Жалпыхалықтық тіл және әдеби тіл туралы ғылыми тұрғыдан салы
Әдеби тіл - жалпы халықтық тілдің белгілі жүйеге түскен, жазу дәстүрі мен әр түрлі жазба және ауызша әдебиеттің негізінде қалыптасқан тұрақты, орныққан қалыптары, стильдік-жанрлық тармақтары бар, сол тілде сөйлейтін адамдардың бәріне ортақ, түсінікті тіл Әдеби тілдің қоғамдағы басты қызметі — адамдар арасындағы қатынас құралы болу. Сондықтан жалпы тіл атаулыға тән қасиет-коммуникативтік қызмет Ә. т-ге де тән. Әдеби тіл арқылы айтушының, жазып қалдырған адамның ойын, пікірін ұғамыз, сұрағына жауап береміз. Ә. т. арқылы өзіміз көзбен көрмеген оқиға туралы мағлұмат аламыз. Яғни пікір алысу, ой жеткізу, адамдардың бір-бірімен ұғысуы, білмегенді білу, білім, тәлім-тәрбие, тағлым алу Ә. т-дің осы коммуникативтік қызметі арқылы жүзеге асады. Бірақ Әдеби тілдің коммуникативтік қызметі адамдар арасындағы қарым-қатынас құралдарының басқа түрлерінен қалыптасқан белгілі тіл заңдылықтары, тілдік элементтер жүйесінің құралдық, құрылымдық, қолданыстық жағынан тұрақты нормаларының болуы арқылы ажырытылады. Мыс., ойды білдірудің ең кіші тілдік бөлшегі сөйлем болса, ол белгілі тәртіппен орналасқан, белгілі тұлғалар арқылы грамматик. байланысқа түскен, мағыналары сәйкес сөздерден, ал сөздер дәл сол сияқты морфемалар мен дыбыстардан тұрады, сөйтіп сөйлем жүйелі құрылым құрайды да, ерекше коммуникативтік қызмет атқарады. Сол арқылы қате құрылған сөйлемді, орынсыз қолданылған жеке сөзді, сәйкессіз тіркестерді, кейбір дыбыстық ауытқуларды тауып, анықтай аламыз. Сонымен бірге Ә. тіл арқылы белгілі бір оқиғаны оқушыға жеткізіп қана қоймай, сезіміне әсер етуге де болады, яғни оқушысын бірде күлдіріп, рахаттандырып, көңіліне нұр сеуіп, өсіреді, бірде жылатып, көңілін күйдіріп, қайғыртады. Бұл — Әдеби тілдің экспрессивтік-эстетик. қызметі болып табылады.
Жалпыхалықтық тіл— белгілі бір халықтың (этностың) ауызекі сөйлеу тілінде кен қолданылатын, жұмсалу өрісінде стильдік шек қойылмайтын тіл. Жалпыхалықтық тіл бір тектес тілдік ұжымның тілі ретінде қалыптасады, тіл құрылысы жағынан ол ұлттық тілдің негізі болып табылады.
Әдеби тіл қашан және қалай қалыптасқанына қарамастан, жалпыхалықтық тілдің сұрыпталған, сымбатталған түрі болып табылады да, бір жағынан сол жалпыхалықтық тілдің бір құрамы ретінде өмір сүріп отырса, екінші жағынан жалпыхалықтық тілдің әдеби тілге енбейтін бөліктермен (қарапайым сөйлеу тілі, диалектизмдер мен кәсіби сөздер, жаргондар мен варваризмдер) әр түрлі қарым-қатынаста болады.
Жалпыхалықтық тіл өзі қызмет ететін халық өкілдерінің арасындағы қатынас құралы болуды барлық салада жүзеге асырады: қоғамдық өмірде, рухани байлығын жарыққа шығаруда, мәдениет өндірісінің құралы ретінде , сондай- ақ белгілі территорияға ғана , іс-әрекетке ғана байланыста аздаған адамдар арасында , тұрмыста да өмір сүре алады. Ал әдеби тіл оның ең жоғарғы формасы, өңделіп, сұрыпталып, нормалану қасиетін басынан өткізген, сондықтан да кейінгі кезде «оны мәдени өрлеудің қоғамның барлық іс-әрекетінің, ғылымның, техниканың, экономиканың, саясаттың, оқу-ағарту, мәдени жұмыстардың құралы» деп танып жүр. Сондықтан да әдеби тілдің жүйелігігі сол тілде сөйлейтін халық өкілдерінің бәріне таныс, нормасы ортақ болып келеді де, олардың тіл заңдылықтары негізінде сақталынып отыруы қадағаланады. Әрине, әдеби тілдің нормалары қатып, сіресіп, қалған, өзгермейтін құбылыс емес. Әдеби тіл бір жағынан замандар бойы қалыптасқан тұрақты нормаларын сақтап қалған, бұздырмауға тырысып отырса, екінші жағынан ішкі даму процесі негізінде сыртқы қоғамдық-әлеуметтік өзгерістерге лайық икемділігі арту үшін жаңа ұғым, мағына я образ бірде норманың шеңберін бұзып, нормадан ауытқып та кетеді. Әрине, ондай ауытқулар жөнсіз, қалай болса солай емес, белгілі, шекті болады.