Стилистикалық акценттік категорияға әр стиль бойынша ғылыми

Стилистика өзіне тән ұғымдар мен категорияларға ие. Мысалы, стиль, функционалды стиль, стилистикалық бояу, стилистикалық құрал, стилистикалық белгі, стилистикалық мағына, стилистикалық норма, стиль құраушы факторлар, стильдің тілдік жүйелілігі. Бұлардың ішінде стилистикалық бояу, стилистикалық құралдар, стилистикалық мағына бір-бірімен тығыз байланысты ұғымдар.
Тілдік қабаттардың бірліктері (әсіресе, лексикалық қабаттың) өздерінің негізгі мағыналарынан тысқары, әрқилы реңктерге ие болып келеді. Стилистикалық табиғаты жағынан олар бірдей емес. Тілдік құралдар, осындай ерекшелігіне орай, алдымен бейтарап және стилистикалық бояулы болып бөлінеді.Тіл жүйесіндегі стилистикалық бейтарап, яғни ешқандай қосымша реңксіз құралдар қатынас жасаудың барлық саласында кеңінен қолданылады. Олар стилистикалық бояуға ие болмайды. Мысалы, лексикада үй, қол, адам, тау, оқу, т.б. сөздер. Стилистикалық бояуға ие құралдар осындай стилистикалық бейтарап құралдардың аясында ғана айрықша көзге түсіп тұрады. Сондықтан олар стилистикалық нөлдік деңгейді құрайды.
Стилистикалық бояудың екі түрі ажыратылады: эмоционалды - экспрессивті және функционалды. Бұл жағдайда, стилистикалық бояуға ие тілдік құралдарға өздерінің негізгі атаулық, заттық-логикалық, грамматикалық мағыналарына үстемелей, белгілі бір экспрессивті немесе функционалды мағыналарды қоса білдіретін тілдік құралдар жатады. Тілдің ондай қосымша сапа - қасиеттері әлгі құралдардың қолданылу өрісін шектеп, қарым -қатынастың белгілі бір саласында ғана жұмсауға мәжбүр етеді. Мысалы, жалмауыз, шошқа, сүмелек, шаһар, сөлектеу, желкебай, тыраштану т.б. Бұлар эмоционалды-экпрессивті бояуға ие тілдік құралдарға жатады.
Функционалды бояуға ие тілдік құралдар да болады. Бірақ олардың ара-жігі экспрессивті бояуға қарағанда ондай айқын емес. Экспрессивті-эмоционалды бояу тілдік тұлғаның табиғи қасиеті болса, функционалды бояу тілдік тұлғаны қарым-қатынас жасаудың белгілі бір саласында көп қолданудан барып пайда болды. Соңғы жағдайда тілдік дәстүрдің де рөлі бар. Тілдің тұлға - бірліктерінің мағыналық-стилистикалық жағы мен оларды белгілі салада көбірек қолдану дәстүрі арасында қатаң тәуелділік бар. Белгілі салада тұрақты қолданудың нәтижесінде тілдік құралдың мағынасы белгілі стилистикалық мәнге, бояуға ие бола бастайды да, кейін тұрақты бекітіледі.
Экспрессивті құралдарға тілдің эмоционалды-экспрессивті бояуға ие құралдары жатады. Мысалы, эмоционалды реңкі жағынан олар көтеріңкі салтанаттылықты білдіретін, немесе мысқылды білдіретін, немесе әшкерелеуші реңге ие т.б. құралдар болып қеледі: Бұлар, әсіресе, жекелеген сөздерге тән. Ол бояулар сөздердің контекстен тыс жағдайына да табиғи түрде тән болып келеді. Бұдан грамматикалық тұлға-бірліктерге қарағанда лексиканың эмоционалды-экспрессивті бояуы кең екенін көреміз. Оның үстіне грамматикада лексикадағыдай стилистикалық бояулардың белгілі бір тұлға-бірліктерге тәндігі, айқындығы жоқ. Алайда, бұл грамматикалық құралдардың экспрессивтік мүмкіндігі әлдеқайда шектеулі дегенді білдірмейді. Мысалы, синтаксис бейнелеудің әртүрлі эмоциональды - экспрессивті бояулы мүмкіндіктеріне кеңінен ие. Бірақ онда эмоционалды- экспессивті бояу бір ғана тілдік тәсілге бекітілмеген. Ол көптеген тәсілдердің
жиынтығынан барып құралуы мүмкін (мысалы, сөздердің орын тәртібі, бірыңғай мүшелер, синтаксистік паралельділік).
Стильдік құралдар туралы мәселе синонимия мәселесімен тығыз байланысты. Көптеген зерттеушілердің көзқарасы бойынша, «тілдік құралдардың синонимикасы - стилистиканың орталық мәселесі». Стильдердің өмір сүруінің өзі белгілі мөлшерде синонимдердің бар болуымен белгіленеді. Бірақ стилистиканың ресурстары синонимдермен ғана шектелмейді.Жалпы, тілдің синонимикалық құралдары мен функционалды стильдердің ара-қатынасы мәселесі - әлі толық зерттелмеген іргелі мәселе. Функционалды стильдерде тілдің синонимикалық байлығы әртүрлі дәрежеде пайдаланылады. Мысалы, көркем стильде синонимдер кең пайдаланылса, ғылыми, ресми стильдерде керісінше аз жұмсалады, тіпті мүлде қолданылмайды десе болады.