді.
Науқас шошып кетті:
-Дәрігер мырза,жүрегімді алып тастасаңыз,қалай өмір сүрмекпін?-деді.
Науқастың сөзіне дәрігер ішек-сілесі қатқанша күлді:
-Жүректің қажеті не,қазір біреуді сүйіп,біреуге ғашық болатын заман ба? Қарақан басыңыздың қамын ойлайтын заман,шырағым.Ешкім де біреу үшін өмір сүргісі келмейді,әрі сол кезде өмір сүру де жеңіл бола түспек,жүрек деген қазіргі адамдар үшін басы артық жүкке айналған.
Сөйтті де дәрігер науқасты жүрексіз қалдырып тұрып:
-Өзіңізді қалай сезініп тұрсыз?-деп сұрады.
-Тамаша!-деді науқас.Бойым жеңілдеп қалған сияқты.
-Айттым ғой,жеңілдеп қалады деп.Егер ішіңіз басыңыздан асып,ғашық болғыңыз келіп бара жатса,тіліңіз сау-сайрай беріңіз,саусақтарыңыз аман-қаласаңыз,смс жазыңыз.
Осыдан кейін біраз уақыт өткен еді.Бір күні әлгі адам дәрігерге тағы келді:
-Жеңіл-желпі сырқат бар секілді ме қалай?
Дәрігер науқасты қарап жіберді де былай деді:
-Қайдағы жеңіл-желпі,шырағым-ау! Өңеш пен қарын қоса сырқатқа шалдыққан.
Сөйтті де дәрігер үстел бетін саусақтарымен шерткілеп,ойланып отырып қалды.
-Қорқытпаңызшы,дәрігер мырза,-деді науқас.Бұрын тез-ақ қарап жіберіп,емдей салушы едіңіз ғой.
Дәрігер науқасқа бажырая қарады да:
-Есіңіз дұрыс па,шырағым,-деді-Бұл заманда,біле-білсеңіз,өңеш пен қарын-ең басты мүше.Сондықтан да жақсылап емделуіңіз керек.
Сөйтті де дәрігер алдындағы қағаздарды толтыруға кірісті.