Балалар ата-ана сынынан неге мезі болады?
Көптеген ата-аналар «баламыз сөз ұқпайды, айтқанды тыңдамайды» деп зар қағып отырады. Шындығына келгенде көптеген қателіктер ата-ананың өздерінде. Осы мәселеге байланысты да солай. Қандай қателік дейсіздер ғой. Мысалы, көп сөйлеу. «Қорқақты қуа берсең батыр болады» демекші, балаға байбалам сала беру оның тағатын тауысып, қарсы шығу харекетіне көшеді. Екіншіден, қанша айтып жатсаң да тыңдағысы келмейді, мезі болады. Жек көріп кетеді. Сен сөйлей бастағанда-ақ құлағын «бітеп» алады. «Сонда оған ештеңе айтпаймыз ба? Тәрбие, ақыл-кеңес бермейміз бе?»-деген сауал туындауы мүмкін. Жоқ, зерттермендер басқаша тәсіл ұсынады. Қандай?
Баланы ең көп болғанда күніне екі реттен артық сындамау керек. Бала бірінші рет сынға ұшырағанда өз қателігіне өкініп қалады екен. Араға біраз уақыт салсаң ол тіпті өз кемшілігі туралы ойлай бастайды. Осындай кезде үсті-үстіне төпелей бастасаң, ол бала ойында басқаша мағына алып: «бұлар мені қателігім үшін сындап тұрған жоқ, бұлар мені жек көреді» дегенге ұласады. Қарсы шығу, яғни, «өзін қорғау» психологиясы сонда барып тулап шығады. Ол көп қайталанса әдетке айналып, сөз тыңдату қиынға соғады.
Баланы сындағанда мәселені түбегейлі қаузамаған жөн. Оны қателіктің астына көміп тастасаң, оны түзетуге психологиялық жақтан әлсіз болады. Әсіресе, ұмытыла бастаған кемшіліктерді қайталап айта бермеу керек. Оған жаңасы қосылса бала үмітсізденеді. «Маған бәрібір» деген сөз әсіресе бала жағдайында ең ұнамсыз сөз. Болып жатқан қазіргі мәселе жөнінде егжей-тегжейлі айтылса оқа емес әрине.
Ата-ана кей кездері балаға қателік өткізгеннің зардабын сезіндіру керек. Мысалы, түрлі түсті қаламмен қабырғаны сызғыласа, оның қолына басқа ақ парақ, картон қағаз берумен бірге бұдан былай оған түрлі түсті қаламсап немесе алуды жоспарлаған өзге ойыншықты алып бермейтінін айтуы және солай істеуі керек. Сонда ғана бала келесі жолы оны есепке алады.
Ғалымдар баланы сындай бергеннен гөрі шабыттандырған маңыздырақ деп қарайды. Бұрындары көп сындалған балаға бұл тіпті майдай жағады. Мақтау дегенде бұл бір сыдырғы мақтау емес екенін көзқарақты ата-ана біледі әрине. Кей істері бұрынғыға қарағанда көп түзелгенін, жалғасты осылай істесе қандай жетістіктерге жететінін, арасында сыйлықтарға да ие болатынын жеткізіп отыру керек және уәде орындалуы тиіс.