Бұқар жыраудың қазақ елінің іргелі жұрт болуына сіңірген еңб
Бұқар жырау Қалқаманұлы (1668—1781) — қазақтың ұлы жырауы, 18 ғ. жоңғар басқыншыларына қарсы Қазақ-жоңғар соғысының бастаушысы әрі ұйымдастырушысы атақты Абылай ханның ақылшысы. Бұқар Жырау қазақ халқының Жоңғар басқыншылығы тұсында, елдің болашағы қыл үстінде тұрған кезде өмір сүріп, сол алмағайып замандағы күрделі мәселелерге өз жырларымен жауап бере білді. Осындай ауыр сәттерде Абылай ханға дұрыс кеңес беріп, ел-жұртты басқыншы жауға қарсы күресте біріктіруге, бір тудың астына топтастыруға күш салды. Өзінің саяси-әлеум. мәнді жыр-толғауларымен сол жалынды күрестің жыршысына айналды. Жыраудың “Абылай ханның қасында”, “Ал, тілімді алмасаң”, “Ай, Абылай, Абылай”, “Қазақтың ханы Абылай”, “Ханға жауап айтпасам”, “Басыңа біткен күніңіз”, “Ай, Абылай, сен он бір жасыңда”, “Ал, айтамын, айтамын” атты толғауларында ханның сол кездегі ұстанған саясаты мен көрегендігі, алғырлығы мен білгірлігі сипатталады. Ал, “Садыр, қайда барасың?”, “Бұқарекең біз келдік, Ақан, Төбет байларға” деген жырларында ол ел болашағы, татулық мәселелерін сөз етеді. Бұқар Жыраудың Абылай хан саясаты жөніндегі байламды пікірлері де орнықты, әділ. Ол қасындағы Қытай мен Ресей туралы да ұстамды бағыт ұстанады. Соның арқасында ата жауы Жоңғарлардың іштей іріп, азып-тозуы үшін ұтымды саясат қолдана отырып тарих сахнасынан кетуіне қолайлы жағдай жасағанын мақтанышпен жырлайды. Жыраудың “Он екі айда жаз келер”, “Абылай ханның қасында”, “Ханға жауап айтпасам” атты толғаулары халық болашағы мен бейбітшілікті сақтау, отарлауды көздеген елден жыраққа, Жиделі байсынға көшу мәселесін қозғайды. Бұл жырлардың үгіт-насихаттық, дидактикалық сипаты басым. Жыраудың табиғат пен адам өмірін астастыра суреттейтін жырлары да мол: “Бұл, бұл үйрек, бұл үйрек”, “Әлемді түгел көрсе де”, т.б. Осының бәрі жыраудың кәнігі шеберлігі мен талғампаздығын танытады. Бұқар Жырау шығармаларының тақырыптық аясы, шеңбері — Жақсылық пен Жамандық, Елдік пен Ерлік, Ізгілік пен Зұлымдық, Әділдік пен Әдептілік, Жастық пен Кәрілік, Татулық пен Араздық, Достық пен Дұшпандық, Адалдық пен Арамдық, Тектілік пен Азғындық, Тұтастық пен Бірлік. “Бұхарекең сөйлеген уақытында сөзі мұндай жүз есе, мың есе шығар. Бізге келіп жеткен тамыры ғана, — деп жазады жыраудың тұңғыш библиографы Мәшїүр Жүсіп Көпеев. Бұқар Жырау мұрасын жинауда, жариялауда және зерттеуде Мәшїүр Жүсіп Көпеев, Қ. Халид, Г.Н. Потанин,Ш.Уәлиханов, Әуезов, С.Сейфуллин, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Қ.Мұқаметқанов, М.Мағауин, Р.Сыздықова секілді ұлт зиялылары еңбек сіңірді. Әдебиеттанушылар Бұқар Жырау толғауларының жазба әдебиетке тән сипат белгілерін атап айтқанда, әлеуметшілдік сарынын, азаматтық нысанасын, сондай-ақ, жыраудың даралық өзгешеліктерін талдаса (Әуезов), екіншілері өмірі мен шығарм-на үңіледі (Мұқанов, Жұмағалиев, Мұқаметқанов, Мағауин), соңғылары жыраудың тілі мен стилін қарастырады (Сыздықова).