Асанқайғы Сабитұлының қазақ әдебиеті мен тарихынан алар орны
Асан қайғы (Хасан) Сәбитұлы(14 ғасырдың ақыры – 15 ғасырдың басы) – мемлекет қайраткері, ақын, жырау, би, философ. Әз Жәнібекханның ақылшысы болған. Әкесі Сәбит Арал өңірінің Сырдария жағасын мекен еткен. Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, «Жеті әулие» қорымындағы Асан ата кесенесі - Асан Қайғы мазары делінеді.Оның өмір сүрген тұсы Алтын орда және қазақ халқының қалыптасу кезеңіне сай келеді. Асанқайғы шығармашылығында негізгі орын алатын қазақ тұрмысының өзекті мәселелерін арқау еткен философиялық-нақылдық жанрлар: толғау, терме, шешендік сөздер болып табылады. Асанқайғының шығармаларын жинап, зерттеумен Ш.Уәлиханов, Г.П.Потанин, М.Ж.Көпеев, С.Сейфуллин, М.Әуезов, тағы басқа айналысты. Жыраудың ақындық мұрасын бастыру XIX ғасырдың соңында басталды. Асан Қайғы заманында Алтын Орда ыдырап, оның орнына Қырым, Қазан, Өзбек хандықтары пайда болды. Ноғай ордасы тарап, Қазақ хандығының тарих сахнасына шығуы хандықтар арасындағы қым-қиғаш талас-тартысты аласапыран кезеңмен тұспа-тұс келді. Кейінгі ұрпақ әулие танып, аты аңызға айналған «көшпелілер философы» (Ш. Уәлиханов) атанған Асан Қайғы «өзінен қалған қысқа сын болжаулары, өсиеті арқылы өзінің жайынан да, заман аңғарынан да бірталай көрініс, білік-дерек береді» (М.Әуезов).Әз Жәнібек (туған жылы 1342) Бүкіл Алаш жұртын билеген, Алтын Орда ханы Асан жырау сол Әз Жәнібекпен бірге талай-талай мәселелерді баскаруға, шешуге араласады. Әз Жәнібек өлген соң Асан би Дешті Қыпшаққа қайта оралады. Алайда ордадан бөлінген рулар Шу, Сарысу бойына орналасқан соң, ел іргесі берік, ағайын арасы тату болуы жолында күреседі. Асанқайғы ең алдымен хандық үкіметті күшейту, елдің қорғаныс қабілетін арттыру қажет деп санайды. "Әз Жәнібек ханды уақытша табысқа мастанып кеттің, қазақ халқының, Алтын Орда болашағын жете ойламайсың деп сөгеді".