Халық көкейіндегі жайды тап басқан жырлардың ел арасында тез

"Қобыланды батыр" жыры - қазақ халқының қаһармандық жыры. Негізгі мазмұны – шетел басқыншыларынан елді қорғау, осы жолда асқан ерлік көрсеткен ер азаматтардың батырлық істерін көрсету. Көркемдік биік қасиеттері жағынан дүниежүзі халықтарының белгілі батырлық эпостарының қатарында тұрған классикалық шығарма.Жырдың ең көне түрі бізге жетпеген. «Қобыланды батыр» жырын жырлаған ақын, жырау-жыршылар өзі өмір сүрген дәуір тұрғысынан толықтырып, өңдеп, әрлеп отырған.Сондықтан да, «Қобыланды батыр» жыры көп нұсқалы жыр. Бізге талай ғасыр талқысына түсіп, талай ақын-жыраулардың өңдеуінен өткен кейінгі нұсқасы ғана белгілі.«Қобыланды батыр» жырын жинау, хатқа түсіру жайы тек ХІХ ғасырда ғана қолға алынды. «Қобыланды батыр» жырының бізге 29 нұсқасы жеткен. Оның 26 нұсқасы – Қобыланды батырдың ерлігі жайында, ал 3 нұсқасы Қобыландының балалары Бөкенбай мен Киікбай батырларға арналған.«Қобыланды батыр» жырының заңды жалғасы болып есептелінетін Қарлыға қыздың достығы, махаббаты, ерлік істері жайында тағы бір жыр бар. Бұл нұсқалардың көбісі кейінгі кезде жинақталған. Қай нұсқа болмасын алғаш хатқа түсіріп, оны жырлаған ақын-жыраулардың аттарымен (Мысалы: Марабай, Мергенбай, Біржан, Нұрпейіс, Қабыл, Сүйінішәлі, Дәулетше т.б.) аталған.Бұл нұсқалардың көпшілігі бұрыннан белгілі, халық арасына кең тараған, ғалымдар азды-көпті зерттеген жырлар. Кейінгі кезге дейін белгісіз болып келген – Дәулетше нұсқасы. Бұл – мазмұны жағынан, көркемдік сапасы жөнінен болсын биік, оқшау тұрған жыр. Жыр Марабай нұсқасына ұқсас. Бұл жырдың 1884 жылы араб әрпімен жазылған нұсқасы Қазан мемлекеттік университетінің кітапханасында сақтаулы.
М.Әуезов, С.Мұқанов, Ә.Марғұлан, М.Ғабдуллин, О.Нұрмағанбетова т.б. ғалымдардың зерттеу еңбектерінде «Қобыланды батыр» жырының мазмұндық, көркемдік қасиеті жан-жақты қарастырылған. Жеті буынды өлшемнен жырланған эпостың тілі айрықша көркем, эпитет, теңеу, салыстыру, бейнелеу, әсірелеу молынан кездеседі. Жырдың этникалық сипаты да біршама арнайы зерттелген.«Қобыланды батыр» жырының күрделілігі жер-су атауларынан байқалады. Жырдағы Көктем, Аймақ, Қызыл ер, Нарқызыл секілді көптеген антропонимдік атаулардың арқауында этнонимдік ұғымдар жатыр. Олардың бірі түркімен, бірі қыпшақ тайпаларына қатысты ұғымдар.Қазір бұл жырлар Мәскеу, Алматы, Орынбор, Қазан, Ташкент, Нөкіс т.б. қалалар мұрағаттарында, Орталық ғылыми кітапхана қоры мен Әдебиет және өнер институтының қолжазба және мәтінтану бөлімінде сақтаулы.