Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің революцияға дейін жарияланған шығарма

Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы (1858—1931, Павлодар облысы, Баянауыл ауданында туған) — ұлы ойшыл, фольклор танушы, этнограф, тарихшы, философ, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің белгілі тұлғасы. М.Ж. Көпеев заманының бұқарашыл, алдыңғы қатарлы, биік мақсат қоя білген ақыны болды. Өлеңдерінің дені философиялық ой-тұжырымдарға құрылған. Өз заманының озық ойлы күрескер қаламгері ретінде көкейтесті мәселелерді өз шығармаларына арқау еткен. Ол қазақ әдебиетін де, ислам діни әдебиетін де өте жақсы білген және насихаттаған. Барша жұртшылықты жақсы қасиеттерге үндеп, жамандықтан аулақ болуға үндейді. Мәшһүр Жүсіптің "Сарыарқаның кімдікі екендігі” атты кітабы тұтас халқымыздың ішкі-сыртқы жағдайын толғайтын дүние. Бұл еңбек 1907 жылы баспадан шықса да 1917 жылы cәтті бастама көтерген алаш азаматтарының ой-арманымен тоғысып, үйлесіп жатыр. Ақын діннің, жердің, малдың кеткенін, елдің азып-тозып нашарлағанын айта келіп: "Күн батысы – Сырдария, күншығысы – ұзын аққан Ертіс, оңтүстігі – Жетісу өзені, солтүстігі – Еділ, Жайық. Бұл қазақ иесіз жатқан жерге келіп ие болған жоқ, ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен кеше Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, қаз дауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек заманында жаннан кешіп, сусын орнына қызыл қан ішіп, жаудай алысып, жаттай салысып, күні-түні атысып, қара қанға батысып, шыбын жанын нысанаға байлап, не маңғаз, сарбаздары жау жолында оққа ұшырап өліп, сөйтіп алған жері еді”, – деген. Ақын үзбей өлең жазып, халықты өнер-білімге шақырғаны мәлім. Мәшһүр Жүсіптің түпкі арманы – халықты жаппай сауаттандыру еді. Алайда, ол мұндай игілікті іс тек сөзбен ғана іске аспайтынын, ол үшін қолда билік болуымен қатар, мол қаражаттың қажет екендігін кейін сезінді. Амалсыз ішкі мұң-шерін тағы да өлеңмен шертті. Ол көпшіліктің берекесін алатын, жарастығын бұзатын озбырларға үнемі қарсы тұрып келіпті.