Орхон-Енисей ескерткіштері және Есік жәдігерліктері

Орхон-Енисей жазбасы — Орхон және Енисей өзен бойларында табылған көне түркі жазуымен жазылған жазбалар. Оның ішінде әйгілі Білге қаған, Күлтегін, Тоныкөк құлпытастарындағы жазбалар. Орхон-Енисей жазбалары — көне түркі жазба тарихи-мәдени ескерткіші. Көп уақытқа дейін сыры беймәлім, қай тілде жазылғандығы белгісіз болып келген. Орхон-Енисей жазбаларын руналық жазбалар деп те атайды (Скандинавия халықтарының тілінде "рунь" сөзі "сыры ашылмаған", "құпия" деген мағынаны білдіреді). Тек 1893 ж. ғана даниялық ғалым В.Томсен құпия жазуды оқудың кілтін ашады. Біраз жылдардан кейін орыс ғалымы В.В.Радлов Орхон өзені бойынан табылған үлкен тастардағы жазуды толық оқып, аударды. Руна жазуындағы ең үлкен ескерткіштер Орхон мен Енисей өзендері алқабынан табылғандықтан, жазудың өзін де осылайша атап кетті. Орхон-Енисей жазбалары Шығыс Түркі қағанатының қағаны Білге мен оның інісі Күлтегін қабірлеріне қойылған орасан зор құлпытастарға қашап жазылған жыр жолдары болып шықты. Жырға арқау болған негізгі мәселелер - елдің тәуелсіздігі, береке-бірлігі. Тасқа жазылған ескерткіштерде негізінен Түрік қағанаты, оны билеген қағандар, олардың ерлігі жайында сөз болады. «Күлтегін» және «Тоныкөк» жырлары өткен дәуірден нақты мәлімет беруге арналған тарихи деректер. «Күлтегін» жырының басты идеясы – Күлтегін батырды Түрік қағанатының құдіретті тұлғасы етіп көрсету. «Күлтегін» жырының авторы – Йоллығтегін.Түрік қағанаты тарихында Тоныкөк тұлғасы ерекше орын алады. Ол Елтеріс қаған және Білге қағандарға кеңесші болған. Тоныкөк ел қамын ойлаған ақылгөй, дана қарт. Түрік қағанатына төрт жағынан жау қаптағанда, Тоныкөк ақыл кеңесімен де, тапқыр сөзімен де, батырлық істерімен де қағандарға көмектесіп отырады. Орхон жазба жәдігерліктері ішінде «Тоныкөк» жыры ерекше орын алады. Бұл жырдың авторы бөлек, оны Тоныкөктің өзі жазған деген болжам бар. Екіншісі – руна жазуындағы бұл жәдігерліктерді поэзиялық туындыға тән барлық белгілері бар, ежелгі түркілердің өзіндік әдеби дәстүріне негізделген көркем туынды деп таныды.