«Мың бір түн» мотивтері арқылы жырланған ақындар шығармашыл

«Мың бір түн»– араб әдебиетінің орта ғасырдағы классикалық шығармасы. “Мың Бір Түн” белгілі бір қаламгердің шығармасы емес, араб-парсы халықтарының әр кезеңде туындаған ауыз әдебиеті үлгілері. Шығарма әйелдер қауымын жазықсыз жазалаған Шахрия патша мен уәзір қызы Шаһризаданың мың бір түн бойы айтқан қызықты әңгімелері арқылы ажал сағатын ұзартқаны төңірегінде өрбиді. Мың бір хикаяны әсерлі жеткізген ақылды қыз өмірі үшін күресіп, патшаның жауыздық әрекеттерін хикая-мысалдармен астарлай көрсетеді, қатыгездіктен бойын аулақ салуға үндейді. Соңында ол өлімнен қорықпайтынын мәлімдейді. Шығарма билеушілерінің озбырлығын әшкерелеу, жаман әдеттерден тыйылуға шақыру мақсатында туған. Шығыс елдерінде “Мың Бір Түн” сюжетінің желісінде жазылған жыр-дастандар нәзирагөйлік дәстүрін қалыптастырды. Қазақ әдебиетінде шығарма желісі бойынша “Шәкір – Шәкірат”, “Орда – Күлше”, “Мәлік – Хасан”, “Қасым – Жомарт”, “Сейфүлмәлік” сынды қисса-дастандар туған. Мәселен, «Шәкір-Шәкірат» – батырлық дастан. Ол қазақ арасына кең тараған қиял-ғажайып ертегілер мен «Мың бір түннен» алынып, жеке қиссаға айналдырылған. Дастанда ағайынды Шәкір мен Шәкірат атты екі жетім баланың көптеген қиындықтарды бастан кешсе де, адамгершілік, парасаттылық жолдан таймай, бір-біріне көрсеткен адалдығы мен қайырымдылығы, халық алдындағы беделі жан-жақты баян етіледі. Қазақ халқының талай ұрпағы жаттап өскен дастан алғаш рет 1840 жылы Қазан қаласында «Қисса-и Шәкір-Шәкірат падиша һашим балалары» деген атпен жеке кітап болып басылды. « Сейфілмәлік-Бәдіғұлжамал» - оқиғасы "Мың бір түннен" алынып, ел арасына кең тараған ғашықтық дастан. Тұңғыш рет 1807 жылы "Сейфүлмәлік" деген такырыппен шағатай тілінде жарияланды. Бұл дастан – шығыс сюжетіне құрылса да, қазақ халқының ауыз әдебиетімен орайласып, үйлесіп кеткен шығарма.