Публицистикалық стиль, жанрлары туралы ғылыми концепцияларды
Публицистика (латынша: көпшілік, әлеумет)—қоғам өмірі үшін маңызды мәселелерді талқылау деген ұғымда жұмсалады.Публицистикалық стиль қоғамдық талапқа сай жазылған шығармалардың негізінде қалыптасады. Тілдің басқа стильдері сияқты публицистикалық стиль де бірыңғай болып келмейді. Бірқатар лингвистер публицистикалық стильдің жазбаша түріне саяси тақырыпқа жазылған газет, журналдардағы мақалалар, памфлет, очерк т. б. шығармаларды, шешендік сөздер публицистикалық стильдің ауызша түріне жатқызады. Публицистикалық стиль жұртқа үндеу, үгіт айтуда пайдаланылады. Мұндай үндеуге, үгітке қоғам үшін және дәл сол кезеңде зор мәні бар мәселелер тақырып болады. Мысалы, саяси, экономикалық, экологиялық, мәдени, моральдық мәселелер. Үндеудің, үгіттеудің мақсаты - жұртшылықты қоғамдық мәні бар іске қатыстыру, жұртшылықтың санасына ықпал ету. Тіл деңгейлеріне байланысты публицистикалық стильдің ерекшеліктері болады. Лексикада – қоғамдық-саяси терминдер мен сөздердің (митинг, ереуіл, демократия, парламент), эмоциялық баға беруші сөздердің (еңбек озаты, көшбасшы, еңбеккер, дем беруші), экспрессивтік бояуы бар сөздердің (қоян-қолтық, нық қадаммен), фразеологияда – перифразалардың (ақалтын – мақта, күріш; қара алтын – көмір, мұнай; екінші тың – қой шаруашылығы, көгілдір тың – құс шаруашылығы); морфологияда қос сөздердің (қоғамдық-әлеуметтік, бұқаралық-саяси, үгіт-насихаттық); бұйрық рай тұлғасының (орындайық, табысқа жетеміз), синтаксисте – сөйлемдегі сөздердің инверсиялық орын тәртібінің, қаратпа сөздердің, риторикалық сұрақтардың, жай сөйлем бөліктерінің, сан алуан қайталамаларының т.б. жиі қолданысқа түсуі публицистикалық стильдің басқа стильдерден өзгешеліктерін көрсетеді. Публицистикалық стильді шағын стильдерге (подстиль) бөлу жөнінде бірізділік байқалмайды. Дегенмен кейбір зерттеушілердің, Мысалы А. Н. Васильеваның дәлелдеуінше, мынандай шағын стильдерге жіктеледі: 1) ресми-ақпараттық публицистикалық стиль; 2) ақпараттық-іс публицистикалық стилі; 3) ақпараттық-аналитикалық публицистикалық стиль; 4) ақпараттық-экспрессивтік публицистикалық стиль; 5) бейресми-ақпараттық публицистикалық стиль; 6) жалпы публицистикалық стиль директивалық публицистикалық стиль; 7) салтанатты-декларативтік публицистикалық стиль; 8) таза публицистикалық стиль; 9) экспрессивтік публицистикалық стиль; 10) репортаж публицистикалық стилі; 11) фельетон публицистикалық стилі. Публицистикалық стильдің жанрлары туралы ғылыми концепция жасағандардың бірі Т.Амандосов: " Публицистика жанрыныңда пайда болу, қалыптасу, даму тарихы бар. Осы ұзақ жолда жанрлардың сипаты, өз ерекшеліктері пайда болып отырған. Дамудың осы барысында «жанрлар туады, өседі, өзгереді, жолығады, жаңадан пайда болады».Баспасөз арқашанда идеялық-саяси күрестің алаңы екені мәлім.Жанрлардың мазмұны мен формасы да осы идеялық-саяси күрестерге байланысты өзгеріп, дамып отырған. Осы дамудың барысында, журналистиканың шағын жанры заметка, одан кейін барып публицистиканың талдамалы жанрларының бірі –корреспонденция пайда болғаны белгілі. Жанрлар өзара бөлінгенде, олар ерекшелене, екшеле түскенде, біз олардың сыртқы формасын ғана қарап қоймаймыз. Атқаратын қызметін негізге аламыз, өйткені оларға атқаратын қызметіне қарай сипаттама беруге болады. Публицистің алдына қойған осы мақсаттарына байланысты публицистика хабар, талдамалы және көркем публицистика болып жүйеленеді де, олар өзара іштей жанрларға бөлінеді. Әрбір жанрдың өзіне тән заңдылығы, өз ерекшеліктері, өмір шындығын көрсетуде өз әдістері бар. Публицистиканыңүлкенді-кішілі жанрлары, оның түрлері бар. Сөйтіп, публицистикалық шығармалар мынадай үш түрлі жүйеге бөлінеді: публицистикалық хабар, талдамалы және көркем публицистикалық жанрлар" деп тұжырым жасаған болатын.