Тіл мәдениеті көп аспектілігі ғылыми тұжырымдарды жаса

Тіл мәдениеті – әдеби тілдің нормасы мен оның дамуын, сөйлеу тілімен қарым-қатынасын зерттейтін тіл білімінің саласы. Тіл мәдениетінің тіл білімінің басқа салаларынан айырмашылығы – оның күнделікті өмірде тілді қолдану, жазу, сөйлеу мәдениетімен тығыз байланыста болатындығында. Тіл мәдениеті дегеніміз – коммуникативтік қарым-қатынас кезінде тілдік тәсілдерді дұрыс ұйымдастырып, белгілі бір тәртіппен жүйелі қолдану. Тіл мәдениеті тілдік норманың 3 түрін қамтиды:а)тілдік норма (лексикалық, сөзжасамдық, грамматикалық, дыбысталу нормасы); ә)этика – сөз нормалары (сөйлеу этикасының ережелері); б)коммуникативті норма (сөйлеу қарым-қатынасының тиімділік қағидалары).Сөйлеу мәдениеті орфоэпиялық нормаға негізделеді. Орфоэпиялық норма – сөздерді дұрыс айту, лексикалық норма – сөздерді іріктеп, сұрыптап, талғаммен қолдану болса, грамматикалық норма сөйлеу мәдениетінде біршама тұрақталып, қалыптасқан норма саналады. Сөйлеу мәдениетінде ойдың дәлдігі, сөздің анықтығы, тазалығы, көңіл күйге әсер ететін шынайылығы (ол қарапайым сөзден немесе бейнелі образды сөздерден құралуына қарамастан), көркемдігі маңызды рөл атқарады.Сөз мәдениетін қалыптастыруға қажетті лингвистикалық орталықтар қатарына лингвистикалық болжау орталығы жатады. Лингвистикалық алдын ала болжау орталығы дәстүрлі тіл жүйесінің сапалық және сандық бағыттарын кешенді түрде зерттеу міндеттерін, сөз, сөйлеу қызметінің дәстүрін қалыптастыру мәселесін қарастырады. Сөз мәдениетіне қатысты лингвистикалық экология тіл және сөз мәдениетінің экологиясы деп аталады. Сөз мәдениетінің экологиясына тілдік ситуация, тілдік сана, тілдік орта, тілдік ортаның тазалығы, сөз қызметіндегі стилистикалық қатынастардың бұзылуы, сөйлеу этикасы мәселелері, сөз мәдениеті және мониторинг, т.б. мәселелер жатады.Тіл мәдениетіне тілдің құрылымдық жүйесіндегі орфоэпикалық, пунктуациялық, лексикалық-грамматикалық, синтаксистік нормалар қамтылып, олардың коммуникативтік эстетикалық қызметі толық айқындалған жағдайда стилистикалық норма жүзеге асады.Тіл мәдениеті тіл білімінің көп аспектілі саласы. Себебі тіл мәдениеті тек бір пән аумағында ғана емес, бірнеше ғылым саласымен тікелей сабақтасып жатады. Яғни тіл мәдениетін тек лингвистиканың шегінде ғана емес, өзге де ғылым салалары тұрғысынан қараймыз. Тілдің өзге ғылым салаларымен байланысы негізінде жаңа бағыттар пайда болады. Айталық, психологиямен байланысы негізінде психолингвистика, тілді тікелей адаммен байланыстырып зерттеу арқылы антропоөзектік бағыт, салыстырмалы салғастырмалы әдіс арқылы тіл білімі де өз ішінде бірнеше жаңа тарауға бөлініп, жаңа арнада зерттеле бастады. Мысалы, салыстырмалы-салғастырмалы фонетика, салыстырмалы-салғастырмалы лексикология, салыстырмалы-салғастырмалы грамматика, салыстырмалы-салғастырмалы фразеология.Тілді халықтың жан дүниесімен, ой-санасымен, тарихы мен мәдениетімен тығыз байланыста қарау В.Фон Гумбольдт, И.Гердер, Г.Пауль, В.Вундт, Г.Штейнталь, Э.Сепир, Б.Уорф, А.Потебня т.б. ғалымдардың есімдерімен байланыстырылады. Тілмәдениеті жайлы жайлы бірнеше ғылыми тұжырымдарға тоқталатын болсақ, М. Балақаев: «Тіл мәдениеті дегеніміз - тілдік тәсілдердің ширау, жетілу дәрежесі. Сонымен қатар, ол тіл жұмсаудағы ізеттілік, сауаттылық қана емес, тілдік тәсілдерді, фонетикалық, орфографиялық, орфоэпиялық, морфологиялық, синтаксистік, стильдік құбылыстарды ұқыпты, дұрыс қолдану дағдысы» дейді. Ал Н.Уәлиев өзінің «Сөз мәдениеті» атты еңбегінде: «Тіл мәдениеті дегеніміз - сөйлеудегі, жазудағы сыпайылық, ізеттілік қана емес, сонымен қатар айқын ойлылық, сөзді дәл айыру шеберлігі, сөйлеу өнеріне шыныққандық», - деп анықтама береді. Ал тілші-ғалым Р. Сыздықова: «Тіл мәдениеті дегеніміз - сөздерді дұрыс орнымен қолдану (лексикалық), дұрыс құрастыру (синтаксистік), дұрыс қиюластыру (морфологиялық), дұрыс дыбыстау (орфоэпиялық), сауатты жазу (орфографиялық), тілді әсерлі етіп жұмсау(лингвостилистикалық) нормаларын ұстану, орнықтыру, жетілдіру», - дейді. Л.И.Ожегов: «Тіл мәдениеті -бұл өзінің ойын дұрыс, дәл және мәнерлі жеткізе алу білігі. Дұрыс сөз дегеніміз әдеби тіл нормасы сақталған сөз. Тілдің нормасы – бұл коғамдық сөйлеу тілі тәжірибесінде қабылданған жалпы тілдік сөйлеу, грамматика, сөз қолдану ережесі. Ойын жеткізуде дәл әдіс таба білу ғана емес, сондай-ақ орынды сөйлеу» - деп тұжырымдайды.