Рынок немесе нарық
Рынокта бәсеке барысында сұраным мен ұсыным, баға құралады. Сұраным мен ұсынымның өзара әрекеті нарықтық экономиканың тиімділігін қамтамасыз ететін тетік болып табылады. Баға кәсіпорындар мен тұтынушыларға нарықта қалай әрекет ету керектігін – осы тауарды көп өндіру керек пе, жоқ па оның шығарылымын қысқарту немесе тоқтату керек пе, жоқ па дегенді хабарлайды. Бағаның құралу тетігімен қатар рыноктағы бәсекеге ерекше назар аударуға тура келеді, яғни бір-бірімен бәсекелесуші бірқатар фирмалар (кәсіпорындар) болса және олардың бірде-біреуі баға белгілеу үдерісін басқара алмаса – олар тұтынушылар алғысы келетін және төлей алатын тауарларды өндіруге мәжбүр болады. Алайда тауарлардың белгілі бір санаттары үшін баға тетігі жұмыс істемейді (мыс., қорғаныс), кейде тауар өндіруге жұмсалған барлық шығынды көрсетуге дәрменсіз болады, демек, баға мен шығын оның қоғамдық нәтижесін көрсетпейді. Нарықтың осы және басқа кемшіліктері нақты өмірде ұдайы кездесіп отырады, сондықтан “таза” нарықтық экономика, сұраным мен ұсынымның қандай үлгісінде құрылса да, болмайды. Нарық әрқашанда бірге әрекет етуші кәсіпорындар мен монополиялар, түрлі ұйымдар, саяси өкімет тарапынан араласу – реттеу арқылы толықтырылып, шектеліп отырады. Сонымен бірге нарықтық шаруашылық пен баға белгілеу тетіктерін толық алып тастап, оның орнына экономиканы толық басқару әкімш. және саяси шешімдермен шешілетін болса, онда “таза” жоспарлы экономика дейтін пайда болады.