Безендіруші стилистика туралы ғылыми тұжырымдарды жаса
Тілдің лексикалық қазынасындағы сөздердің мағынасын, прагматикалық мақсатын айқындап әрі қолданысқа дұрыс енгізу мәселесі стилистика ғылымымен тығыз байланыста болады. Безендіруші стилистика сөз образына арналады. «Образдылық», «бейнелілік», «көркемдік» – өте күрделі стилистикалық категория. «Образ» терминінің астарында семантикалық ерекшелік пен прагматикалық мақсат, стилистикалық әсер қатар үйлесіп айтылады. Стилистика ғылымында «образ» деген сөз әр түрлі мағынада қолданылады. Образдылық – эстетикалық идеалдың шындық тұрғысынан қабылданған формасы, сөз – образ оның жеке қолданысы. Сөздің образдылыққа енуі өзінің тура мағынасынан ауыспалы мағыналарға ойысуы, сөздің образды мағынаға ие болуы өзінің алғашқы номинативті мағынасының қызметін жоғалтып, ерекше бояуға енуі болып табылады, ал экспрессивтілік бояу стилистикалық әсер береді, автордың сөзі прагматикалық мақсатын айқын танытып отырады. Сөздің образға енуі оның мағыналық өзгеріске түсуін бағалау функциональдық стильдердегі эстетикалық қызметін көрсету болса, екіншіден, бір стильден екінші стильдің сөз образдарының да үлес салмағын танып білуіне тікелей қатысын анықтап береді. Сөз образы лингвостилистика тұрғысынан әртүрлі семантикалық-стилистикалық категорияның көркемдік функциясын анықтайды. Образды троптық және троптық емес деп бөлуді белгілі мәтін арқылы түсіндіру қолайлы. Әсерлі сөздің жасалу тәсілі сан алуан болып келеді. Безендіруші стилистиканың негізіг тәсілдеріне теңеу, эпитет, метафора, синекдоха, метонимия, гипербола, антитеза сынды тәсілдер жатады. Сондай ақ безендіруші стилистиканың негізгі құралдарының біріне коннотация тәсілі де жатады. Коннотация тәсілі дегеніміз сөздің бояуын анықтау. Мысалы М.Ж.Көпеевтің мына өлеңінде Махаббат – сәулесі зор, Құдай нұры,
Көрген жан сол сәулені қалмас құры. Махаббат сөзін айқындау үшін Құдай нұры тіркесімен фразеологиялық коннотация жасалған.