А. Левшин. Қырғыз-қайсақтар ордасының климаты
Құрметті оқырман, А. Левшиннің қазақтар туралы жазған зерттеу еңбегінің екінші бөлімін назарларыңызға ұсынамыз. Бұл еңбек 1832 жылы жарық көрген. «Қырғыз-қазақ немесе қырғыз-қайсақ далаларының сипаттамасы» атты кітап қазақтар жөнінде алғашқы монографиялық еңбек. Тарихи құжат болғандықтан еңбекте кездесетін атауларды өзгертпей, солайша қалдыруды ұйғардық.
namys.kz
Екінші бөлім. Климаты.
Қырғыз-қайсақтар ордасы ұлаң-ғайыр жерді алып жатқаннан кейін ауа-райы бірыңғай болуы мүмкін емес. Тау мен тасы, су мен өзені, құм мен орманы жайында көп жазылмаған. Саяхатшылар тек бірнешеуі жайлы ғана айтып өткен. Қолымыздағы мәліметтердің аздығына қарамастан барлығын бір жүйеге салып, бірнеше аймаққа бөліп, әрқайсысына тоқталып өтуге болатын еді. Оқырмандарымыз үшін осындай әдіспен жалпылама сипаттап таныстыруға болады, дегенмен біздің мақсатымыз бөлек. Мақсатымыз қырғыз-қайсақтің жері жайында нақты мәлімет бергіміз келеді. Мейлі, толық болмаса да, тек шынайы ақпарат.
Сонымен, өткен бөлімде шекарасын көрсеткен елдің ауа-райына тоқталып өтейік.
Елдің ауа-райы екі қарамайшылықтың бірігуінен тұрады, қыстың қатты аязы мен жаздың қапырық ыстығы. Қыстағы аяз даланың солтүстігінде мекендеген кіші мен орта ордалардың жерлерінде байқалады. -30° аяздан асып түсу жиі кездеседі, тіпті бұл ызғарды Сыр аймағында да сезуге болады. Әрине, бұл кезде барлық өзен-сулар қатып, даланы қар басады. Қырғыз-қайсақтар үшін қыс мезгілі аязымен емес, жел мен бораннан қауіпі көп. Дүлей борандар олардың үйлерін қармен басып, мал-мүлкіне айтарлықтай зардап әкеледі.
Қыстың аязы өткеннен кейін, жаздың ыстығының да ауыртпашылығы бар. Табан астындағы жер ысып, үлкен көлдер мен ормандардың жоқтығы қапырыққа апарады. Саяхатшылардың айтуы бойынша, аң мен құс аптап ыстықтан індері мен үңгірлерде тығылады. Сыр маңында, әсіресе Қарақұмда сәуірдің аяғының ыстықтан тіпті шөптің өзі сарғайып кетеді. Орал маңындағы аймақта солтүстікке жақындығына қарамастан жазы өте ысы. Күннің көзінде 50°, көлеңкеде 34° дейін барады. Осындай қайнаған ыстықта тіпті жұмыртқаны құмда пісіріп алуға болады. Бұндай тәжіребиені өзіміз істеп көрдік. Түнгі уақыт күндіз сияқты ыстық болмаса да, тыныш ұйықтау қиынның қиыны. Керісінше күздегі түн уақыты күндізбен салыстырғанда салқын келеді.
Сипаттап отырған еліміздің ауасы таза. Жергілікті тұрғындардың өздері де, шетелден келгендер де денсаулығы жақсарып, көңіл күйлері тамаша болады.
Желдің күші қатты, көп жерлерде жыл он екі ай соғып тұрады. Соның кесірінен жоғарыда жазғанымыздай қыста қатты боран тұрады. Жазда жеңіл заттарды көтеріп кететіндей құйын соғады. Жел негізінен солтүстік-шығыстан соғып тұрады.
Қырғыз даласында жаңбыр аз жауады. Тек таулар баурайында жиі жауып, ен далада жер тез құрғап кетеді.
Жыл мезгілдерін қысқаша былайша сипаутауға болады: көктем қысқа ғана уақыт, жазы құрғақ пен ыстық, күзі жаңбырлы, қысы ұзақ әрі аязды.
Оқырмандарымыз үшін басқа да зерттеушілердің пікіріне тоқталып өтейік. Олардың жазуынша, Мұғалжар тауы Кіші орданың шекарасы іспеттес. Оның оңтүстік жағы солтүстігіне қарағанда жылылырақ. Кейін оңтүстікке қарай жүрсек, Сыр қырғыз-қайсақ даласының кезекті климаттық белдеуі екенін байқауға болады. Орта ордасының жайлаулары Желдіадыр таулары арқылы өтеді. Таудың екі бетіндегі жерлердің өзі бір-бірінен айтарлықтай өзгеше.
Үстіртте аяз -30° дейін барады. Бұл қалыпты климат. Қары қалың, 2-3 футқа дейін жетеді (шамамен бір метр).
Екінші бөлімнің соңы.
А. Левшин.
«Қырғыз-қазақ немесе қырғыз-қайсақ далаларының сипаттамасы»
Аударған Рүстем Нүркен