Ресми стиль, лексикасы және грамматикасына ғылыми көзқараста
Кеңселік іс қағаздар тілінің ерекшеліктері мәселесін талдамас бұрын, ең алдымен оның тілдік тұрғыдан басты altдеңгейі мен жүйесін нақтылап алған жөн. Бұл ретте, аталған тілдік мәселелерге қатысты жиі қолданылатын термин ресми-іскерлік стиль деп аталады. Ресми-іскерлік стиль деп ресми қатынастар, басқару мен құқықтық қарым-қатынастар салаларында қолданылатын сөйлеудің тілдесім ортасы, тілдің функционалды стилі аталады. Аталмыш салаға халықаралық қатынастар, заңнамалық құжаттамалар, экономика; әскери салаға қатысты құжаттар, жарнама, ресми мекемелердегі тілдесім, үкімет қызметі және т.б. жатқызылады.Оның негізгі кішірігім стильдеріне мыналардың қатысы бар:заңнамалық (мемлекеттің басқару саласында қолданылады); әкімшілік-кеңселік (мекеме құжаттары мен жеке іскери қағаздардың жүргізілуі); дипломатиялық (үкімет пен дипломаттар арасындағы қатынастардың халықаралық деңгейдегі сипаты). Кез келген тілдің кәсіби, ресми тілінің лексикасы, оның даму жолдары, қалыптасуы жан-жақты зерттеуді талап етеді. Өткен ғасырлардан бастап қазіргі заманға дейінгі аталмыш лексикалық топ атаулары қалыптасуының ерекшеліктерін зерттеу тіл дамуындағы сыртқы және ішкі факторларының өзара әрекеттестігінің нәтижесінде туындайтын аталым тетігінің жалпы заңдылықтарын айқындауға мүмкіндік береді. Тіл білімі ғылымында қалыптасқан көзқарас бойынша қай тілдің болсын лексикасының дамуы сыртқы факторлардың әрекеттерімен бірге тілдің ішкі үрдістерімен анықталады. Бұл үрдістер тілдің дамуының екі қырын сипаттайды: бір жағынан, тұрақтылық үрдісі, екінші жағынан, экспрессивтілік үрдісі. Осы аталған үрдістер тілдік жүйенің түрлі деңгейлерінде бір-бірімен күрделі өзара әрекеттестікте болып, басқа да категориялармен өзара байланысқа түседі.Ресми-іскерлік стильдің ең басты белгісі ретінде оның көптеген сөйлеу стандарттары, яғни клишелері қабылданады. Егерде басқа стильдер үшін шаблонды құрылымдар стилистикалық жетіспеушілік болып саналса, ресми-іскерлік стиль үшін олар қалыпты, қажетті құбылыс ретінде қабылданады.Ресми немесе іс қағаздар стилінің ерекшелігі, онда акт дәл көрсетіліп, бір ізбен жүйелі жазуға айрықша мән беріледі. Қазақ тілінде қолданылып жүрген қалыптасқан сөз орамдарының көпшілігі орыс тілінің ықпалымен жасалған : қызу мақұлдау, қызу қарқын, тұрмыстық қызмет, қызмет көрсету, жүзеге асыру, ету, өз күшінде қалдыру, қол жеткен табыс, кең жол ашу, іске қосу, мәселе көтеру, алғыс жариялау, сөгіс жариялау. Көптеген сөздер белгілі стильге телулі болады, қолданылу жағынан шектеліп отырады. Мысалы: тағайындалсын, міндеттелсін, осы анықтама берілді, қаулы етеді, жарлық етеді т.б.Ресми іс қағаздарында кейде бір заттың я ұғымның атауы қолданылу орнына қарай әр түрлі аталады. Мысалы, адам деген сөз ресми құжаттарда азамат, жолдас, телефон станциясында абонент, ательеде заказ беруші, шаштаразда клиент, ауруханада науқас, санаторииде демалушы, тынығушы, транспортта жолаушы т.б. болып табылады.