Көркем әдебиет стиліне мәтін құрастыр

Салтанат Мінайхан «Кестелі Орамал»
Студенттік өмірдің ыстығы мен суығын көріп жүрген арманшыл азаматтардың бірі -Мұхтар. Жыл өтіп екінші курстың табалдырығын аттағаннан бері жүзінен уайым табы кетпей қойды. Қанша күліп жүрсе де қабағын, тіпті өн бойында кірбең мұң көрініп тұратын болды.
Кенеттен достарының бірі «Мұхтар, саған не болған? Көңіл күйің жоқ қой» десе, абдырап, өзі де таң қалып, «қалай көріп қойды, шекемде жазу тұрғандай, бәлі» деп, өз жағдайына күле басын шайқайды. «Уайым ер қорғаны» дегенде Абай атам маған айтқан да, - дейтін де қоятын.
Студенттің әуелден көрер күні көпке мәлім. Ақша жоқтық. Ақша болмаған соң қарын аштық. Бұл іште жатса да, Мұхтардың сыртына шыққан уайым табы бұл емес.
Тіпті, құндақтан Құдай берген қасиетің болса ол да азап. «Қайғы – қасірет пен күрескерлік барлық уақытта да ойшыл мен суреткердің сыбағасы» (Л.Толстой). Қалай тауып айтқан. Осыны айтып Мұхтар өзін сол кермектің балын көсіп ішпесе де танауына иісі барғанын анық біледі. Ойда маза жоқ. Жазам дегенін бастаса да ой мен талап жеткіліксіз. Болашақ шығарманың тамырына тіршілік берер – білім. Сабыр мен үгіліп бітпес қажыр-қайрат керек. Ізденімпаздық пен еңбек, әрине.
Мұхтар ерлікке басып сүрінсең жаның мен тәніңді шимайлайтын шығармашылықтың ши қаламын қолына алды. Алғашқы таңба да түсе бастаған.
Бар жан ашыр дос-жарандары Мұхтарды мұңға батырған сол баяғы жауапсыз махаббат. Сар қыздың сар уайымы ғой баяғы деп жоритын.
Иә, Мұхтардың саха мінезін де өзгертіп, қарағайдан қақталған қалыбына құрт салған талайды тау етіп, талайды өзіне жау еткен махаббат болатын. Күндіз де түнде де ойынан шықпайтын перизатына қанша мұң арқаласа да кір жуытпайды. Бітімінен рухы жалын, білегінен жүрегі жуан жолы бір досы Алаштың «Ой, сен де, бір қыз үшін өзіңді қуырып жеп, ш... қолыңды бір сілтемейсің бе!», - дей намысын осып, емдеймін деп егіп айтқан сөзі одан сайын отқа май тамызғандай әсер етеді. «Оны ойлау, оны сағыну менің еркімнен тыс дүние. Сүйгенің үшін күресіп, сезімнің отына күймесең несі махаббат. Одан жер қақ айрылып кетсе де айырылып қалар жайым жоқ». Осыны айтып шатынай сынады.
Мұхтардың махаббатын, сүйгеніне адалдығын бар студенттер тайпасы іштей сүйіп, сырттай сан –саққа жүгіртіп аңыз етеді.
Түнде Мұхтар тәтті ұйқысынан сүйгенін көріп, сүрініп оянып:
Махаббат келсе жеңер бойыңды алып,
Жүдетер безгек ауру сықылданып.
Тұла бой тоңар, суыр, үміт үзсе,
Дәмеленсе өртенер күйіп жанып. (Абай)
Ерні жыбырлап өлеңді оқысымен, «Махаббат деген ауру шынымен, Мұхтар, жастық жалыныңды сезімің сөндіріп кетпесе екен» деп терең дем алады. Төрт жол өлеңді қайта оқып, жастығына қисаят. Өзінің жағдайын осы өлеңмен біте қайнасып жатқанын көріп, «- Е... Абай ата...», - деп ұйқыға кетуге тағы тырысады.
Осылай Мұхтардың әр уақыты уға малынған жебедей жауырынына қадалып өтіп жатқан. Алыстағы ата – анасына жиі хабарласып, семіз сөзбен марқайтып қояды. Тұлабай тұңғышынан үміттері зор. Мұхтар қалай да қанжығасын қалыңдату керек екендігін жиі ойлайтын әдеті. Қоғамға жұтылып жоқ болып кетуден Құдай сақтасын. Сынып қалуға әсте болмайды. Ең басытысы еліне, қоғамға, ұлтына пайдасын тигізер тізгінге қол жеткізу. Ол – білім мен парасаттылық. Қысқасы, Мұхтар өзін емес өзгені ойлайды. Қазіргі көптің сорақы деп қарайтын түсінігі.
«Шақшадай басым шарадай болдының» күнін кешіп жүргенде ауылдан інісінің белгісіз ауруға шалдығып қалғанын естіді. Осыдан бастап Мұхтардың уайым табы қалыңдай түсті. Інісінің ауруының диагнозы шықпағанына айдан асып кеткен. Мұхтардың мінезін ешкім түсініп болмады. Мінезі, жүріс – тұрысы аунап түскен. Бәрі жығылғанға жұдырық болып есеңгіретіп тастаған. Біреуіне «а» деп сыр ашпайды. Терісіне сыймай, сазарып жүрді.
Бара - бара сүйгенімен де қоштасты. Сен сүйгенмен ол сүймесе амал не? Солай болу керек деп шешкен. Өзін – өзі алдағанын алғашқы минуттан бастап анық сезді. Кейде, ауа жетпей алқынып қалады. Көпке шыдамасын да біледі.