Отарлау: Ресей 1891 жылы қазақ даласын патша меншігі деп жа


Орыс шаруаларын қазақ жеріне қоныстандыру ісі – 1861 жылы 16 ақпанда Ресейде басыбайлылық құқықты жоюға байланысты жүзге асты да, осыдан кейін орыс шаруалары қазақ жеріне көшуді бастады. Жетісу жеріне қоныстанушыларға генерал-губернатор Г.А.Колпаковскийдің бастамасымен 30 десятина жер беріп, шаруашылығын жүргізу үшін 15 жылға салықтан босатты.
Оның сыртында 1880 жылы Ресейде астық шықпады. Елді ашаршылық жайлады. Салдарынан қазақ жеріне қоныс аударушылар саны күрт көбейді. Осыған байланысты 1881 жылы қоныс аудару туралы ереже қабылданды да, аталмыш ереже 1889 жылы қайтадан толығып, көші-қон бұрынғыдай ретсіз жүргізілмей, қарашекпенділер қоныстануға арналған жерлерге жіберілді.
1891 жылы патша үкіметі қабылдаған «Дала Ережесі» қазақтың апайтөс даласын патшаның меншігі деп жариялады. Осы жарлықтан кейін патша өзіне тиеселі жерді өзі білетін болды, яғни, жерін өртеп жібере ме, біреуге сата ма, әлде, басқаларға өріс-қоныс ретінде таратып бере ме, ол патша ағзамының еркі. Бұл жердің иесі қазақтарды патша адам құрлы көрмеді, қажет болса, тартып алды, көнбесе қырып салды.
Осылай қазақ даласына ағылған орыстар көші 1891-92 жылдары тіпті қарқын алды. Оның сыртында, 1893 жылы Сібір темір жолының тармақтарын қазақ жеріне қарай бұру ісі жоспарланды. 1894 жылы патша ІІ Николай орыс шаруаларын көптеп қоныстандыру үшін Ақмола және Семей облыстарындағы бос жерлерді анықтауға арнайы тапсырма берді.
Жоғардағы тапсырма негізінде орыстың белгілі земства статистигі Ф.А.Щербинаның бастауымен қазақ жеріндегі бос «артық» жерлерді анықтау мақсатымен экспедиция ұйымдастырылды. Экспедиция 1896-1903 жылдары Ақмола, Семей, Торғай облыстарындағы басы артық жерлерді анықтап, қоныстанушылар ісін қаржыландыратын қор құруды және арнайы басқарма қажет деген шешімге тоқталады. Осылайша, 1896 жылы Ресей Ішкі істер министрлігі жанынан Қоныс аудару басқармасы құрылып, орыс шаруаларын Торғай-Орал, Ақмола, Семей, Сырдария, Жетісу облыстарына қоныстандыру жоспары жасалып, жергілікті әкімшілік қасынан Қоныстандыру мекемелері пайда болды.
1917 жылғы қазан төңкерісіне дейін Қазақияға Ресейден 1 млн адам келіп қоныстанды. Оларға ең шұрайлы, нулы-сулы, құнарлы 45 миллион десятина жер қазақтардан тартып алынып берілді.
Осындай сорақылықты көрген алашшыл азамат Смағұл Садуақасов: «отаршылық саясаттың нәтижесінде Қазақстанның шұрайлы жерлері қарашекпенділердің қолына көшті. Қазақтар құм мен шөл далаға ығыстырылды. Сөйтіп, қазақ даласы көкірек ауруға ұшыраған адамның өкпесіндей шұрықтесікке айналды» деп толғайды.
Орыстың озық ойлы азаматы Орынбор губерниясынан І Думаға сайланған депутат Т.И.Седельников қазақ жеріне орыс шаруаларын қоныстандыру саясаты біржақты жүргізіліп отырғанын сынап, Дума мінберінен: «Қырғыз (қазақ) жеріне қоныстандыру ісі жергілікті халықтың жерін тартып алу арқылы іске асырылуда…» деп мәлімдеді.
Жоғардағы Шербина экспедициясының құрамына жұмыс жасаған қазақтың белгілі алашшыл тұлғасы Әлихан Бөкейханов: «Қазақ даласында қоныс аудару уческілерін кесіп беру кезінде ессіздік жүріп жатыр… Мал шаруашылығына пайдалы алқаптарды, шабындықтарды, қысқы жайылымдарды, егістіктерді, жақсы суаттарды, уческіге межелеп алды. Ал, қазақтарға тау-тасты, сортаңдарды, батпақтарды, сусыз даланы қалдырды» деп, экспедицияның қандай мақсатта жұмыс жасап отырғанын ашына айтады.
ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Қазақияға 1,3 миллион келімсек сырттан қоныс аударса, 1916 жылы келімсектер саны 2,2 млн-ға жетті. Орыс және украиндардың ағылып келу салдарынан 1914 жылы өз жерінде қазақтардың үлес салмағы 60 пайызға дейін төмендесе, орыстектілер үлесі 29,6 пайызға өсті.
1930-1960 жылдары Қазақстанған сырттан 4 млн-ға жуық (3 млн. 950 мың) келімсек қоныстанды. Солтүстік өңірде жергілікті халықтың үлес салмағы 20 пайызға дейін, жалпы республикада 30 пайызға дейін құлдырады.

Ерлан Алтай