Жүсіпбек Шайхисламов туындыгерлігі
Шығыстық медресе, мектептерде білім алған ақын-жыраулар бізде шығыстық дәстүрдің қалыптасуына зор үлес қосты.20 ғ. шығыс әдебиеті мен өнерін игерген Жүсіпбек Шайхисламов сияқты сауатты ақындар қазақ әдебиетіне тың екпін әкелді. Жүсіпбек Шайхисламов шығыстық дәстүрлі тақырыптарды заманмен үндестіре жырлап, қазақ даласына қазақы үрдіспен жеткізе білді.Соның нәтижесінде шығыс әдебиетіндегі гуманистік, адамгершілік, ағартушылық сарындар қазақ әдебиетінде бой көтерді. Жүсіпбек Шайхисламұлы – 19 ғ. соңы мен 20 ғ. бас кезінде нәзира дәстүрінде қалам тербеген, қазақ жазба әдебиетінің қалыптасуына мол еңбек сіңірген кітаби ақын. Ғылыми деректер бойынша ол Қазан төңкерісіне дейін жиырма үш жеке атаумен кітап бастырған.Кітаби ақын олардың бірін өзі жазса, келесісін ел аузынан жазып алып, өңдеп кітап етіп бастырып отырған.Ж.Шайхисламов кітаби ақын ретінде, ең алдымен қазақ фольклорының жазылып алынуы, өңделуі және кітап етіп бастырып шығару мәселесінде ерекше еңбек етті.Бұған мысал ретінде кітап етіп бастырған «Қисса Алпамыс», «Қыз Жібектің хикаясы» секілді фольклорлық шығармаларды айтуымызға болады.Сонымен бірге Жүсіпбек фольклорлық шығармаларды өңдеумен шектеліп қалған жоқ, фольклорлық туындыларды негізге ала отырып жаңа нәзиралық шығармалар жазды.Бұлар – «Мұңлық-Зарлық», «Қисса Дотан» секілді шығармалар.Кітаби ақындардың, соның ішінде Ж.Шайхисламовтың шығармашылық мол өнім берген ерекше қыры – Шығыс фольклоры мен әдебиетінен алып қазақ тілінде нәзиралық шығармалар жазу. Бұл – қазақ кітаби ақындарының басты шығармашылық кредосы болды.