Түсіндірме сөздік туралы ғылыми көзқарастарды анықта.
Түсіндірме сөздіктің алға қоятын мақсаты бір тілде, белгілі дәуірде, жалпы халықтық сипат алған сөздерге мағыналық, стильдік әрі грамматикалық жағынан сипаттамалар беріп, тілдің қазіргі даму сатысындағы сөздік құрамының сан мөлшерін анықтау. Солардың мағыналық нормаларын, стильдік түрлі қолданыстарын саралап көрсету міндеті жүктеледі. Сонымен қатар сөздердің жазылуы мен айтылуы нормаларының ең дұрыс деген қалпын айқындай отырып, соған нақтылы түсінік беруді қаратырады. Сондықтан түсіндірме сөздік кейде нормативтік сөздік деп те аталады. Нормативті түсіндірме сөздік бір томдық және көп томдық болып та жасала береді. Көлемінің үлкендігіне қарай көп томдық түсіндірме сөздікті кейде академиялық сөздік деп те атайды. Орыс тілінде үш түрлі түсіндірме сөздік басылып шықты. Академик В.В.Виноградов: «Ұлт тілінің түсіндірме сөздіктері сөйлеу мәдениетінің ең күшті құралы ғана емес, сонымен бірге сол мәдениетінің жемісі»-деп бағалайды. В.И.Ленин орыс әдеби тілінің жақсы түсіндірме сөздігін жасаудың соншалықты қажеттілігін айтып, оны жеделдетіп шығаруға үлкен күш жұмсаған. Демек, әрбір тілдің түсіндірме сөздігі әсіресе ғылым мен иехниканың кемелденіп жетілген кезінде соншалықты қажет екендігін аңғарамыз. Бұл кезеңде бүкіл баспасөз, мектеп, радио, телевизияның барлығы да жүйеленген нормативті сөздіктермен ғана жұмыс істеуді талап етеді. Он томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» 70 мыңдай реестр сөз, 20 мыңдай күрделі сөздер мен фразеологизмдер қамтылды. Аталған сөздіктің көп том болып басылып шығуы тек-қазақ елінің тарихында ғана емес, бүкіл түркі тілдес халықтардың тарихында да бұрын соңды болмаған оқиға. М.Әлімбаев өзінің «Көңіл күнделігінен» деген мақаласында «Қазақ тілінің көп томды басылымы-бүкіл халықтың ғасырлар бойғы сары алтындай қазынасы, ортаймай, толыса беретін рухани дәулеті»-деп бағалады. Қай елдің даму тарихын алып қарасақ та, әдеби тілдің нормативті сөздігі бір мәрте емес, әлденеше рет жасалған. Олар бірден-бірге кемелденіп толығады, сараланады. Ешбір елде жүйелі толық сөздік бірден жасалмаған.