Ахметтің андушысы өзінің көршісі болған
«1935 жылдың маусым айы болатын. Халық ағарту наркомында істейтін кезім еді. Бастығымыз Жұбанов Құдайберген болатын. Ол 1899 жылы туып, 1937 жылы зұлматқа ұшырап атылып кеткен қазақтың тұңғыш тіл білімінің негізін салушы, фонетикасын жасаушы, етістік құрылымын зерттеуші аса ірі ғалымы осы Құдайберген Қуанұлы. Құдекең маған келіп: «Осы сендер Ахмет ағаның үйімен араласып тұрасыңдар ма?» – деп сұрады. «Араласып тұрамыз», – дедім. «Онда мына бір кітапты Ахаңның өз қолына апарып берші, не айтқанын келген соң айтарсың», – деді. Қалың кітап қағазға ораулы екен. Курьер болып істейтін Мотя есімді қыз бола тұра маған сенім білдіргенінде бір гәп болғаны ғой деп жүгіріп ала жөнелдім. Ахаңдардың верандалы особняк үйі ол кезде Кастерская деген көшеде болатын.
Ауладан еніп барсам, Ахаң білегін сыбанып еден жуып жатыр екен, ыңғайсызданып, өз-өзімен ұялып қалдым. «Ә, кептер, келдің бе, – деді белін жазып, әжең ауыру, үйді өзім жинаймын, тамақты өзім пісіремін». Мен ораулы кітапты ұсындым. Ахаң сұқ саусағымен ернін басып, көрші есікті нұсқады, «пәле болды бір», – деді, сөйткенше болған жоқ, есік сықыр ете қалды. Андушы болып жүрген көршісі екен. Ахаң кітапты алып бөлмесіне еніп кетті де біраздасын қайта шықты. «Мұндай қалың кітапты аудара алмаймын, бұрынғыдай саушылығым жоқ», – деді. Кітапты қайтарып берді. Қайтып келе жатып жанашыр кісілер, Құдекең бас болып ақша жинап, кітаптың арасына салып мен арқылы беріп жіберген-ау деп ойладым. Болған оқиғаны баяндап, Құдайберген ағаға кітабын қайта әкеліп бердім»…
Данабике Байқадамқызы Қаралдина естелігінен.
“Жалын” журналы. 1991 жыл. 5,91 – Қыркүйек-Қазан