Ақылбек Сабалұлы һәм қазақ қисса дастандары
Ақылбек Сабалұлы (17.09.1880, бұрынғы Семей облысы, Қарқаралы уезі — 04.01.1919, қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Бесқарағай ауданы, Бестерек мекені) — ақын. Ахмет Риза медресесінде оқып, араб, парсы, түрік тілдерін жетік білген. Ақындық өнерде Абайды ұстаз тұтқан. Шығыс әдебиетінің қисса-хикаяларын аударып, қазақ жазба әдебиетінің тақырып көлемін кеңейтіп, уақиғалы поэма-дастандар жазып байытады. Қазан баспасынан шаққан қиссалары: “Таһир-Зүһра” (бұл поэмасы “Ғашық-наме” (1976) жинағына кірген), “Бозжігіт”, “Қисса Марғұба”, “Ибраһим”, “Хикмет Нығымет”, “Қырық уәзір”, “Алтын балық”, “Дандан ғашық” т. б. Қазаннан басылып шаққан төл шығармалары: “Мағшұқ наме” — жастық-махаббат жайындағы өлеңдер, “Назым”, “Сұм заман”, “Ғибратнама”, “Сәтбек батыр" т. б. Өз қолынан жазған еңбектерінен үш қолжазбасы бар. Өлең-жырларының негізгі тақырыбы: адамгершілік, адалдық, әділеттік, өнер-ғылым мәселелері. Ақылбек кітаптары Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан қаласының үлкен кітапханаларында сақталған. Бейіті Жалқайың баурайында, Сарыой деген жерде орналасқан. Ақылбектің есімі қазақ әдебиетінің тарихында кітаби, қиссашыл ақын ретінде белгілі. Оның Қазан баспасынан шыққан аудармалары: «Таһир - Зуһ-ра», «Бозжігіт», «Ибраһим», «Ғибрат наме», «Қисса Марғүба» мен төл шығармалары: «Мағшұқ наме», «Назым» т. б. негізінен шығыстық сюжетке құрылған. Ол ақындық жолда Абайды өзіне ұстаз тұтқан, әдеби туындылары тақырыптық жағынан Абай шығармаларымен тамырлас. Өлең-жырларында Абай поэзиясына тән адамгершілік, имандылық, әділеттілік, бұқараны, әсіресе, жастарды оқу білім, ғылым мен өнерге үндеу желісі молынан көрінеді. Ол Абайдың үлгісімен өз заманының күңгірт жақтарын, әлеум. теңсіздікті батыл әшкерелеп, өмір құбылыстарына сын көзімен қараған.