Нарық теориясы зерттеулер
Нарық теориясы зерттеулерінің тағы бір нысанына оның әлсіз жақтарын зерттеу жатады. Оларға нарықтың макроэкон. үйлесімділікті реттей алмай үйлесімсіздік туғызуы, ғыл.-тех. жаңалықтарға ұмтылыс білдірілгенімен сараңдық танытуы, күрделі құрылыстың тиімділігі тез болмағандықтан стратег. инвестиция жұмсауға ынта мен мүдденің аздығы сияқты мәселелер жатады. Жалпы алғанда нарық теориясы қандай да болсын үдерісті кәсіпорын деңгейінде шешу керектігін уағыздайды. Олар: өндіріс пен тұтынудың еркін қозғалысы, экономиканы “сауықтыру”, бәсекенің жалпыға бірдейлігін қамтамасыз ету сияқты мәселелер. Бұрынғы соц. елдерде, әсіресе, Қазақстан жағдайындағы өтпелі кезеңде радикалды саяси және экон. реформалар жүргізіліп, нарық теориясы тұрғысынан жекешелендіру және мемлекет иелігінен алу, кәсіпкерлікке ынталандыру, нарықтық құрылымдарды қалыптастыру, сыртқы экон. байланыстарды дамыту, макроэкон. тұрақтандыру мәселелері жан-жақты қарастырылды. Нарық теориясы кең мағынада алғанда тауарларды өндіру мен қызмет көрсетуде, айналысқа жіберуде, бөлуде және сатып алушылар мен сатушыларды таңдауда, бағаны жетілдіруде, ресурс көздерін пайдалануда, еркіндікке тән сипаттағы ақша қаражатының қозғалысында экон. қатынастарды жүйелейді. Осыған орай нарықтық экономиканың басты тетіктері: баға, сұраныс пен ұсыныс заңдылықтары, инфляция себептері, нарықтың инфрақұрылымы мен жағдаяты теориялық және практикалық жағынан ұдайы әрі үздіксіз зерттеліп келеді және зерттеле береді де, нарықтық дамудың үлгілері салыстырылып, айқындалады. Нарық теориясын жаңа жағдайда дамыту мәселесі бүгін таңда өзекті мәселеге айналып отыр. Оның басты бағыттарына ұлттық экономика мүдделерін халықар. мүддемен үйлестіре білу, ұлттық экономиканың әлемдік ұдайы өндіріс үдерісімен өзара араласуын, қарым-қатынасын қамтамасыз ету, жаїандану үдерісінің озық теория негіздерін жасау, т.б. жатады.