Қазақ тарихындағы шешілмеген “жұмбақ”


Фәни дүниеге келгеннен кейін әр адам өзінше жұмбақ. Дейтұғынмен ұлылардың жұмбағы – алыстан серметтіріп, жүректен тербеттіріп рухани ойлаудың биік шыңына құлаш жаяды. «Әурешілікті көре-көре» (Абай) әділетсіздіктен жүрегін қырық жамау еттірген заманның нысаналы тұстарын тұспалдай отырып, бәрінің қоршылық екенін білген екен. Сезген екен. Жарықтық. Жылап туып құсаның қамауына қамалып, кейіс дүниеден кейіп кетпеді ме? Бұл қайғының қамауы мен бұғауына не себеп болды? Себеп мына жатқан түйінде еді: «Сократқа у ішкізген, Иоанна Аркті отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан, пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім…? деген түнерген түнектен туындаған сұрақтың қыртысын жаза отырып жүдеулі пішінімен: «Ол – көп, ендеше, көпте ақыл жоқ. Ебін тапта жөнге сал» деп, шешусіз жұмбақтың сылыбын сыпырады. Ақылмен аңдар болсаңыз дегеніне жетуіне бір-ақ қадым қалғандай екен. Сөзімізге дәлел болсын «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім», – деген ойбайламын жасайды.
Асылында Абай әрбір пенденің «жан бостандығының», «рухани тәуелсіздігінің» беки түсуі үшін «сананың салмақтылығы» арқылы халқының санасын байытуды алғышартқа қойды. «Сүтпен біткен, сүйекпен кетеді» демей ме дана қазақ. Данышпанның көксеген алтынға бергісіз, асыл арманы мынау емес пе еді?!
Адамзатқа не керек:
Сүймек, сезбек, кейімек,
Харекет қылмақ жүгірмек,
Ақылмен ойлап сөйлемек, –
деуінде сансыз сыр жатқан секілді. «Осы ақылды кім үйренеді, насихатты кім тыңдайды», – деп жүрегін күйініштің лебі өртеген жоқ па? Түйсіне отырып, парқына жетуіміз керек еді бұл сырдың. Енді мұнан әріге үңіліп көрелік. Не жатыр бұл сырдың арғы жағында? «Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды» деп ескерту жасап еді адамзатқа. Міне бар құпия осында. Көптің ебін тауып, жөнге салудың сырын пайымдай отырып, тағысын жете қайырды. «Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ» деп ішінің у мен өртке толғанын толғап барып, «құр көзбенен көрген біздің хайуан малдан неміз артық» деп тән құмарын астаң-кестең ете отырып, бағытын «рухани тәуелсіздікке» қарай бұра түседі. «Жанның бостандығы» мәңгі азат болуы, «рухани тәуелсіздік» тәуелділікке ұшырамауы үшін үш пәлсафаны шырақ етіп жақты.
Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті,
Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек, –
деп рухани өлшем арқылы ұлы міндетті тәпсірлеу. Міндетті тәпсірлемес бұрын аяулы ақын сол міндеттің күретамырын іздейді. Иә. Тапты. Күретамыры кеудеде жарқ-жұрқ еткен сөнбейтін сәуледе еді.
Сәулең болса кеудеңде,
Мына сөзге көңіл бөл.
Егер сәулең болмаса,
Мейлің тіріл, мейлің өл, –
деуінде сара жолдың саңлағын айқын аңғаруға болады.
Түптеп келгенде кеудеде сәуленің ұшығы маздар болса сөз жоқ қайраттың ыстықтығы, ақылдың нұрлылығы, жүректің жылылығына қарап бой түзейтініне кәдігіміз жоқ. Кәдігіміз жоқ дейміз-ау, осы тұста шымбайға бататыны айналып келгенде нәпсімен жүргізілген күресте емес пе еді? Түптің төркініне назар аударып, көз тігер болсаңыз – өз ұлтын бүгінгі күннің әзәзілі, дүлейше делқұлы етіп, ақылды жолдан тайдыратын «нәпсі» деген дертпен күрес жүргізуге жол салмақ болды. Салды да. Алайда ол руханият жолымен жүргендер саусақпен санарлық қана еді. Соны көре тұра ақын жүрегі жан жүйесін қажаған жарасының үстіне тұз себілгендей, тарылған тынысын ақырын күңіренген күрсініс арқылы күйкі күйін сарқа төгеді. «Мен өзім тірі болсам да анық тірі де емеспін, әншейін осылардың ызасынан ба, өзіме-өзім ыза болғанымнан ба, яки бөтен себептен бе білмеймін», – деп түпсіз тұңғиыққа тереңнен бойлап барып «сыртым сау болса да ішім өліп қалыпты. Ашулансам, ызалана алмаймын. Күлсем, қуана алмаймын», – деген мұңды толғанысы торыға отырып зарлы запыранын ақтарады. Саңырау заманның кесірінен көпке ақыл берем, жол саламын деп зәрезап күй кеше отырып, досынан да дұшпанынан да көңілі қайтты, бәз-біреулер пайда үшін жолдас болатынын ұғынып, жалғыз жарымы ғана адал болатынын бар пәрменімен сезініпті ғой.
Жас өспірім замандас қапа қылды,
Сабыр, ар жоқ, аял жоқ, ілді-жұлды, –
деп күйінішті тіршіліктен қажыған жүректегі бар мұңын осылайша ақтарады. Сондықтан руханият таразысында сабыр мен ар жоқ болса жан құмары жеңіліске ұшырап кетпесіне кім кепіл? Мұнан кейін тән құмарының сол таразының ауыр тартып кетпейтініне кім жауап бермек? Бұл туралы ақын 43-сөзінде: «Адам ұғылы екі нәрсе бірлән: бірі – тән, бірі – жан. Ішсем, жесем демектің басы – жибили. Ақыл, ғылым бұлар – кәсиби» дейді.
Енді қараңыз. «Жибили» – еріксіз болатын тілек деген ұғымды білдіреді екен. Ал «кәсиби» – еңбекпен табылған нәрсе. Қайсысы толық адамның саңылауынан сығалай алады? Әлбетте, кәсиби! Себебі, ақыл мен ғылым өлмейді. Олар жанның құмарына қызмет ететін дүние болып есептеледі. Ал тән өледі, топырақтан жаралған тән топыраққа кері қайтады. Сөзімізге дәлел болсын.
«Мені» мен менікі»-нің айрылғанын
«Өлді» деп ат қойыпты өңкей білмес, –
деген тәмсілін есепке ала отырып байыбына зер залайық.
Ақыл мен жан – мен өзім, тән – менікі,
«Мені» мен «менікінің» мағынасы екі.
«Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,
«Менікі» өлсе өлсін, оған бекі, –
деп шешілмеген беймәлім жұмбақ әлемнің тылсымын танытуды жөн санайды. Енді қараңыз: ақыл мен жан – мен өзім, тән – «менікі» дейді. Яғни тән жанға қызмет етуі керек. Күллі рухани әлем жанның еркінде болғандықтан ақыл жанға бағынады. Тән қалады, жан кетеді. Оның бір мысалы ретінде:
Адам ғапыл дүниені дер менікі,
Менікі деп жүргеннің бәрі оныкі.
Тән қалып, мал да қалып, жан кеткенде,
Сонда ойла, болады не сенікі?!
Міне жұмбақ жанның ойлы әлемі қайда жатыр? Бұл туралы Қожа Ахмед Яссауи хикметінде:
Ілім екеудүр: жан мен тәнге басшы тұрар,
Жан ғалымы қазіретіне жақын тұрар…
Тән ғалымы залымдарға ұқсар-ерміс, –
деп Абайдың ойын рухани жақтай отырып, кемелділіктің пәлсафасын нақыштай түседі. Яки жоғарыда айтылғандай, тәннің иесі – топырақ. Жанның иесі – жаратушы. Қасиетті Құран-Кәрімде:«жанның өлмейтіндігі, қияметке дейінгі мекені адам баласының санасы жете бермейтін бізге беймәлім – «барзақ» әлеміне кететіндігі» айтылған.
Сонымен «рухани тәуелсіздік» пен «жан бостандығы» Абай айтып кеткен рухани құндылықтармен сусындап, ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстап, тәнді жанға бас ұрғызса сонда ғана рухани тәуелділікке ұшырамайтынымыз хақ. «Ұзақтай шулап, қарғаша барқылдар» (тағы да Абай) болсақ, еш күмәнсіз әрине, жанды тәнге бас ұрғызамыз.
Қорыта айтқанда: Абайдың толық ілімін танысақ, жұмбақ жанның сырына, сынына сөз жоқ қаныға түсеміз. Ішкі әлемінде бағдарлай алармыз. Қайратты ақылға билетіп, ақылды жүрекке билетсек Абайдың жүрегіне терең бойлай отырып бүкіл дүниетанымын танырымыз анық.

Әзімхан Исабек
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінің студенті