Асқар Татанайұлы: Қазақ хандығының құрылуы һәм Абылай хан
Асқар Татанайұлы (1906-1996) Қытай елінің Алтай жерінде өмір сүрген аса шежіре һәм білімпаз тұлға. Қытай Халық жазушысы (1988). 20 жыл айдауда болған қайраткер. Өзінің саналы ғұмырында ағартушылықпен айналысқан. 1933 жылдан бастап Алтай жерінде ұстаздық етті һәм Ахмет Байтұрсынов әліпбиін қолданып тұңғыш газет шығарды. Сонымен қатар көптеген дастандар жазды. 1980 жылдардың ортасында «Тарихи дерек, келелі кеңес» атты тарихи-монографиялық еңбегінде алғашқылардың бірі болып қазақ хандығы жайлы деректерді жазады. Аталмыш туындыдан үзінді ұсынып отырмыз.
12-13 ғасырда дәуірлеген Шыңғыс хан және оның ұрпақтары орта азияны, қазақ даласын жаулап алып, ұзақ уақыт үкім сүргеннен кейін, 14-ғасырдан бастап әлсірей бастады. Орта Азия халықтары өзінің байырғы иелік ұқықтарын қайта қалыптсатыруға кірісті.
Шыңғыс ханның немересі Бату және оның мұрагері үкім жүргізген Алтын орда әкімшілігі құлаған соң қазақ даласында Әбілхайыр хан әкімшілігі құрылып, қазақ-өзбек (ол тұста қазақ-өзбек болып жарылмаған) халқы үстінен үкім жүргізе бастады. Әбілхайыр хан Шыңғыс ұрпақтары үстемдік етіп отырған хандықтарды бір-бірлеп иелігіне өткізіп алып, іргесін кеңейттіғ сол кезде Орта Азияға ірге теуіп келе жатқан Ислам дінін бейбіт қабылдай бастады, халық шаруашылығы дамып, халық егіншілікпен және малшылықпен шұғылданды. Егіншілікпен шұғылданғандары отырақтаса бастады да, малшылықпен шұғлданғандары сұлтандардың бастауында көшіп-қонып, малдың қамымен от қуып, суат қуып, отырықты халықтардан бөліне бастады.
1448 жылы Әбілхайыр хан өлді. Қиян-кескі тақ таласынан кейін немересі Мұхамбет Шайбани хандыққа отырды. Шайбани мен қазақ сұлтандары арасында қақтығыс күшейді. Кейін келе керей Сұлтан мен Жәнібек сұлтан Шайбаниге бойсұнбай Шу өзенінің бойында дербес тұрды. Осы кезде өзбектерден де ірге бөлген тайпалар көбейді. Сөйтіп, қазақ хандары мен өзбек хандары арасында Отырар, Сайрам, Түркістан өлкелері үшін күрестер болып тұрды. Бірақ бірін-бірі толық жеңіп кетпегендіктен өзбек-қазақ хандықтары тұқым жалғап билік жүргізіп, дәурендей берді.
Әз Жәнібек хан: Бұл хан 1448-інші жылдан 1480-інші жылдарға дейін қазақтарды баса билеп, бұрын қазақтар сеніп келген шаман дінін ығыстырып, Ислам дінін белсенді қабылдады. Басқаруға қолайлы болу үшін қазақ халқын үш жүзге бөлді.
Мұрындық хан: (1480-1511) Керей сұлтанының баласы, өте жауынгер және ақыл-парасаты артық болғандықтан өз халқының ынтымағын бекемдеп, хандығын күшейткендіктен, қырдың «құдіретті ханы» аталған.
Қасым хан: Бұл Әз Жәнібек ханның баласы. 1509-інші жылдан 1518-інші жылға дейін жылға дейін ел билеген. Сыртқы жауларына тепе-тең келіп, ішкі алауыздықты басып отыру үшін қолына үш мың әскер ұстап, халықты билеп-басқаруда ереже-тәртіп орнатып, заң жасаған. Бұл заңды халық «Қасым ханның қасқа жолы» деп атап кеткен.
Мамаш хан: 1518-інші жылдан 1523-інші жылға дейін ел билеген.
Таһір хан: БҰЛ Қасым ханның немересі. 1523-інші жылдан 1533-інші жылға дейін ел билеген.
Хақназар хан: Бұл Қасым ханның өз баласы, 1534-інші жылдан 1580-інші жылға дейін ел билеген.
Ысхай хан: Бұл Қасым ханның немересі, 1580-інші жылдан 1586-ыншы жылға дейін ел билеген.
Тәуекел хан: Бұл Ысхай ханның баласы, батыл, батыр, парасытты болғандықтан қазақ халқын тұтас бағындырғанның сыртында, Жұңғар хандығының ішкі алауыздығынан пайдаланып, Түркістан, Ташкент, Самархан, қалаларын басып алып, билік жүргізіп, өз кезінде «Төбе хан» деп аталған.
Есім хан: (1598-1628) Бұл Тәуекел ханның баласы, халық оны «еңсегей бойлы ер Есім» деп атаған. Ол халықты басқаруда «Қасым ханның қасқа жолына» бірқыдыру өзгерістер енгізіп, жаңаша жол жасап, бұл жолын «жеті жарғы» деп атап кеткен. Ол кезінде Бұхар хандығымен келісім жасасып, Ташкентті билеп тұрған.
Жәңгір хан: Бұл Есім ханның баласы, 1628-інші жылдан 1680-інші жылға дейін хандық құрған. Жәңгір хан үкім сүрген Жұңғар хандығының күшейе бастаған кезі болса да, Жәңгір өле-өлгенше Жұңғарларға төтеп берді. Дабатси бастаған Жұңғардың отыз мың қолын Жұңғар қақпасында жойған осы «Салқам Жәңгір» еді.
Әз Тәуке хан: Бұл Жәңгірдің баласы (Жәңгірдің моңғұл әйелінен туады), 1680-інші жылдан 1718-інші жылға дейін хандық құрған. Әз Тәуке хан қазақты бір орталыққа бағындырып ұстады. Әз Тәуке өлген соң қазақтың берекесі бұзылып, үш жүз баласы үш хандыққа бөлінді, үш хандықтың үстінен Тәуке ханнның баласы – Болат хан қарайтын болды.
Ғайып хан: Ұлы жүздің ханы.
Сәмеке хан: Орта жүздің ханы.
Әбілхайыр хан: Кіші жүздің ханы.
Шар Россия патшалығымен алғаш бірлескен осы Әбілхайыр хан еді. Әбілманбет, Болат ханның баласы, орта жүздің екінші реткі ханы екен. Әбілманбет қайтыс боларда өз хандығын Абылайға (Әбілмансұрға) береді. Бұл туралы мынадай оқиға өткен: Жәңгір хан өлерінде өзінің хандығын баласы Әз Тәукеге бергенде үлкен ұлы Уәлибақы әкесіне өкпелеп, Үргеніштегі нағашысы Ғайып ханға барып, Үргеніште тұрады. Уәлибақы өлгенде жалғыз Абылай нағашысы Ғайып ханның әскерін басқарып жауынгер болады. Соғыста қолға түскендерді аяусыз қырғындап, осыдан «Қанішер Абылай» деп аталады. «Қанішер Абылайдың» ұлы Көркем Уәли ерте өлгенде жалғыз ұлы Әбілмансұр қалады. Осы Әбілмансұр 12 жасқа келгенде Үргеніш хандығына жау тиіп, қатты қырғындап, Үргеніш ханның тұқымынан қолға түскен еркек кіндіктісін өлтіре бастайды. Сонда Көркем Уәлидің бір адал құлы жас бала Әбілмансұрды қазақ елінің көршілес шеті ұлы жүз еліне аман-сау жеткізеді.
Ұлы жүздің атақты биі Төле би бір сапарда келе жатып, құмның түбінде ыстық құмға шалқасынан түсіп, аяқ-қолын төрт жаққа жіберіп ұйқтап жатқан баланы көреді.
– Әй, жігіттер! Төрт аяғым төрт рулы елдей, деп жатқан мынаның жатысы тегін емес қой, кім кенін білдіңдер ме? Панасыз болса алып жүріңдерші! –деп бұйырады ол. Бидің жігіттері баланы жөн сұрамай-ақ бидің алдына алып келеді. Балаға назарын аударған Төле би жөн сұрайды:
– Атың кім?
– Білмеймін.
– Әкеңнің аты кім?
– Білмеймін.
– Неге бәрін білмейсің?
– Әке-шешем мен туа өліпті. Сондықтан маған ат қоймапты, кейін ел де ат қоймады, -дейді. Сонда би:
– Әке-шешең ат қоя алмаса тағдыр ісі шығар, енді мен ат қояйын, өзің сары, шашың сабалақ екен, атың Сабалақ сары болсын, -дейді.
Сонымен Сабалақ аталған бала би үйінде бірер жыл жүреді. Көп жүре беруіне Төле бидің дүниеқор қазымыр бәйбішесі сыйғызбайды. Сондықтан, Сабалақ Төлебидің қолына тұрмай, орта жүз еліне өтіп, Арғын Темір деген баласы жоқ байдың «тонды ұлы» болып тұрады.
Әбілмансұр Темірдің қолында өсіп азамат болып қалған кезінде Жұңғар ханы Халдан Сереннің қазақ даласын шабуға аттандырған қалың қолы басып келе жатады. Мұны естіген Әбілманбет хан үш жүзд баласына сауын айтып, ер азаманын жинап, жау алдынан майдан тартып, қарсы аттанады. Екі жақ бір жазық майданды ортаға алып, бетпе-бет келгенде Халданның қызын алған күйеу баласы, қазақ Мұңғұлға белгілі Шарыш батыр:
– Жеке-жеке, -деп ұран салып майданға шығады да, қазақтың арт-артынан шыққан бірнеше батырын түсіріп, жан шыдатпайды. Көңілге алған ер азаматынан айырылған Әбілманбет ханның басына басына бір майданның өзінде-ақ заманақыр орнайды. Шығамын дейтін жан қалмайды. Шарыш батыр қан майданнан шықпай: «Ажалыңа асыққаның келе бер» деп лепіріп тұрады. Мұңғұлдардың көңілі көтеріліп, майданды төбесіне көтере ұрандайды. Енді Жұңғардың қалың қолы лап берсе қашпасқа, жеңілмеске шара жоқтай сезіледі. Өстіп қара күн басына түсе қалған ханның алдына бір жас жігіт келіп:
– Алияр, тақсыр! Рұқсатыңды бер, мен барайын майданға! –деп иіледі, жас жішітке жалт қараған хан оның от шашқан өткір көзінен әрең тайсатып батасын беріп аттандырады. Майданға тура тартқан жас жігіттің ер тұлғасы ел көзіне түссе, оның «Абылай! Абылай! Деп ұран салуы да жұрт қиялын бөледі. Бүкіл қазақ даласында бұл күнге дейін «Абылайлап» ұран шақырғанды ешкім естімеген ен екен, қазақтың ханы Әбілманбетке Әзірейілдей көрінген Жұңғар батырына қарсы шауып бара жатқан жан білмейтін жас жігіттің аузынан бұл ұран алғаш рет естіледі. Осы ұран мұңғұлдарға да күшті әсер көрсетеді. Жас батыр шарышпен майдандаса кеткенде жұрт жаңағы Абылайлаған ұранды тоқтатпай шақырады. Майдан тартқан жас батыр қазақ қолының ең соңғы үміті еді. Қалың қол ол шақырған ұранды қайталап:
– Айбылай! Абылай!! Абылай!!! – деп жер жаңғыртады. Әбілманбет ханның өзі де бір-екі қайырып жібергенін байқамайды.
– Иә, сәт! Иә Құдай қолай гөр! –деп айқайлап жібереді хан. Шарыш қазантолмасынан кірген найзаның күшінен атының жаясына лоқып түсіп, Абылай найзаны жұлқып қайта суырғанда тұлпардың мойнын құша құлап түскенін көрген Әбілманбет хан көзіне келіп қалған жасты сүртіп жіберіп, қайта қарайды. Жаңағы жас батыр «Абылай! Абылай!» деп ұран салып моңғұлдың қалың қолына қарай кіріп барады екен. сөйтіп, бүкіл қазақ қолы артынан ағылып бірақ кетеді. «Абылайлаған» ұран осы қолың үстінде жерге түсепей кетіп барады. Тек осы ұран ғана қашқан жауын қуып бара жатқан қолдың қорғаушысы, қолдаушысы тәрізді болады, қашқан жаудың зәресін алып, берекесін қашырып, тоз-тозын шығарады.
Әбілманбет хан жеңіп шығады. Жеңген қол майданнан сыпырылып шығып, жеңістің салтанатты рухымен хан алдына жиналғанда, әркімнің жүрегінде ұп-ұқсас бір арман болады. Бәрі де кешегі жан шағарға жетіп қысылғанда жеңіс алып берген жас батырды көріп, кім екенін білуге құмартады.
Әбілманбет хан жас батырды алдына алдырғанда оған сүйінбеген, рахмет айтпаған жан болмайды.
– Атың кім? –дейді хан таяп келіп тағзым еткен жас жігітке.
– Атым Әбілмансұр, Уәлибақының ұрпағы, Көркем Уәлидің баласымын, арғы атам Жәңгір хан, -дейді жас жігіт. Онсызда батырдың ерлігіне сүйініп тұрған хан:
– Бауырым екенсің ғой, -деп бауырына баса құшақтайды. Жұрт қасиетті ханын аңа тапқандай батырға сүйіне қарайды.
Әбілмансұрдың неге «Абылайлап» ұран салғанын сұрағанда:
– Ұлы атам «Қанішер Абылай» атанып, соғыста жолы болған кісі екен, шақырғаным сол атамның аруағы, -дейді. алғашқы соғыста ерлігі елге жайлыпы, аты-жөні әйгілі болған жас жігіттің Сабалақ аты да, Әбілмансұр аты да ендігі жерде аталмай, халық сүйген ер-азаматын «Абылай» деп атасының атымен атайды және Шарышты алып, жауды жеңген майданнан бастап «Абылай!» ұраны күллі алаштың ұранына айналды.
Әбілманбет хан (шын аты Әбілмансұр): Жәңгір ханның шөбересі (төртінші ұрпағы) әкесінің аты – Көркем Уәли 1736-ыншы жылдан 1781-інші жылға дейін хандық құрған. Абылайдың баласы Қасымқан Абылайдың тірі кезінде қайтыс болған. Қасымқаннан төрт ұл қалған (бәйбішеден Һаржан, Есенгелді, Кенесары, Кіші әйелінен Наурызбай). Олар Абылайдың тәрбиесінде болып, Абылай өлгенде жас болғандықтан, хандық Абылайдың інісі Ғұбайдоллаға қалады. Ғұбайдолла хан қазақ сақарасына баса көктеп келе жатқан Шар Россия патшасының отарлау саясатына қарсылық көрсетіп, бағынышты болғысы келмегендіктен ақ патша үкіметі оны ұстап Сіберияға айдағанда Үкстски қаласына барғанда қайтыс болады. Оның орнына Кенсары хан болып сайланады. Кенесары да дербестікті көксеп, Шар Россияға бағынғысы келмейді. Кейін қырғыздармен болған бір соғыста Кенасары қаза табады да осыдан соң Абылай ұрпағы хандық құра алмайды. Арғын Ізбасты би Абылай ханға былай деген екен:
Сен әуелі кімнен туғаныңды білмедің,
Үргеніште өзбекте өсіп жүргенің.
Ұлы жүзге келгенде Сабалақ сары атанып,
Төле бидің малын баққан құлы едің.
Орта жүзге келгенде Темірдің тонды ұлы едің,
Дәулет қонып басыңа, қыдыр келіп қасыңа, бай үйіне түнедің.
Алтын түғыр астыңда, алыстан тоят тіледің.
Алшаңдап басып аяқты, төбеңмен көкті тіредің.
Бақ бермесе Құдайым, біздей жанның бірі едің.
Бұл Абылай ханның бала кезінде жетімдік, жоқтықты кп көріп, кісі есігінде жүріп, ақыры ерлік, қайраты кемеліне келгенде қазақ қолының алдына шығып, ерлік көрсетіп, қазаққа хан болғанын дәріптеген өлең еді.