Қазақ халқының ұлттық өнеріне тән басты ерекшеліктер

Әр ұлттың өзіне тән ерекшелігі бар. Оны музыка мәдениетінен, би өнерінен, қол өнерінен, тұрмысынан байқаймыз. Ән,күйлерді тыңдай отырып, билерін,ою-өрнектерін,зергерлік әшекей заттарын көре отырып, оның қай ұлтқа тән екенін ажырата білуге болады. Осылайша қазақ ұлтын да оңай ажыратуға болады. Қазақ халқының бұрыннан пайда болған салт-дәстүрлері басқа көршілес жатқан ұлттардың салт-дәстүрлеріне ұқсас болып келеді. «Қырғыз, қазақ бір туған» деген мақал қазақ халқы мен қырғыз халықтарының бір-біріне өте ұқсас екенін көрсетеді. Сонымен қатар, түркі тілдес халықтар да қазақ халқымен бір қандас болып келеді.Қандай халықтың болмасын салт-дәстүрлері сол халықтың мінез-құлқын, қасиеттерін таныта алады. Мысалы:қазақтарға тән бауырмалдық,ақжарқындық, қонақжайлық. Әрине, бұл қасиеттер басқа халықтарда да кездеседі. Бірақ бұл қасиеттер әрхалықта әр қырынан көрініс береді. Сонымен ұлттардың салт-дәстүріндегі мінездері мен қасиеттері бір-біріне ұқсап,бірін-бірі толықтырады.Қазақ халқының салт-дәстүрлері осы ұлттың мінез-құлқын,қасиеттерін көрсетеді. Кейбір салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары сол халықтың тұрмысына, тәрбиесі мен мінезіне, сеніміне,ырымына, қарай қалыптасып, келеді. Қазақта «Алты жыл аш болсаң да,атаңның салтын ұмытпа» деген мақал бар. Той-думандарда, жиындар мен мерекелерде орындалатын осы қазақ халқының салт-дәстүрлері оның ұмыт болмағанын паш етеді.Қазақ халқының салт-дәстүрлері тіршілік кәсібіне, наным сеніміне, өмірге деген көзқарастарына байланысты, ұрпақтан-ұрпаққа берілгенде ауысып, өзгеріп, жаңарып отырады. Қазіргі уақыттың өмір ағымына байланысты кейбіреулері түрленіп қана қоймай, жаңадан еніп те жатыр. Жеке тұлғаның жалпы дамуына, ұлттық тәрбиесіне, көркемдік талғамына үлкен мүмкіндік беретін халықтық қолданбалы өнердің табиғатын, оның адам, қоғам өміріндегі атқаратын қызыметінің мәнін зерттеген орыс ғалымдары: И. Я. Богусловская, В.Б. Воронов, С. М. Темерин тағы басқалар өз еңбектерінде бұл өнердің өміршеңдігін, қайталанбас көркемдік құндылығын айқындай отырып, оның тәлім – тәрбиелік маңызына да баса назар аударды.