Нарыө туралы толық мәлімет
Ол тауар-ақша айырбасының саласы болып табылады және өндірушілер (сатушылар) мен тұтынушылар (сатып алушылар) арасындағы экон. қатынастар жүйесін білдіреді. Бұл қатынастардың негізгі элементтері – құн, баға, бәсеке, сұраныс пен ұсыныс. Нарықтың жұмыс істеуі тауар өндірушілердің арасындағы байланыстарды реттейтін, сондай-ақ адамдардың арасындағы экон. қарым-қатынас олардың еңбегінің өнімін сатып алу мен сату арқылы көрініс табатын тауар өндірісі жағдайында қоғамдық еңбекті бөлу мен ынталандыруды реттейтін заңға бағындырылған. Сұраныс пен ұсыныс заңы осыны жүзеге асыру нысаны ретінде әрекет етеді, оның іс-әрекеті айырбастың баламалылығын, ақша және тауар ағынының, төлем қабілеті ағынының, төлем қабілеті бар сұраныс пен ұсынылатын тауарлардың (қызметтердің) ара салмағын айқындайды. Нарық қатысушылардың бәрін, бір жағынан, бәсекеден, банкроттықтан, т.б. туындайтын экономикалық мәжбүрлеу арқылы, екінші жағынан, материалдық ынталандыру (пайданы молайту, т.б.) жолымен тауарлар мен қызметтердің жоғары сапада болуына, өндіріс шығынын азайтуға, тұтынушыларды ойдағыдай қанағаттандыруға бағдарлайды. Нарыққа тауар өндірушілердің тәуелсіздігі, олардың толық дербестігі, тауарлардың бағасын еркін белгілеуі, тұтынушылар мен жеткізуші-лерді еркін таңдауы, тауар өндірушілердің, сатушылардың өткізу бәсекелестігі тән. Мемлекет нарықтық қатынастарды ретке келтіру, шаруашылықты жүргізудің нарықтық нысандарының теріс зардаптарын барынша азайту, халықтың жекелеген топтарын әлеум. жағынан қорғау шараларының кешенді жүйесін әзірлеп, жүзеге асырады. Мұндай реттеу нысандары құрылымдардың (биржалардың, жәрмеңкелердің, жарнамалық және басқа агенттіктердің) жұмыс істеуі ережелерін белгілейтін заңдық және басқа нормативтік актілер жатады. Бағаны мемлекеттің реттеп отыруы, тауарлар мен қызметтердің кейбір түрлеріне тұрақты баға белгілеу немесе жәрдемқаражат белгілеу нарықтың жұмыс істеуіне айтарлықтай ықпал жасайды. Тауарлар нарығы тікелей тауар айналысы, ақшаны тауарға және тауарды ақшаға айырбастау саласы нарықтық жүйенің өзегі болып табылады.