Әбден «егеліп, қайралған» аңыздар мен мифтердің классикалық

Әдебиет өмір шындығының көркем бейнесі десек, әдебиет тарихы да халық тарихымен тығыз байланысты. Еліміздің рухани өмірінің жарқын көрінісі, елеулі бір саласы ретінде көркем сөз өнері ел тарихымен бірге қалыптасып дамыды. Адам санасы, ой-өрісі мыңдаған жылдар бойы жетілетін тарихи құбылыс екендігін ескерсек, әдебиет адамзат тарихындағы көркем ой жетістіктерінің бірі екендігі даусыз ақиқат. Көне дәуірдегі түркі жазба әдеби ескерткіштеріне сақ-ғұн дәуіріндегі әдебиет туындылары, түркі және қытай халықтарына ортақ мәдени мұралар, Иран мен Тұран әлеміне ортақ әдеби шығармалар, түркі-моңғол бірлігі заманындағы әдеби мұралар, көне түркі әдебиетіне жататын Орхон-Енисей руна жазба ескерткіштері, оғыз-қыпшақ дәуіріндегі әдебиет мұралары - "Қорқыт ата кітабы", құмандардың "Кодекс Куманикус" жазба туындысы, "Оғызнама" дастаны, Қарахандықтар тұсындағы әдебиеттің көрнекті өкілдері Жүсіп Баласағұнның "Құтты білік" ("Құт әкелетін білім") еңбегі, Махмұд Қашқаридің "Диуани луғат-ит-түрік" ("Түркі сөздерінің жинағы") кітабындағы аңыздар мен әпсаналар, әдеби-поэтикалық үзінділер енеді. Бұл шығармалардың барлығын дерлік түркі халықтарының ортақ рухани байлығы деп бағалаған жөн.