Көркем әдебиеттің тәрбие құралына айналу жолдары

Көркем туындымен танысу үстінде жасөспірімдердің қоршаған орта туралы түсініктері қалыптаса түседі. Табиғат әлемі, оның терең тылсым сырлары, жақсылық пен жамандық, әділдік пен әділетсіздік, обал мен сауап, сан алуан басқа да рухани-әлеуметтік мәселелер, қоғамдық, адамгершілік, тарихи-саяси құбылыстарды өз биігінен байқап барлайды. Жақсыдан үйренетін, жаманнан жиренетін өмірлік ғибрат алады. Соған сәйкес жас жеткіншек өз дәуірінің, өмір сүріп отырған заманының талабына сай азамат болып жетіледі. Әдеби шығарманы оқи отырып, олар ондағы образдар жүйесін, шығарманың тақырыптық-идеялық мұратын шәкірттік ақыл-таразысына салып, балаң ой елегінен өткізеді. Алған әсеріне қарай әрқайсысы өзінше баға береді. Ол мұнда өзін-өзі тану арқылы қоршаған ортаны түсінуге, оған өзінің қатысын саналы түрде сезінуге, айналаға, қоғамға өзінің көзқарасын жалпыадамзаттық құндылықтар тұрғысынан жүйелеуге, өзінің өмірлік ұстанымын анықтауға құлшынады. Өзін-өзі тану өзін дамытудың, жеке тұлғаның дербес белсенділік көрсетуінің, өзінің қабілеті мен әлеуметтік мүмкіндігін ашудың қажетті шарты болып табылады. Соның нәтижесінде оқушы өзінің дербес өсу және өзіндік жетілу қабілетіне ие болады. Сөйтіп, шәкірт адами толысуын, өмірдің мәні мен өзінің ондағы мақсатын ұғынады.