ора Төлеутайқызы: Мұрағаттарда зерттелмеген тарихи деректер
Қазақ тарихында әлі де айтылмай жүрген, көпшілікке жетпеген тарихи деректер жеткілікті. Әсіресе, мұрағаттардан тың мәліметтерді алуға болады. Өкінішке орай, бүгінгі ғалымдардың басым көпшілігі тек белгілі мәліметтермен шектеледі. Мұрағаттарда сақталған дүниелердің мазмұнымен танысу үшін ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты, Ұлттық музейдің «Халық қазынасы» институтының аға ғылыми қызметкері Лора Төлеутайқызымен арнайы сұхбаттасқан едік.
– Лора Төлеутайқызы, әңгімемізді қазақ тарихында айтылмай жүрген деректерден бастасақ. Біз әлі білмейтін, әлі де мұрағаттарда шаң басып жатқан құжаттар бар ма?
– Әрине. Көпшілік қауымға беймәлім деректер бар. Шетелдегі мұрағаттардан бөлек өзімізде сақталған құжаттар, зерттеуді қажет ететін құнды дүниелер көп-ақ. Мысалы, Алматыдағы орталық мұрағатта он сегізінші-он ғасырларға қатысты мәлімет жеткілікті. Зерттеймін деген адам көп ақпарат ала алады. Деректермен жұмыс барысында бірқатар қызықты мұрағаттық мәліметтер таптым.
–Қандай мәселені қарастырдыңыз?
– Жалпы, мұрағатта 18 ғ. соңы – 19 ғ. басындағы Орта жүздегі билік жүйесіне қатысты материалдар бойынша жұмыс жүргізілді. Сол кезеңдегі хандық биліктің дағдарысы басты нысан болды. Осы мәселені қарастыру барысында, оның шаруашылық себептеріне де көңіл бөлінді. Қазақтардың жағдайы басқару жүйесінің әлсіреуіне тікелей ықпал жасады. Рулар шаруашылық, күн көріс қажеттіліктерін қамтамасыз ету мүддесімен жан-жаққа ыдырай бастады. Жағдайлары нашарлаған қазақтар, малын сақтау үшін, еріксізден Ресейге бағыныштылығын, христиан дінін қабылдауға мәжбүр болды. Тіпті, олар христиандықтармен некелік қатынастарға отыруға дейін барды. Осылайша, қазақтар Ресей жағына өтіп, орыс өкіметінен қорғаныш іздеп, олардың мәңгі бағыныштылары болуға ант берді. Қазақтардың тілектері негізінен төмендегідей мазмұнда болды: «1814 жылдың 24 күні қырғыз-қайсақтың Орта жүзінің қыпшақ руына қатысты. Ведомства старшинасы Бузан Ярлыкаповтың мәлімдеуінше Кенжабевтар Троицкіде Ресейдің құрамына өтіп, өздерін Шеләбідегі башқұрттарға қосуға, сол аймаққа көшуге келісім берді. Жан тәнімен қызмет етуге уәде береміз және куәлік ретінде таңбамызды қоямыз» делінген. Осындай қоныс аудару ағымы негізінен 1770-жылдары рулар арасындағы барымта кең етек жайғанда басталып, он тоғызыншы ғасырдың 20-жылдарына дейін жалғасқан.
–Таңба дейсіз бе?
– Иә, саусағына күйе жағып, қағазға бастырып алады екен. Қарапайымдап айтсақ, әр адамның мөрі. Орта жүз қазақтарынан бірінші кезекте ант қабылдау рәсімі талап етілді. Ол «мойынұсынуға ант беру» деп аталып, алғашқы жолдары былай басталды: «Қырғыз-қайсақтың Орта жүзінің ханы Уәлидің қол астында болған мына мен, құдыретті құдайдың атымен ант ете отырып…» дей келе, одан әрі император І Александрге, оның мұрагерлеріне сенімді, мейірімді бағынышты болатынын, оның заңдарын бұзбай, құрметтеп, елдің ұлылығын арттыруға т.б. істерге қызмет ететіндігін, құпия мәселелерді сыртқа шығармауына ант етіп, аяғында кресті сүйдіріп «әмин» деп аяқтаған. Орыс бағыныштылығын, христиан дінін көбінесе Орта жүздің Ресейге жақын орналасқан рулары қабылдады.
– Басқа дінді қабылдағандарға қазақтар қандай көзқараста болды?
– Орта жүздің қазақтарын орыс үкіметі тарапынан «станицалық» және Ресейден шалғай тұрғандарды «далалық» деп бөлген екен. Бұл бөлінушілік қазақтардың арасында да байқалды. Далалық қазақтар Ресейге қарағандарды «қашқындар, діннен безгендер» деп ұнатпаған. «Бағынышты-бодан» сөзі ең жаман мағынада қолданылып, оларды адам санатына қоспаған. Алайда, олармен некелік туыстықтарға барған екен. Станицалық қазақтар керісінше, орыс жерінде бұрынғыдай қауіптен құтылып, тыныштық өмір сүргендерімен, өз туған жерлеріне, жерлестеріне деген сезімдерін жоғалтпаған. Оны Броневскийдің мына сөздерінен көре аламыз: «Өзінің туған жеріне деген құштарлығы әлі де бар. Өйткені өмірден өткен туыстарын Ресей жеріне жермелей, алыс болса да туған жеріне апарып көмеді» дейді.
– Броневский деген саяхатшы ма?
– Генерал-майор С.Броневский сол уақыттағы патша әкімшілігінің қызметкері. Дегенмен, ол немесе басқа да әкімшілік қызметкерлері отарлау саясатын іске асырушылар болғанымен, олардың бірқатарының жазбаларынан қазақ халқына байланысты мәселелерге барынша объективті баға беруге тырысушылық байқалады.
– Мысалы…
– Мысалы, Н. Коншин жазбаларында қазақтардың казак әскерлерінен, аудармашылардан, саудагерлерден үлкен зиян көргендіктері айтылады. Жалпы, қарастырылып отырған уақыт біреудің есебінен пайда көруге өте ыңғайлы заман болды. Осындай әділетсіздіктер патша заңдарының қазақ жерінде бекітілуінен кейін өршіп кетті. Жалпы, Коншиннің деректері бойынша «сценарий» былай болған: жағдайы төмен адамдар немесе бұрынғы қылмыскерлер т.б. өте жұпыны «сауда керуендерін» ұйымдастырып, қазақ жеріне, бір бай ауылдың жанына келгенде, «керуендерін» қазақтардың тонап кеткендіктерін айтып, арыз түсірген. Арыздың негізінде жаңағы бай ауылдың тұрғындары «айыпталушылар» ретінде танылатын болған. Орыс заңы үнемі «саудагерлердің» мүддесін қорғаған. Нәтижесінде, ешқандай кінәсі жоқ қазақтар үлкен айыптар төлеген. Осындай жағдай қарапйым қазақтар ғана емес, төрелерге байланысты да кездескен. Мысалы, «азиялық саудагерлердің» шағымына сәйкес, Бөкей ханның немересі Құдайменді Ғазыұлының ауылы үлкен айыптар төлеп, сұлтанның өзі жер аударылған.
– Бұл уақытта Қазақ ордасында хал-ахуал қалай болды?
– Патша әкімшілігі тарапынан жасалған шаруашылық-саяси қысымшылықтар Уәли ханның отаршылдыққа қарсы іс-әрекеттерін тудырды. Дегенмен, олардың барлығы нәтиже бермеді. Орыс отарлауы жағдайында Уәли хандық қызметін дәстүрлі басқару жүйесінде қабылданған талаптарға сәйкес орындай алмады. Бұл оның халық алдындағы беделін түсірді. Бұл кездегі Орта жүзге байланысты орыс әкімшілігінің құжаттарында мынадай ақпарат беріледі: «Қырғыздарды (қазақтарды) монғолдардан қамалдар мен күшті күзеттер, ал Ресейден «Сібір белдеуі» бөліп тұрды. Жүз жылдың ішінде барлық жауыргерлік рухын өше бастады, тіптің-түбінде сөніп бітті. Бірлігі жоғалды. Хандары керексіз болып қалды» деп келеді. Сонымен қатар, Орта жүзде қос хандық биліктің пайда болуы (Орта жүзде Уәли ханмен қатар Бөкей сұлтанның да хан сайлануы) жағдайды одан әрі күрделендірді.
Жалпы, он сегізінші ғасырдың соңы – он тоғызыншы ғасырдың бірінші жартысында Орта жүзде қалыптасқан ахуал рулық-территориялық құрылымының біртұтастығына кері әсер етті. Дәстүрлі хандық билік жүйесі дағдарысқа түсті. Бұл құбылыс ең алдымен, орыс мемлекетінің отарлау саясатының күшеюімен байланысты болды. Әрине, дәстүрлі қоғамның өзінің ерекшеліктері де әсер етті. Орта жүздің саяси тәуелсіздігін сақтап қалу мақсатында Уәли хан белгілі бір деңгейде әрекет жасады. Дегенмен, шаруашылық-әлеуметтік күйзеліске түскен қоғамды осы мақсатта жұмылдыру мүмкін болмады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Рүстем Нүркен