Нәзирагөйлік және өнер жарысы: себептер мен салдар

Нәзира нәзирагөйлік (араб тілінен – жауап, ұқсату мағынасында) – Шығыс поэзиясында орта ғасырларда қалыптасқан әдеби үрдіс. Бір ақын жырлаған тақырыпты кейін басқа ақынның қайта жырлауы немесе алғашқы шығармаға екіншінің “жауап” қатуы. Бұл орайда бастапқы туындының сюжеті, кейіпкерлері, өлең ырғағы, ұйқасы, көркемдеу құралдары пайдаланылады. Ол 11 ғасырдан бастап сарай поэзиясында әдебиет тартысы, ақындық талантты сынау құралы ретінде қолданылған. Фердоуси сарынымен Нәзира үлгісінде жыр жазған Низамидың“Хамсасын” бағдарға алған нәзирагөйлік дәстүрі 13 ғасырдан өрістей бастаған. “Хамсаға” (“Бес кітап”) “жауап” жазу үрдісі дамып, бір ғана “[[Ләйлі – Мәжнүн” дастанына жүзден астам Нәзира жазылған. Низами дастандарының желісінде Дехлеуи, Науаи, Жәми, Физули сынды шайырлар бай мұра қалдырды. Нәзирагөйлік дәстүрі қазақ поэзиясында да дамыды. Алғашқы мифтерден, “Құран” желілерінен, “Мың бір түн”, “Тотынама”, “Шахнама”, “Ләйлі – Мәжнүн”, “Жүсіп – Зылиха”, т.б. ізімен жазылған қисса, дастандар қазақ әдебиетінде көптеп саналады. Соның бірі – Шәкерімнің “Ләйлі – Мәжнүн” дастаны (1907). Ал Абайдың ортағасырлық шығыс дастандарынан тамыр алатын “Ескендір” поэмасында нәзиралық үлгіден гөрі “дара сипат” басым. Қазақ әдебиеттану ғылымында Нәзира әдеби үрдісін М.Әуезов, Ә.Қоңыратбаев, Б.Кенжебаев,Р.Бердібай, Ш.Сәтбаева, А.Қыраубайқызы, Ө.Күмісбаевтар зерттеді.