Әлеуметтік желіге қалай байланып қалдық?
Бүгінгі күннің адамдары неліктен электронды құралдарға, ғаламтор желілеріне қатты құмар? Бұл құралдар адам өміріне, көзқарасына қалай әсер етуде?
Бұл сұрақ, меніңше, біз өмір сүріп жатқан ғасырдың ең өзекті сұрағы болса керек. Себебі, тірі адам құласа, байқамай өтіп кетіп, телефоны құласа, жаны шыға жаздайтын, ата-анасының көңіліне сызат түссе, алаңдай қоймай, айфоны сынса, айғай шығаратын ұрпақ пайда болған уақытта шынайы адамгершілік қарым-қатынастардың жоғалуы – әлемдік әлеуметтік трагедия. Мысалы, өзіміздің құрдастарымыз, қарапайым жастардың күнделікті өміріне назар салсақ. Бүгінде Қазақстан жастарының барлығы дерлік ғаламдық желілермен байланысы бар телефон ұстайды. Айналамызға көз салсақ, қоғамдық көлікте, дәмханаларда, сабақ үстінде, кітапханаларда заманауи гаджетінің экранына тесіле қарап отырған бозбалалар мен бойжеткендерді байқаймыз. Ал, осы жастарды сымсыз құрылғыларға жіпсіз байлап жатқан күш – оның ішіндегі әлеуметтік желілер, хат алмасу функциялары, түрлі роликтер, кинолар және ұялы телефонның тағы басқа артықшылықтары. Бірақ, жастар телефоннан тек жақсы нәрсені сіңіріп, тек жақсы адамдармен араласып жатыр ма? Тіпті, әлі өмірлік тәжірибесі жоқ, өмір көрмеген, мектеп жасындағы балалар экранның ар жағынан шынайы бейнесін бүркемелеп отырған адамның жақсы әлде жаман екенін айыра алатын деңгейде ме? Оның ғаламтордан алатын ақпараттарының тәрбиелік мәні бар ма? Міне, осы сұрақтар көптеген ата-аналарды алаңдатпайтыны рас. Ал, шындығында, ата-аналар өздерінің балаларына күніне бір сағат көңіл бөліп, әрең дегенде берген жақсы тәрбиесіне баласының қолындағы телефон 24 сағат бойы қарсы күресіп жатқанын байқамай жатады. Осыдан телефон алыстағы адаммен жақындатқанмен жаныңдағы адамнан алыстататындығына толықтай көзіміз жетеді. Бұл орайда, тағы бір мәселенің ұшы көрінеді. Қазіргі психологтардың зерттеуінше, ғаламторда көп пайдаланатын адамдарда, әсіресе, жастарда психологиялық ауытқулар көп байқалады. Себебі, әлеуметтік желілерде адамдарды жауапсыздыққа, ұятсыздыққа, қатігездікке, арсыздыққа, ішкілікке, нашақорлыққа және тағы басқа жағымсыз әдеттерге насихаттайтын видеолар көп. Бұның әсері тек жеке адамға емес, қоғамдық тәрбиеге де әсер етері сөзсіз. Әйтсе де, бұндай заманның дерттерінен дер кезінде айығып үлгерген, тіпті бұл ауруға мүлде шалдықпаған да мемлекеттер бар екен. Мысалы, жақында бір Ресейлік азамат әлеуметтік эксперимент жасап көрген. Ол мұсылман араб елдеріне барып, жолдың бойына әдейі ақшасы бар әмиянын қалтасынан түсіріп, тастап кетеді және бұл жағдайда қарапайым халықтың қалай әрекет ететінін бақылайды. Сонда мұсылман елдерінде әмиянды бір де бір адам алмаған екен. Ол тура осы экспериментін Ресейде жасап көрген уақытында, керісінше, 70% дан астам адам оңай табылған әмиянды қалтасына салып, үндемей кете барған. Міне, мұсылман елдерінде сақталған имандылыққв ешқандай қоғамдық құбылыстың кері әсерін тигізе алмайтындығын анық байқаймыз. Бұдан шығатын қорытынды, темір техникалардың адамдардың нәзік жүрегіне кесірінен тигізуінен сақтану бұл заманда оңай шаруа емес. Әйтсе де, халық саны көбейіп, шынайы адам саны азайып жатқан қоғамда барлық адам баласы қарапайым ғана адамгершілік қағидаттарына, мейірімге, дұрыс ақпаратқа, рухани байлыққа мұқтаж. Айтпағым, әр жаңа нәрсені тек жақсылыққа пайдаланып үйренейік. Қымбат айфонымыз бізді адам қалпымыздан айырмаса екен!
Сырым Әуезхан