Қыз Жібек жырының табиғаты туралы ғалымдар пайымдаулары
Әйгілі Мұхтар Әуезовтің өзі Қыз Жібек жыры туралы: «Әңгімесі көп заманнан бері ел аузында сақталып, жыр болып айтылып келген және қазақтың романтикалық ғашықтық жырлары ішіндегі бір көркемі, көлемдісі» деп сипаттаған . Сонымен қатар Мұхтар Әуезов 1948 жылы жазылған зерттеуінде: «Жібек әңгімесі шын оқиғадан туған, бірақ дәл қай кезде туып жасалғанын кесіп айту қиын. Мөлшермен айтқанда, «Қыз Жібек» әңгімесі XVII ғасырда туғанға ұқсайды» деген жорамал келтірген. «Қыз Жiбек» дастаны оқиғасы батыс жоңғарларын Моншақты Аюке (1670-1724 жылдар) билеп тұрғанда болған. Яғни бұл кезде Аюке билiгi iргелес жатқан қазақтарға да жүрдi. Аюке қазақтарға үнемi шапқыншылық жасап тұрды. Дәл осы кезде Сарыарқа даласының бiр шетiнде, батыстағы жайлауына барған Базарбайлар мен оңтүстiктен барған Сырлыбайлардың ауылы бiр-бiрiн қазақтың ежелден келе жатқан дәстүрi бойынша ерулiкке шақырып жатқан тұсында Төлеген мен Қыз Жiбектiң арасындағы ғашықтық оқиғалар басталды. Бұл ХVII ғасырдың соңы немесе ХVIII ғасырдың басы» – дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор Сәбит Жолдасов.Белгілі жазушы Мұқадес Есләмғалиұлы да «Қыз Жібек» жырының тарихи шындыққа ең жақын нұсқасын Сегіз сері жырлаған деген пікірді айтқан екен.«...Сегіз сері 1834 жылы шекті руының қабақ тармағынан тараған Арыстан Тіленұлының үйіне келіп түседі. Арыстан оны құшақ жая қарсы алып, бірнеше күн жібермей қонақ етеді. Бұлармен бірге жағалбайлы Жанқасқа жырау болады. Бұл екеуі әуелі «Айман-Шолпан» жырының оқиғасын баян қылады. Осыдан кейін «Қыз Жібек» жырының бұрынғы қысқа нұсқасына қоса, оқиғаны толық әңгімелеп береді. Жез көмей ақын сол жиында кеңінен «Айман-Шолпан», «Қыз Жібек» дастандарын жырлайды».