Функционалды стильдердің классификациясына ғылыми тұрғыдан с

Стиль құрайтын тілдік құралдар екі топқа бөлінеді. Біріншісіне тілдің стилистикалық парадигматикасын құрайтын тілдік құралдар (стилистикалық бояуға ие құралдар, стилистикалық синонимдер мен варианттар) кіреді. Екіншісіне функционалды-тілдік құралдар жатады, яғни әр стиль түрінде басым қолданылатын тілдік құралдар болады. Функционалды стильдер стилистикалық бояулы және функционалды-тілдік құралдар мен бейтарап тілдік құралдардың бірігуі арқылы жасалады. Осы тұрғыдан функционалды стильдердің ерекшелігі төмендегідей сипатқа ие болып келеді.Ғылыми стильдің стилистикалық бояуы бірыңғай сипатқа ие. Олар негізінен жазба тілге тән сөздер, морфологиялық тұлғалар, синтаксистік құрылымдар болып келеді. Функционалды-тілдік құралдардан мағынасы жалпыланған, дерексізденген сөздер мен грамматикалық тұлғалар көбірек қолданылады: дерексіз сөздер, етістіктің уақыттан тыс осы шақтық тұлғасы, есімдіктің көпше түрі (мен емес, біз түрінде қолдану) және соған сәйкес баяндауыш тұлғасы т.б.Ресми іс қағаздар стилі стильдік бояуы жағынан ғылыми стильге жақын, алайда оған қарағанда біртектес және синтаксисі бірқалыпты болып келеді. Оған қарапайым сөздер, ауыс мағыналы, бейнелі сөздер, теңеу т.б. тән емес. Функционалды-тілдік құралдардан ресми тональділікке ие сөздер, мысалы, кеңсе ісіне тән сөздер, етістіктің тұйық, бұйрық рай тұлғалары т.б. тән.Ауызекі-тұрмыстық сөйлеу стиліне қарапайым сөздер, эмоциялық бояуға ие сөздер тән. Ауызша сөйлеу оның синтаксистік құрылымына да әсер етеді; толымсыз сөйлемдер, аяқталмаған сөйлемдер көп қолданылады. Функционалды тілдік құралдардан оған нақты мәнге ие сөздер, етістіктің нақ осы шақ тұлғасы т.б. тән.Көркем сөз стилі функционалды стильдердің ішінде ерекше орында тұрады. Тілдік құралдарының стилистикалық бояуы өте кең, бай және әр түрлі болып келеді. Көркемдік мақсатқа барлық тілдік құралдар қызмет етеді.Публицистикалық стиль де әртүрлі стильдік бояуға ие тілдік құралдардың кең қолданысымен ерекшеленеді. Олардың ара қатынасы шығарманың жанры мен стиліне байланысты. Мысалы, очерк жанры көркем стильге жақын болса, ақпараттық мақала іс қағаздары стиліне жақын.Жалпы, бір тілдік құралдың өзі барлық стильде де қолданыла беруі мүмкін, бірақ олардың рөлі әрқайсысында әр түрлі болады. Сондықтан әр стиль басты және қосымша белгілерге ие: мысалы, ғылыми стильдің басты және тұ-рақты белгісі - терминдердің көп қолданылуы болса, бейнелілік -көркем сөздің басты белгісі.
Сөйтіп, функционалды стильдің әрқайсысы өзіндік тілдік құралдарының ерекше жүйесімен сипатталады.