Еңбек бөлінісі

Еңбек бөлінісі – еңбек қызметі түрлерінің ара жігін ажырату. Еңбек бөлінісі еңбекті ұйымдастыру жүйесінде қалыптасады. Өндірістің тиімділігін арттырудың тұрақты қолданыстағы факторы болып табылады. Негізгі 3 түрге бөлінеді:

жалпы қоғамдық өндіріс ауқымында қалыптасатын жалпы еңбек бөлінісі;
түрлі салалар мен өндірістер арасында орын алатын жеке еңбек бөлінісі;
жекелеген кәсіпорындар мен бірлестіктер, қызметкерлер арасында орын алатын жеке-дара еңбек бөлінісі
Сонымен қатар аумақтық, халықаралық еңбек бөлінісі де болады. Кәсіпорындарда:

қызметкерлердің өндірістік-шаруашылық қызметтерге қатысуына, орындалатын міндеттердің сипатына, өндірістік үдеріске қатысуына қарай атқарымдық еңбек бөлінісі;
еңбек үдерісінің технологиялық жағынан бір текті жұмыс түрлері бойынша саралануына негізделген технологиялық еңбек бөлінісі;
қызметкерлерді кәсібі (мамандығы) және біліктілік деңгейі (разрядтар, санаттар) бойынша бөлетін кәсіптік-біліктілік еңбек бөлінісі.

Саяси экономияның негізін қалаушылардың бірі Адам Смит «Халықтар байлығы» (1776 ж.) атты еңбегінде, тұрмыстық жағдайдың еңбектің бөлінісімен байланысты болатынына көз жеткізіп, мынадай ой айтады: егер әр адам өздерінің жұмыс орындарында әртүрлі еңбек операцияларын орындауға толық маманданса, онда еңбек өнімділігі көтеріліп, оның бөлінісі тиімді түрде жүзеге асады, ал еңбектің бөлінісі дұрыс болуы үшін барлық өндіріс факторлары мен дайын өнім өзара байланыста болуы шарт.

Осы логиканы ұстанатын болсақ, онда еңбек бөлінісінің «тереңдеуі» алға қойылған өндірістік мақсатқа, оған жеткізу үшін қолданылатын материалдық құрал-жабдықтарға байланысты. Басқаша айтқанда, қоғамның өндіргіш күштерінің дамуы пайдалы еңбектің бөлінісіне тікелей байланысты.

Бір топ (Вильям Петти, Адам Смит, Давид Рикардо, Джон Мейнард Кейнс, Милтон Фридман) ғалымдар еңбектің өндіргіш күшінің дамуының, жетістігінің және ептілік пен зеректілігінің белгілі бір бағытта болуының өзі оның бөлінісінің нәтижесінде көрінеді деген түйін жасайды.

«Неміс идеологиясы» атты еңбегінде К.Маркс және Ф.Энгельс осы байланысқа анықтама бере отырып, ұлттың өндіргіш күштерінің даму деңгейінің көрнектілігін ондағы еңбектің бөлінісі дәрежесінен білуге болады деп көрсетеді. Осы тұжырымға қоса олар еңбек бөлінісі үрдісінің қоғамдық, салалық және аумақтық астарларын да ғылыми тұрғыдан зерделеген болатын. Сонымен қатар, кез келген қоғамдық-экономикалық жүйенің тауарлы шаруашылық жағдайында қоғамдық еңбек жиынтығы жекелеген іс-әрекет және оның қосалқы түрлеріне, сфераларға бөлінетіні туралы да алғашқы дәлелдемелерді ғылыми еңбектерінде келтірген.

К. Маркстың пікірінше, еңбектің аумақтық бөлінісі аудандардың нақты өндіріс салаларына мамандануы болса, аймақтанушы Н.Н. Баранскийдің ұстанымында ол жалпы, жеке және бірыңғай еңбек бөлінісі түрлерінің кеңістіктегі өзарабайланысы. Ал, профессор И.С.Судеревский еңбектің аумақтық бөлінісі оның тек жалпы және жеке даму үрдісін көрсететін аумақтық астары десе, П.М.Алампиев, В.Е.Комаров, В.М.Москвич және басқалар оны тек жеке еңбек бөлінісінің бір түрі деп ұйғарым жасаған.

Осылайша, еңбек бөлінісінің күрделілігі әртүрлі жағдайлармен түсіндіріледі және олардың қатарына мыналарды жатқызуға болады:

адам еңбегінің көптүрлілігі, оның сұранысының жан-жақтылығы және оларды бір технологиялық процесс базасында қанағаттандырудың мүмкін еместігі;
адам еңбегінің өндірімділігін арттыратын ғылым мен техниканың жоғары деңгейде дамып, шаруашылық субъектілерінің әртүрлі өндіріс өнімін шығаруға мамандануы;
белгілі бір өнімді шығару үшін бір технологиялық үрдісте көптеген еңбек түрлерінің кооперациялануы.
Қоғамдық өндіріс өндірістік күштер мен өндірістік қатынастардан тұрады. Өндірістік күштер жұмыс күшінен, өндіріс технологиясынан, өндіріс құралдарынан (өндіріс заты мен құралы) тұрса, өндірістік қатынастар әлеуметтік-экономикалық, ұйымдастырушылық, техникалық бөліктерден құралады.

Өндірістік қатынастарға кіретін бөліктер еңбектің бөлінісін (қоғамдық, салалық, аймақтық, халықаралық), өндірістің мамандануын (технологиялық, салалық, аймақтық, тораптық және заттық) және өндірістік байланыстардың кооперациясын (қарапайым және күрделі) қалыптастырады.

Соның ішінде еңбектің аумақтық бөлінісі қоғамдық еңбек бөлінісінің түрлері мен нысандарында ерекше орын алып, оның мәні мен қоғамдық ұдайыөндірістегі рөлі қоғамдық еңбек жиынтығының әралуан түрлерін өзарабайланыста қарастыру арқылы толығырақ ашыла түседі.

Сонымен, еңбектің аумақтық бөлінісі аумақты басқарудың объективті негізі ретінде ондағы шаруашылықтардың мамандануы мен маманданушы аумақтар арасында экономикалық байланыстардың даму дәрежесін білдіреді, яғни бұл үрдіс белгілі бір салаға маманданған ауданды қалыптастырудың басты элементі.

Осыдан келіп пайда болатын «маманданған экономикалық аудан» туралы пікірді аймақтанушы-ғалым Н.Н.Колосовский төрт негізгі топқа бөліп көрсетеді:

теориялық: экономикалық аудандастырудың қалыптасуының ғылыми негіздері мен заңдылықтары;
тарихи: экономикалық аудандастырудың даму тарихын ескеріп, ғылыми ойлардың сол мемлекетте дамуы;
әдістемелік: зерттелетін объектінің ғылыми әдістерін (тәсілдерін) дайындау;
қолданбалы: экономикалық аудандастыру теориясын тәжірибеде пайдалану.
Сонымен, аудандарда еңбек бөлінісі негізінде экономикалық жүйелердің қалыптасу барысын зерделеудің мақсаты елдің өндіргіш күштерін ұйымдастыруда ең жоғары тиімділікке қол жеткізу болып табылады. Осылайша, еңбектің аумақтық бөлінісі өндірістің жекелеген салаларының белгілі бір аумақтарда болуын және оған тән табиғи, климаттық, экономикалық (географиялық орналасуы, жұмыс күшінің саны мен сапасы, шаруашылықтың қалыптасу тарихы) ерекшеліктерін сипаттайды. Егер осы мәселелерді жергілікті басқару және жергілікті шаруашылықпен байланыстыратын болсақ, онда оның қалыптасу заңдылықтарын еңбектің аумақтық бөлінісімен ұштастыра түсіндіруге тура келеді.

Әрине, еңбектің аумақтық бөлінісін оның салалық бөлінісінен ажырата қарастыру белгілі бір шарттылықты талап етеді. Өйткені еңбек бөлінісінің бұл екі түрі де өзара өте тығыз байланыста өрбитін құбылыс.

Сондықтан жергілікті шаруашылықтың қалыптасуы мен дамуын зерделегенде аумақтық еңбек бөлінісінің «жетекшілік» рөлін ойда ұстағанмен, оның салалық астарын да есепке алып отыру ләзім. Ол екеуінің кемелдену дәрежесі оның еңбек бөлінісі деңгейімен анықталатындығын әлемдік тәжірибеден айқын көруге болады. Осыдан барып еңбек бөлінісінің аталмыш түрлерінің өзі қандай факторлардан туындайтыны жайлы сөз қозғалуға тиіс.