Нарық саясаты туралы
Демократиялық қоғам тарихи жағынан нарықтық қатынастардың енуімен жалпылама сипатқа ие бола бастады. Мәдениеттің, демократияның, нарықтың арақатынастарын қарастырайық. Мәдениет пен нарықтың арақатынасы туралы әртүрлі, кейде бір-біріне қарама-қарсы көзқарастар бар. Алайда бір нәрсені анық айта аламыз: адамзат әлі күнге дейін адамдық әрекетті ынталандыру мен қоғамдық байлықты бөлудің нарықтан жетілген тәсілін ойлап тапқан жоқ. Нарықтық шаруашылыққа негізделген үлгілердің бір артықшылдығын қоғамдағы экономикалық әрекеттерді, бір жағынан, тұтынушылардың сұраныстарына сәйкес бағыттап, екінші жағынан, тауар дефицитін барған сайын өрістететін бәсекелестік пен еңбек өнімділігін арттыру арқылы жүзеге тиімді және рационалды шаруашылық процестері нәтижесінде қысқарту деп пайымдауға болады. «Әлеуметтік нарық экономикасы» атты кітабында X. Ламперт нарықтың төмендегідей приоритеггерін атап өтеді:
— еркін баға жүйесі ең төмен шығындарға негізделген және осы арқылы өндіріс құралдарын тиімді түрде қолданатын осыған дейін белгілі өндірістік қатынастардың арасындағы нағыз ұтымдысы болып табылады;
— өз шешімін қабылдауда автономды және ерікті болып табылатын кәсіпкерлер шығынды аз жұмсайтын өндіріс тәсілдерін қолданып, өзгермелі сұраныс жағдайында жылдам әрекет ете алады және өз әрекеттерінің тиімділігін қашан да естен шығармайды, керісінше, мемлекеттік экономикалық басқаруды жүзеге асыратын құрылымдар көптеген жағдайда динамикасыз, бюрократиялық машиналардың тетігіне айналып, дұрыс әрі тиімді шешімдер қабылдай алмайды және олар өндірістің жағдайымен кәсіпкерлерге қарағанда формалды түрде ғана таныс болып келеді;
— әкімшілік экономикасының үлгісіне қарағанда нарықтық шаруашылық моделі жеке белсенділік пен іскерліктің толыққанды, шығармашыл және еркін жүзеге асуына көбірек мүмкіндік береді;
— сосын, нарықтық шаруашылықта өндірушілер шектелген, қатал, міндетті жалпышаруашылық жоспарларымен тоқталынбайды, шаруашылық субъектілері өндіріс құралдарын өз мақсаттарында еркін қолданады және осы себептен нарықтық жүйеге және ондағы өзгерістерге жылдам бейімделе алады.
Нарық — бұл демократиялық құрал , онда әрбір тұтынушының дауыс қүқығы бар. Мемлекеттік артықшылықтар, жеңілдіктер, коррупция және тыйымдармен шектелмеген нарық жүйесінде байлыққа жетудің бірден бір жолы бар. Ол — тұтынушылардың талап-мұқтаждарын дер кезінде аңғарып, оларды өтеу мақсатында тынбай еңбек ету. Мәдениет нарықтық қоғамда оның әрекеттік принциптерінен тыс тұра алмайды, тіпті мәдениеттің өзі тауарға айналып кетуі мүмкін. Құндылықтың нарықтық ұғымы, айырбас құндылығының тұтынушы құндылықтан жоғары болуы, құндылықтың осыған ұқсас адамға қатысты, айталық адамның өзін өзі бағалауына байланысты ұғымының пайда болуына әкеліп соқты. Өзін өзі тауар, ал өзіндік құндылық айырбасқа қатысты есептейтін мінез-құлық бағдарын нарықтық адам бағдары деп сараптайды. Соңғы жылдары «тұлғалық базар» деп аталатын әлеуметтік құбылыс қалыптасқан. Ондағы бағалау жүйесі мен принциптері тауар базарымен бірдей: біріншісінде сатылуға тұлғалар ұсынылады, екіншісінде — тауарлар, табыс негізінен, адам өзін-өзі базарда сата білгеніне байланысты; қаншама оның сыртқы түрі жарасымды, қаншама ол тартымды? Белсенді? Керек адамдармен байланысқа түсе ала ма? Отбасылық жағдайы қалай? Қолынан не келеді, қаражаты қалай? Адам өзінің беделі мен құндылығынан гөрі, өтімді тауар болғанды көбірек қалайды. Элиталық тауар сияқты, адам модалы болуы керек, ал осылай болу үшін, тұлғалар бәсекесі қажет. Осы тұстан жарнама, бұқаралық ақпарат құралдары, неше түрлі «имидж» қалыптастырушылар іске кірісіп кетеді. Нарықтың бағасын ойлайтын адам өзін әрі сатушы, әрі тұтынушы ретінде қарастырады және оның көңіл-күйі тұлғаның өзінен гөрі, оған бағынбайтын сыртқы жағдайларға көбірек тәуелді болып шығады. Егер ол табыстан табысқа жетсе, онда құнды, ал сәтсіздіктерге жиі ұшыраса — құндылығынан айырылған. Ол өзінің ішкі мәнді күштерімен тұтас әрі үйлесімді емес, себебі ол үшін өзін өзі жүзеге асырудан гөрі, нарық базарында табысты сатылғаны мәнді. Осында ділдік тип қазіргі мәдени ет жүйесіне де үлкен ықпалын тигізеді. Мәдениет бұл жағдайда шығармашылық пен жасампаздықтан, нарық мүдделеріне сай мол ақпарат жинақтауға көбірек бағытталады. Мәдени қайраткерлер өз туындыларының құндылығына қарағанда, олардың нарықтағы бағасына көп көңіл бөледі, басқаны ойлауға оның мұршасы да жоқ. Нарықтық бағдарды мәдени жасампаздықтан бөліп қарастыру салыстырмалы түрде жүргізіледі. Нарықтық бағдарға сынның абсолюттік мораль тұрғысынан берілетіндігін есте тұту керек. Нарықтық бағдар шынайы адамдық құндылықтарға әкелуі үшін, нарықтық қатынастар субъектілері белгілі бір қылық ережелерін сақтауға міндетті. Тек гуманистік, этикалық ережелерді бұлжытпай орындау нарықты қазіргі әлем мәдениетімен үйлесімді қоса біледі. Адамдық ынтымақтастықтың спонтандық тәртібі қалыптасқан жерде өз әрекеттерін жалпы мәдениеттілікке бағыттаған әлеуметтік топтардың нарықтық табыстары адамзаттық жоғары әдеп жүйесін нығайтады. Бұл процесс тура бағытты болып келмейді және адамдық топтар өз әрекеттерінде тек ылғи рационалды есепшілдікті басшылыққа ала бермей, көп жағдайларда жіберілген қателіктерінен сабақ алу арқылы коррекцияларға (түзетулерге) барып отырады және бұл түзетулер бәсекелік қалпында өтеді. Түбінде ынтымақтастық деңгейі жоғары топтар тарихта үтып отырады. Ф. Хайектің жазғанындай, «іс-әрекеттер ережелерінің эволюциясы ылғи даңғыл жолмен жүріп отырмады, өйткені қалыптасып қалған дәстүрлі көзқарастар эгоизмді қорғаштап, өзінікін дұрыс және әділетті деп есептеп келеді» (Хайек Ф. Пагубная самонадеянность. — М., 1992. — С. 39). Егер өркениет мәдениеттің арнаулы емес өзгерістерінің нәтижесінде біртіндеп қалыптасты десек, онда өркениетте моральды критерийлердің болмауы нарықты оның коррупциялық және криминалдық түріне айналдырады деген пайымдаудың көп негізі бар. Әрине, бүкіл тұлғалар нарығы мен өмірді қастерлеуге негізделген жоғары ізгілік этикасының арасында белгілі бір алшақтық бар. Алайда мынадай сұрақ туады: қандай моральға нарықтық бағдар сәйкес келмейді? Әрине, жоғары адамгершілік құндылықтары бүкіл моральдың мазмұнын тауыспайды. Мұрат — нормадан басқа күнделікті мақсаттарға сай нормаларда жеткілікті. Сонымен, нарықтық бағдар қандай моральды күнделікті өмірде негізге алады? Оны жеке мүдделерді үйлесімді ететін әлеуметтік әріптестік әдебі деп атауға болады және оның басты құндылықтарына әділеттілік (жеке басының жетістіктері бойынша), теңдік (құқық), тұлға дербестілігі және адам абыройлығы жатады. Тұлға орталықтық көзқарас маңызды болғанымен қоғам байлықтың бір қолда жинақталып, басқалардың кедейленуін және пауперлендіруін қолдамауы керек. Әлеуметтік топтардың арасындағы алшақтықтың терендеуіне әртүрлі әлеуметтік әрекеттер қарсы бағытталуы тиіс. Қазіргі кезде мемлекеттің әлеуметтік - экономикалық және мәдени реттеу функциялары артып келеді. Осыдан келіп қоғамдағы әділетсіздік пен теңсіздіктің жалғыз кінәлісі деп нарықты айта беруге жөн жоқ. С. Темірбековтың атап өткеніндей, дәстүрлі тарихи дамудың жемісі ретіндегі ұлттық мәдениеттің басты құндылықтарын таза нарықтық бағамен өлшеуге келмейді. Сол себепті шектеусіз нарықтық қатынастар жағдайында ұлттық құндылықтардың кейбіреулері нарыққа икемделе алмай, қолданыстан шығып, мұражайлық, этнографиялық құндылықтарға айналып кетеді (Темирбеков С. Т. В объятиях рынка. — Алматы: Мысль, 1998. — № 7. — С. 66—68). Нарықтық либералдану дәстүрлі құндылықтарды, нормаларды, институттарды, әлеуметтік-қызметтік стереотиптерді, өткен ұрпақтардың тәжірибесін өмірлік табыстарға жетудің стратегиясы ретінде жарамсыз және адекватты емес қылып, бұрын-соңғы болмаған қысымға алды. Осының нәтижесінде бұқаралық, азаматтық, әдептік және ұлттық өзіндік сананың деформацияға ұшыраған құрылымдары пайда бодцы. Оларда дәстүрлі құндылық-мағыналық иерархиялар мен басымдылықтар қиратылып не маргиналданып, қазіргі өмір ырғақтарына сай рухани-адамгершілік ұстанымдар әлі қалыптаса алмады. Осы жағдайларда дәстүрлі ұлттық құндылықтар арзандатылып және ескі раритеттер түрінде қалды, ал оларға иек артатын тұлғалар экономикалық прагматизмнің либералдық демократиялық принциптерін қабылдай алмады және өздерінің күнделікті әрекеттерінде бойкүйездік, селқостыққа немесе агрессияшыл тынымсыз девияцияға бұрыла бастады, кейбір тұлғалар ескі әлемнің құндылықтарының ауысуын бүкіл адамдық ынтымақтастық, руханилық жоғалуы деп жариялады. Нарықтық қатынастарға тежеусіз ерік бере отырып, мемлекет те өз әрекетінде осы стихияның ықпалында кетеді. Ол болашаққа бағытталған бағдарларды күнделікті өмір талаптарына құрбан ете салады. Болашақты бағдарламау адамның өзіне теріс әсерін тигізеді. Мысалы, «адамдық капиталды» инвестицияландыру мәселесін алайық. Қазақстан сияқты ТМД елдерінде стихиялық нарық табысты кейінірек түсіретін ғылым, білім, мөдениет салаларын қаржыландыру қиындықтарын туғызды. Тікелей пайда әкелмейтін бұл салалар құлдырай бастады. Мысалы, орта білімді қаржыландырудың пайдасын он жылдан артық күту қажет. Бірақ білімсіз халықтың болашағы солғын. Сол себепті таза прагматикалық ұстанымды шектеп, болашақты да ойлаған жөн. Мемлекеттің азаматтық қоғам салаларынан мүлдем кетуі, стихиялық нарық жағдайыңда мәдени еттің, ғылымның, білімнің толық коммерциализациясына әкеледі. ТМД елдеріндегі нарықтық экономика мен жеке меншіктік қатынастарға өтуінің кейбір тәсілдерін В. Эрн ұсынған «катастрофалық прогресс» терминімен де атауға болады. Нарықтық экономика тетіктерінің еркін қалыптасу принциптерін ұлттық игілікті бүрын болып көрмеген тойымсыз және тоқтаусыз талан-таражға салумен жиі алмастыру да ТМД елдерінің кейбір көріністеріне жатады. Осындай «тәжірибеге» талдау бере келе, белгілі бір сарапшылар мен ғалымдар классикалық либерализмнің нарықтық экономика, демократия, азаматтық қоғам және құқықтық мемлекет идеяларының ішкі қиындылығына күмән келтіре бастады: «Адам құқықтарын, демократия мен еркін нарықты бір-бірімен байланыстыру концептуалдық немесе эмпирикалық пайымдаудан гөрі құндылық пікіріне жақын... Нарыққа өту мен демократиялық биліктің арасында ішкі байланыс жоқ. Осындай байланыстың мүлдем болмауы да мүмкін» (Межуев В.М. Куда движется Россия?//Вопросы философии, 1993. — № 2). Нарықтың мәдени негіздерін сынау тек белгілі бір шекке дейін ақылға сыйымды. Одан тыс болса, ол адамзаттың артқа қалдырған кезеңдерін қайтадан қалпына келтіруді көздеуі мүмкін. Оның ішінде кертартпа үлгілерді мұратқа айналдыру қоғамға зиянын тигізбей қоймайды. Тағы бір ескеретін жай: адамзат заман талабына сай осы мәселе бойынша жауап таба білді. Қазіргі постиндустриялық өркениет үшін мәдени шынайы гумандық бастауларын жаңғырта алды. Дамыған елдерде мәдениет өзінің тартымдылығымен, көпфункционалдығымен, адамгершілігімен, ыңғайлығымен және оптималдығымен көзге түседі. Бизнестің әр түрлі құрылымдары мен филантропиялық ұжымдар мен тұлғалар жоғары мәдениетті қалыптастыруға бағытталған әрекеттерге барады, фирмалар мен корпорациялар қызметкерлерінің мәдени деңгейі артып келеді, мұның өзі нарықтық субъектілердің табысын көбейтеді, мәдениетті қолдау қоғамның рухани байлығын молайтады және әлеуметтік қақтығыстардың алдын алады, іскерлік және әлеуметтік белсенділікті жоғары деңгейге көтереді, осының бәрі қуатты мәдениет индустриясын қалыптастыруға мүмкіндік береді, Қазақстан жағдайында да осындай өркениеттілік бағдарларына бетбұрыс жасау қажеттігі бар.