Ежелгі жазба мұралардағы мемлекет тарихы мен көркем әдебиет

Руна жазуындағы тарихи-эпикалық түркі жазба ескерткіштерінің ең көне үлгілері түркі халықтары тарихындағы аса көрнекті мемлекет қайраткерлері, ержүрек қолбасшы Күлтегін туралы Кіші және Үлкен жазулар, Шығыс түркі қағанатының атақты қағандарының бірі Білге қаған туралы және оның кеңесшісі әрі әскер басы Тоныкөкті мадақтауға арналған жазулар Солтүстік Монғолиядағы Орхон өзенінің бойынан табылғандықтан "орхон жазба әдеби ескерткіштері", ал Енисей өзені бойынан табылған жазулар "енисей жазба ескерткіштері" деп аталады. Көне түркі әдебиетінің бұл көне үлгілері құлпытастарға қашап жазылғандықтан руна жазулары деген атқа ие болған. Күлтегін және Тоныкөк жазба ескерткіштерінде түркі қағанаты құрыла бастаған кезден VІІІ ғасырдың басына дейінгі тарихи оқиғалар әңгімеленеді. Шығыс түркі қағанатының құрылуы мен нығаюы, түркі халқының Қытай билеушілер құлдығынан құтылуы, қаһарман қолбасшы Күлтегін мен басқа қағандардың, қағанның дана кеңесшісі әрі әскербасы Тоныкөктің сыртқы жауға қарсы әскери жорықтары баяндалады. Халық қошеметіне бөленген батырлар мен қағандарды дәріптеу, олардың ерлік істерін қаһармандықтың үлкен өлшемі ретінде мадақтау - Орхон ескерткіштеріне тән басты белгілер. Жазулардағы мәтіндер ел билеушілері мен халықты ата-бабаның арман-мұратына адал болуға, мемлекет басқарған қағандармен ауыз бірлікте болуға, елдікке, адамгершілікке шақырады, түркі мемлекетінің беріктігі мен біртұтастығын өзекті идея етеді. Орхон жазба әдеби ескерткіштері көне заманда Орталық және Орта Азия мен Оңтүстік Сібірді қамтыған ұланғайыр аумақта түркі тілдес халықтардың барлығына ортақ кең тараған әдеби тілі мен дамыған жазба әдебиеті болғандығын толық дәлелдейді.