Жазудың пайда болу тарихы
Жазу- адамның ой-пікірін, хабарын, мағлұматын таңбалар арқылы жеткізуді қамтамасыз ететін белгілер жүйесі. Жазудың пайда болуы адамдардың қарым-катынастағы уақыт пен кеңестік кедергісін жойды. Оның алғашқы нұсқалары өте ерте заманда жасалды. Жазу қатынас құралы ретінде пайдаланылған суреттер мен шартты белгілерден кейін пайда болған. Өз ойын басқаға жеткізу үшін адамдар әуелде заттың өзін пайдаланды. Мысалы,кеткен бағытын көрсету үшін жолға бұтақ тастаған. Кейін осы мақсатпен ағашқа садақтың оғын қадап кеткен.Ойды зат арқылы білдіру үрдісі ежелгі замандарда тайпалар арасындағы елшілік қарым-қатынастарға да пайдаланылған. Кейін мұндай рәміздік зат орнына таңбалар бедерленген бұйымдар қолданылған.Осылайша алғашқы жазу пайда болған.Адамдар алғашқы жазу құралы ретінде саз балшықтан жасалған тақтаны, ағаштың қабығын, т.б.пайдаланған. Жазу жүйесі таңбалардың жиынтығынан құралған. Ол таңбалар тұтас хабарды, не сөзді, не буынды, не дыбысты белгілейді. Әр таңбаның графикалық формасы, белгілі бір мағынасы болады. Таңбаларының мағынасына қарай адамзат тарихындағы жазу төрт түрге бөлінеді: 1) пиктографиялық жазу- жазудың ең көне түрі. Зерттеушілер жазудың бұл түрі неолит дәуірінде пайда болған деп есептейді.Мұнда хабарлануға тиісті оқиғаға қатысты заттардың суреті салынады. Суретін салуға болмайтын абстракт ұғымдарды беру үшін басқа заттардың суреті қолданылған. Мысалы, бақыттылықты, олжаны- тасбақаның, махаббаты-сызықшамен қосылған екі жүректің, достықты –ұстасқан екі қолдың, соғысты садақ оғының суретімен белгіленген; 2) идеографиялық жазу- жекелеген сөздерді, морфемаларды сурет арқылы немесе шартты таңбалар арқылы белгілейді. Онда әр сөздің тұрақты графикалық таңбасы, әр таңбаның меншікті мағынасы болады.Идеографиялық жазудың бір түрі- иероглиф жазу; 3) буын жазуында -сөз құрамындағы әрбір буын жеке таңбамен белгіленеді; 4) дыбыстық жазу (әріп жазуы)- жазудың дамып жетілген түрі, тіл дыбыстарын, фонемаларды әріппен таңбалайтын жазу жүйесі. Дыбыстық жазулардың ең көне түрлері- финикия, армей және грек жазулары. Көне түркі жазуы да дыбыстық жазудың ең ежелгі түріне жатады. Көне Түркі жазулары немесе Көне түркі алфавиті - дыбыстық жазу түрі, яғни сөздегі дыбыстарды таңбалап жазады. Негізінен ҮІ-Х ғасырларда үлкен аймаққа таралған. Көне Түркі жазуларын ғалымдар үш топқа бөліп қарайды:Енисей ескерткіштері.Талас ескерткіштері.Орхон ескерткіштері.Орналасу жері болмаса, бұлардың қолданылған жылдарының айырмасында және жалпы жазу таңбаларының қолданылуы арасында елеулі айырмалар жоқ. Алайда Түркі жазбаларының жазылу мерзімдеріне қарағанда алғашқы Енисей-Лена бойынан, Сібірден, Байкал аймағынан Монғолия далаларына, Орхон жеріне, одан Қазақстан мен Қырғызстан, Шыңжаң жеріне қарай біртіндеп таралғанын көрсетеді. Ал жазылу үрдісі, таңбаларының қолданылуы ұқсас, оқылуы біркелкі.