Бұқар жырау және мәтінтану мәселелері

Бұқар Жырау қазақ халқының Жоңғар басқыншылығы тұсында, елдің болашағы қыл үстінде тұрған кезде өмір сүріп, сол алмағайып замандағы күрделі мәселелерге өз жырларымен жауап бере білді. Осындай ауыр сәттерде Абылай ханға дұрыс кеңес беріп, ел-жұртты басқыншы жауға қарсы күресте біріктіруге, бір тудың астына топтастыруға күш салды. Жыраудың “Абылай ханның қасында”, “Ал, тілімді алмасаң”, “Ай, Абылай, Абылай”, “Қазақтың ханы Абылай”, “Ханға жауап айтпасам”, “Басыңа біткен күніңіз”, “Ай, Абылай, сен он бір жасыңда”, “Ал, айтамын, айтамын” атты толғауларында ханның сол кездегі ұстанған саясаты мен көрегендігі, алғырлығы мен білгірлігі сипатталады. Ал, “Садыр, қайда барасың?”, “Бұқарекең біз келдік, Ақан, Төбет байларға” деген жырларында ол ел болашағы, татулық мәселелерін сөз етеді. Бұқар Жыраудың Абылай хан саясаты жөніндегі байламды пікірлері де орнықты, әділ. Ол қасындағы Қытай мен Ресей туралы да ұстамды бағыт ұстанады. Соның арқасында ата жауы Жоңғарлардың іштей іріп, азып-тозуы үшін ұтымды саясат қолдана отырып тарих сахнасынан кетуіне қолайлы жағдай жасағанын мақтанышпен жырлайды. Бұл орайда жырау Абылай ханды “әділдігі Наушаруандай, жомарттығы Хатымдайдай” деп бейнелейді. Тіпті, ханның әділдігі мен адамгершілік қасиеттерін де жоғары бағалай келіп, оның байлық-салтанатын “қырық мың атан тарта алмас” деп сипаттайды. Мұның бәрін жырау ханның жас кезеңдерімен тығыз байланыста алып қарастырады:“Қырық жасқа келгенде, Алтынды тонның жеңі едің. Қырық беске келгенде, Жақсы-жаман демедің. Елу жасқа келгенде, Үш жүздің баласының, атының басын бір кезеңге тіредің!”.Бұқар Жырау Абылай ханның “бәйгелі жерде бақ болған” әйгілі батырларын “өзіңе тұғыр болған төрт тірек” деп лайықты бағалай отырып, олардың тарихи ерлік істерін қазақтың абырой-арына біткен ерлер деп асқақ жырлайды.