Отарлау: Іле хандығы және орыс басқыншылары
Манжы-қытайдың ұзақ жылғы отарлауынан 1866 жылы Іле аймағы азат болды. Әрі Якуб бек басқарған Алтышаһар хандығы күшейді. Олар мына жақта Қоқандықтармен жақсы қарым-қатынас орнатуға талпынды. Осы тұста оларға сонау Осман сұлтаниятынан да қолдау болатын сыңай көрінді. Осы орайда, шығыстан тағы бір мұсылман елі (Алтышаһар немесе кіші Бұхара хандығы) пайда болса, ол мына жақтағы орыс көз тігіп отырған мұсылмандар (Қоқан, Хиуа, Бұқара т.б.) хандықтарымен күш біріктірсе, екі жалмауыз империя Ресей мен Қытайға тым тиімсіз болары анық еді.
Сол себепті, Ресей патшасы Қытай билеушісімен келісе отырып, мұсылман халықтардың күш біріктіруіне жол бермеу үшін әрекет жасады. Сөйтіп, 1868 жылы орыстар Қоқаннан тартып алынған Нарын бойына әскери бекініс салып, Алтышаһар хандығына соққы беруге дайындалды. Орыстың бұл қылығы шығыс мұсылман сұлтандарын ашуландырды. 1870 жылы Іле сұлтаны Әлехан орыс саудагерлерінің Құлжаға кіруіне, сауда жасауына тиым салды.
Шинеліс барысында, орыстар Алтышаһар және Қоқан-Бұқара хандығын байланыстырып тұрған Мұзарт асуын басып алып, керуен жолы мен мұсылмандар халықтардың рухани байланысын тоқтатты. Бұл орыстардың Іле аймағын басып алудың алғы шарты еді. Сөйтіп, 1871 жылы 15 мамыр күні орыс солдаттары Ілеге шабуыл бастады. 50 күнге жалғасқан шайқастан соң 7360 шақырым аумаққа билік жүргізуші Іле сұлтаны Әлехан орыстардан жеңілді.
Арада 10 жыл өткен соң Ресей мен Қытай елі 1881 жылдың 12-ақпанында 20 баптан тұратын Петербор келісіміне қол қойды. Осы келісімнің 1-бабында: «Ресей Іле аймағын Қытайға қайтарды, бірақ аймақтың бір бөлігі Ресей қарауына беріледі (Жәркент өңірі)» делінсе, 7-бабында: Қытайға қарсы көтерілісіне қатысқан Іле тұрғындары Қытай тарапынан қудаланбайды және қажет деп тапса, дүние-мүлкімен Ресейге қоныс аударуға құқылы. Осы Петербор келісімі нәтижесінде, 1882-1884 жылдары Іледен 70 мың ұйғыр-дүнгендер Ресей бақылауындағы қазақ өлкелеріне көшіп келді. Нақты деректер бойынша: ұйғыр ұлтының 9752 отбасы (45373 адам), қазақтан 5000 отбасы (20000 адам), дүнген 1147 отбасы (4682 адам) қоныс Қазақияға қоныс аударған.
Әлімғазы Дәулетхан