Идеологиялық өктемдіктің зардабы

Идеологиялық өктемдіктің зардабын әсіресе түркі тілдес халықтар қатты тартты. Себебі, түркі тілдес халықтардың бір кездегі этногенездік, саяси-әлеуметтік және рухани тұтастығын мойындау деген сөз, түптеп келгенде Еуразия құрлығындағы мыңдаған жылдық тарихы бар ұлы мәдениетті мойындау болар еді. Мұның өзі ең алдымен түркілік тұтастықты ұрпақтар санасында жаңғыртып, сонан соң социалистік системаның тірегі болып келген панславяндық гегемондықты әлсірететін ой-тұжырым еді. Сондықтан да, мұндай ой-тұжырымға барар жолдың бәріне тосқауылдар қойылып отырды. Бір ғана түркология тағдырына ден қойып көруге болады.
ХІХ ғасырдың ортасына қарай ғылыми ақиқатқа жетуден гөрі социалистік идеологияның қызметшісі болуға көбірек бой алдырғанын аңғаруға болады. Бұл орайда түркі тілдес халықтардың тарихи-мәдени болмысын біртұтас құбылыс ретінде қарастырмай, бөлшектеп зерттеуге баса ден қойған идеологияшыл методологияны алдымен айтуға болады. Мұндай тенденция біртұтас түркілік мәдениеттің болғанын, қазір де бар екенін жоққа шығарып қана қойған жоқ, сонымен бірге объективті ақиқатқа жетудің ғылыми тәсілін тұйыққа тіреді. Мұның өзі түркі тілдес халықтардың ортақ мұрасын бөлшектеуге немесе сол ортақ мұраны жатсынуға себепші болды. Аз ғана уақыт аясында түркологтар қатары қанша өссе, түркі тілдес халықтардың тарихы мен мәдениетіне қатысты кереғар тұжырымдар молая түсті. Нәтижесінде советтік түркология шындыққа жетуден гөрі, шындықты күрделендіруге көбірек ықпал етті. Тек қана шындықтың күрделендіруге емес, ғылымдағы кереғар тұжырымдардың көбейуі бара-бара әрбір түркі тілдес ұлттардың өз «түркологиясын» қалыптастырып, түркі тілдес ұлттардың арасын алшақтата түсті. Сөйтіп, бір кездегі айырмашылығынан гөрі тектестігі басым, жатығынан гөрі жақындығы басым түркі тілдес халықтар соңғы бірер ұрпақтың көз алдында түпкі тұтастығын тану арқылы ғана даралығын тануға болатын мүмкіндіктерін әлсіретіп алды.

Ақселеу Сейдімбек.
«Қазақ әлемі» еңбегінен алынды