Қай стильге жатады?Дипломатиялық құжаттар тіліне сипаттама б

Достық және стратегиялық әріптестікті нығайту, аймақтағы бейбітшілік тұрақтылықты орнықтыру, экономикалық ынтымақтастықты тереңдету арқылытараптардың шаруашылық жүргізуші субъектілері арасындағы сауда-экономикалық және ғылыми – техникалық ынтымақтастықтың деңгейі пәрмеңді дамып келе жатқан нарықтық экономикалық әлеуеті мен мүмкіндіктеріне толық жауап беру үшін Қазақстан Республикасы Әзірбайжан Республикасы арасындағы достық қарым – қатынастар және стратегиялық әріптестік туралы декларацияға қол қояды
Бұл мәтін Дипломатиялық құжаттар тіліне жатады.
Дипломатиялық құжаттар тілі
Дипломатия – мемлекет пен үкімет басшыларының, мемлекеттік сыртқы істер органдары қызметкерлерінің сыртқы саясат саласындағы саяси іс-әркеттері. Бұған қоса, дипломатияға халықаралық ынтымақтастықты орнату, кеңейту, сақтау, ұлтаралық жанжалдарды болдырмау және оны реттеу мақсатында жүргізілетін келіссөздер, халықаралық конференциялар жұмысына қатысушы делегациялардың қызметі, сондай-ақ, мемлекеттің шет ел азаматтары мен мекемелерінің құқықтарын, мүдделерін қорғау да жатады.Бұрын жалпыхалықтық қолданыста белсенді жұмсалып, қазіргі кезде дипломатиялық құжаттарда қолданылатын сөздер мен сөз тіркестеріне: герцог, хан, ханшайым, шах-иншах, эмир; лауазым атаулары: Жоғары Мәртебелі, Мәртебелі Тақсыр, мырза, ханым және т.б. жатады. Мұндай тіркестер әртүрлі дипломатиялық құжаттардың басы мен әсіресе аяғында дипломатиялық сыпайылық ереже формалары сақталғандығын растайды.Дипломатиялық қатынас түріне байланысты дипломатиялық сыпайылық түрлері сан алуан және күрделі. Оған киім киісі, сенім грамотасын тапсыру рәсімі, ресми сапарлар кезектілігі, әртүрлі қабылдаулардағы қонақтарды отырғызудың арнайы ережелері т.б. жатады. Дипломатиялық құжаттарда ресмилік пен маңыздылыққа қоса, мәнерлілік пен көркемдік элементтері де кездеседі. Халықаралық сыпайылықтың тілдік үлгілері (формалары) де әр алуан. Бұл элементтер жалпы ресми құжаттарға қойылатын талаптарға бағынады. Мысалы: My dear Ambassador (уважаемый Посол), My dear Madam Ambassador (уважаемая Госпожа Посол), My Lord (Милорд), My Lord Marquis (Милорд Маркиз), Your Excellency (Ваше Превосходительство), Your Excellency’s obedient Servant (Вашего Превосходительства покорный слуга), Your Lordship (Ваша Светлость), Your Lordship’s obedient Servant (Вашей Милости покорный слуга) т.б.
С.И. Ожегов “О структуре фразеологии” атты ғылыми мақаласында тұрақты сөз тіркесінің өрісін дәуірден дәуірге жылжымалы деп көрсетсе, бұл дипломатиялық терминдерге де тән құбылыс [3, 45-47 бб.].
Е.М. Иссерлиннің пікірінше, дипломатия саласындағы өзіндік сипатқа ие сөздерді үш топқа бөлуге болады. Бірінші топқа халықаралық тәжірибеде кең қолданылатын мемлекеттің Сыртқы Істер Министрліктері мен астана, ғимарат және көше аттарының метонимиялық қолданыстары кіреді [4, 12 б.]. Мысалы: “Ақ Орда” сарайы - “Қазақстан өкіметі” мағынасында (Қазақстан президентінің резиденциясы); “Ақ Үй” (White House) – “АҚШ өкіметі” мағынасында (Америка президентінің резиденциясы); “Елисей сарайы” (Elysee) – “Франция өкіметі” мағынасында (Франция президентінің резиденциясы); “Квиринал” (Quirinal) - “Италия өкіметі” мағынасында және т.б. Бұлар – фразеологиялық тіркестерге жатпайды, мағыналық және грамматикалық талдау жасауға келмейтін сөздер.
Екінші топқа халықаралық саясаттың өзіндік белгілері мен жеке саяси доктриналар кіреді, кей жағдайда сөз ауыспалы, жаңа мағынада қолданылады. Мысалы: “доллар дипломатиясы” (dollar diplomacy) (АҚШ-тың экспансионистік саясаты), бұл сөзді бірінші рет 1912 жылы АҚШ президенті Тафт қолданған, “мейірімді көрші” саясаты (“good neighbour” policy) (Латын Америка елдеріне қатысты АҚШ саясаты), “суық соғыс” (франц. guerre froide, нем. Kalter Krieg, ағыл. cold war) тіркесінде “суық” жаңа, ауыспалы “агрессивті, дұшпандық” мағынасын білдіреді.
Үшінші топқа кіретін сөздер “халықаралық терминдерге” жатпайды және тұрақты емес. Оларды Е.М. Иссерлин бұрынғы кеңестік дипломатиялық құжаттарға тән дей келе, коммюнике, нота және үкімет мәлімдемесі сияқты ресми құжаттарда Ресей үкіметі қалыптасқан халықаралық жағдайды баяндап қана қоймай, оған өзіндік баға беретіндігін, өзінің көзқарасын мәлімдейтіндігін, мәлімдеу барысында мәнділік пен мәнерліктің жалпы тілдік тәсілдерін пайдаланатындығын атап көрсетеді [4, 13 б.].
Біздің пікірімізше, олар тек кеңестік дипломатиялық құжаттарға ғана емес, тіл-тілдегі дипломатиялық құжаттардың барлығына тән. Мәселен, қарақшылық, араңдатушы, жек көрушілік, алаңдатушылық т.б. сияқты терминдер өзіндік баға беру мен көзқарасты білдіреді.Дипломатиялық құжаттарда мәнділік пен көркемдік тәсілі ретінде ауыс мағынадағы сөздер де қолданылады. Мысалы: алаауыздық, ауызбірлік, бұғау тастау, соғыс өртін (ошағын) тұтату (сөндіру) т.б.
Әртүрлі сала терминдерінің мағыналарына тіркесетін сөздердің семантикасы негіз болуы да мүмкін. Оның себебі тіркесетін сөз әртүрлі лексикалық және грамматикалық топқа жатуынан туындайды. Қарама-қарсы қойылған жалпы және арнайы мағына айырмашылықтары құрылымдық факторлар негізінде жасалады, терминдік варианттың лексикалық үйлесімділігі шектеулі, ұғымның тарылуымен тікелей байланысты болады.
Мәнерлік пен мәнділік тәсілдері ретінде дипломатиялық құжаттарда кейбір публицистика элементтерінің кездесуі, жеке функциональды стильдер арасында қатаң шектің жоқ екендігін көрсетеді. Олар өзара бір-бірімен тығыз байланысты, бір функционалды стиль элементтері басқа стильдерде қолданыла береді. Олардың өзіндік ерекшеліктері арнайы зерттеуді қажет етеді.
Дипломатия терминологиясында басқа салалық терминдер жүйесі сияқты синонимия мен омонимия кездеседі.