Жырдан елдік тарихқа көшетін деректер

Даланың батыр – сайыпкерлері бір мезгілде әрі өлең құрастырушы, әрі поэтикалық жыршы да бола білген. Халық осы сарбаздарды, ақындарды, композиторларды, ойшылдарды жақсы көрді, кездесуге құштар болып, оларды моральдық жағынан демеп, қошемет көрсетіп отырды.
Осы дәстүрді жалғастыра отырып Махамбет толығымен дала серісінің үлгісіне әрі идеалына сәйкес келді, ол тек сарбаз – ақын ғана емес, өз шығармаларын орындаушы музикант – композитор да болды. Өзінің алдындағы поэтикалық дәстүр сабақтастығымен бірге, Махамбет музикасының ғұмыр кешкен дәуірге әрі өзінің жеке басына байланысты қайталанбас та жеке – дара ерекшеліктері бар. Дәстүрлік пен сыр – сипаттың қос бірлігі дала жыршысы шығармашылығының өзегіне айналды. Махамбеттің барлық жырлары даралығына қарамастан, ортақ рухпен, асқақ та драмалық патетикамен, проблематикамен, идеялық – көркем мазмұнмен өрнектелген. Махамбеттің жырларында эпос, драма мен лирика бір – бірін алмастырып қана қоймай, өзара жымдасып жатады. Ерлердің (1835-1837 жылдарда Бөкей ордасы қазақтарының антифеодалдық көтерлісінің басшысы Исатай Таймановтың, оның үзенгілес әріптесі Махамбеттің де) ерлігі, олардың ерліктерінің асқақ көрнісі, өзін - өзі құрбан ету (эпикалық) Махамбетке өкінішпен, торығумен, үмітсіздікпен (драмалық), адам тіршілігінің мәні, ажал мен мәңгілік, адамның алатын орны, оның идеалдары, рухани құндылығы (философиялық лирика) туралы ойлармен ұштасып, астасып жатады. Ақын шығармашылығының мән – мағынасы, басқаша айтқанда, оның шығармаларының тақырыбы әр жырының тұтастығын, гармониялық бірлігін сипаттайды. Таным мен сипаттың осы мән – мағынасы Махамбетке жалпы түрде адамдардың әлеуметтік мінез – құлқының сыртқы күштерге, ішкі жан дүниеге қатысты, сондай – ақ ойы мен көңіл күйінде айналшықтап отырады. Осы сипаттар қоғамдық өмірдің, оның сұранысы мен қажеттілігінің айшықты белгілерінің дербес жүзеге асуы түрінде байқалады.
Махамбет жырларындағы кейіпкерлер кездейсоқ емес, ол сол дәуірдің шынайы қажеттілігінен, әр түрлі әлеуметтік мүдделердің қарсы тұруынан туындаған. Ақын тарих сахнасына шыққан ерлердің жауапкершілікті, жаугершілік ауыртпалықты өзіне алуының, ізгіліктен бас тартуының заңдылығы жайлы терең де ойлы ойды зергерлей отырып негіздейді.
Ал, өз мүддесінінің өзегіне әлеуметтік қайта құру, қоғамдық қатынастарды түбегейлі өзгертуді мақсат етіп қойғандықтан Махамбет поэзиясы осы түпкілікті мақсат пен міндетке бағындырылған. Оның шығармашылығының ерекшелігі де осы да. Ақын ықтиярсыз да, парасаттылықпен де тақырып таңдауда өзін - өзі шектейді, әртүрлі – тақырыпқа, табиғат пен қоғамның мәнділігі жайлы абстрактілі пайымдауда кез келген дүниеге бас ұрмайды.
Махамбет кәдімгі он екі жілік, бір мығым жұмыр басты пенденің ертегідегідей аңызға айналуының, тек ертегіде ғана кездесетін ғажайып ерлердің қайтадан шындыққа айналуының таптырмас бір мысалы. Бұрын кез-келген қазақ жырын жатқа білетін ақын Махамбет, атының әрбір әрпі атой салып тұрғандай естілетін батыр Махамбет кейінгі жылдары табылған бұлтартпас дәйекті деректер көрсеткендей күйші де екен. Қапелімде, қай құлаққа да таңсық естілер бұл дерекке де таң қалатындай ештеңе жоқ сияқты. Батырдың найза ұстамауы миға қандай қонбаса, ақынның домбыра ұстамауы да сондай ақылға сыймайтын нәрсе. Бірақ, бұл екеуінде ақынды да, батырды да желпіндірер халық басындағы тасқын күш, топан ашу, толағай тағдыр болғанымен, кез-келген көк найзалы батырдың қызыл сөзге суырылып тұрған ділмәр шешеннің семсерін жарқылдатып қан майданға шыға бермесі қандай ақиқат болса, қолына домбыра ұстаған кез-келген ақынның сөзді қысып, сазды сөйлетер аруақты композитор бол бермейтіні де сондай ақиқат. Ал, Махамбеттің адам таң қалатын жері де, сол бола берместің бәрін болдырта білгендігінде ғой. Алдымен Махамбет болу қиын, ал Махамбет болғасын батыр болу да, күйші болу да оп-оңай сияқтанып тұратындығы да осыдан шығар.