Омар Хайям рубаилары

(Қ.Шаңғытбаевтың аудармасы)

1
Даналар ой маржанын жіпке тізген,
Кеңесіп хұда жайын текке бізбен.
Шеше алмай сыр түйінін, ақырында
Кетті ғой талай надан кеткен ізбен.

2
Жаһанда жан тең келмей туған дана,
Жұлдыздай жұрттан биік тұрған дара.
Өмірге о сорлы да түсіне алмай,
Өтті ғой өкінішпен, бар ма дауа?

3
Жас та өтер, бірте-бірте кәрі де өтер,
Баянсыз бұл жалғанның бәрі бекер.
Жаһанда мәңгі жасар жан жоқ, сірә,
Кетеміз, кетті, келер, тағы кетер.

4
Тікен бар, бізге гүлі бұйырмаса,
Оты бар, бізге нұры бұйырмаса.
Кірес пен қоңыраулы шіркеуі бар,
Мешіт пен бізге діні бұйырмаса.

5
Құдай-ау, балшығымды айдаған – сен,
Өрмекке арқауымды байлаған – сен.
Болсам да жақсы-жаман, жазығым не?
О баста сыбағамды сайлаған – сен.

6
Сұлуға күлкі ойнатып бердің ерін,
Сүйдіріп, елжіреттің ер жүрегін.
Қимасаң маған шаттық, өкінбеймін:
Қайғылы қалың елмен тең жүремін.

7
Дариға-ай, қартайдық қой бостан-босқа,
Қайғы-мұң Құдай бізге қосқан баста.
Жоқ болдық қас қаққанша, о, сұм өмір,
Жете алмай көп арманға тоқсан жаста.

8
Мінім жоқ, талшыбықтай бойым сұңғақ,
Қойғандай екі бетім нұрмен сырлап.
Білмеймін, Құдай шебер неге маған,
Осынша берді аямай түр мен сымбат?

9
Несібең болғаннан соң тәңір хақтан,
Көбеймес, кемімес те дәмің татқан.
Ендеше қапа болма қолда жоққа,
Молырақ қармай көрме дайын заттан.

11
Ей, сақи*, кетсе шығып қолдан жүрек,
Жоғалмас, дүние-теңіз толған түбек.
Қыл мойын надан сопы шарап ішіп,
Мас болса, оған да бұл жалған – түнек.

12
Сап болды-ау, о, дариға, жастық ісі,
Өмірдің көктемі өтіп, басты қысы.
Қай кезде, сезбей қалдым, гүл бағымнан
Жайдары жастық шақтың қашты құсы?
16
Бұл жалған тұрмайды деп жастағыдай,
Не пайда, ойбай салып жатсақ ұдай?
Өмірің өз еркіңде, ойна да күл,
Жаратты баста солай патша Құдай.
17
Ей, шебер, құмыра құйып, лай айдаған,
Болсаң ғой сәл ойланып, абайлаған,
Балшықты баспас та едің, теппес те едің,
Қорлайсың атаң күлін қалай, надан?!

19
Сұм тағдыр! Сұмырайларға нан бересің,
Су мен жер, үй, салтанат, сән бересің.
Бір үзім нанға зар боп жүргендер көп,
Алмаған адал жанда бар ма еді өшің?*

20
Бұл жалған алдап кетер аяғында,
Өкінбе өткен іске баяғыда.
Сүйе бер сүмбіл бұрым сұлуларды,
Шарап іш, өміріңді зая қылма.

21
Пайда жоқ бұл заманда толы достан,
Жақсы ғой жұртпен сирек жолығысқан.
Біреуге серігім деп сене қалсаң,
Алдымен саған соның өзі дұшпан.

22
Ей, надан, баста жоқ боп туыпсың сен,
Жел тапқан жалғыз ғана уыссың сен.
Кептелген екі жоқтың арасына,*
Жан-жағың жап-жалаңаш қуыссың сен.

23
Аяймын күнім батып, түн болғанын,
Жігері талай жұрттың құм болғанын.
Айтпады-ау ол дүниеден келіп біреу,
Кешегі кеткендердің кім болғанын.

25
Ей, сақи! Сыңғырлаған үнің жақсы,
Жәмшидтің* кесесінен жүзің жақсы.
Жұққан шаң табаныңа – көзім нұры,
Болмайды одан жүз мың күнің жақсы.

27
Жұтылмай көз жасым боп ақыл-қайғым,
Мәз болып, шарабымды сапырмаймын.
Жеп көрмей жүрегімді үйтіп өзім,
Біреудің тұзына нан батырмаймын.

28
Құм көзе Жәмшид жиған малдан артық,
Гүл шарап Мәриям* құйған балдан артық.
Мастардың таң атарда аһ ұрғаны
Бусеид,* Әдһәм* салған зардан артық.

29
Құмырашы дүкеніне келіп ұдай,
Шек тартам, шеберлігін көріп ұдай:
Бабамның сүйегінен көзе жасап,
Жатады саздай илеп, езіп ұдай.

30
Маскүнем, арам дей бер, өзіме аян,
Маскүнем, сараң дей бер, өзіме аян.
Сыртымнан, сырым білмей, сын тақпа тек,
Жақсы де, жаман дей бер, өзіме аян.

31
Құм қылды-ау жігеріңді құса-нала,
Үмітсіз жете ала ма нысанаға?
Көне бер тағдырыңа, о, бейшара,
Тағдырдан біздей сорлы босана ма?

32
Ей, сақи! Гүл-бәйшешек тұрған толып,
Қалыпты апта болмай қурап-солып.
Шарап іш, гүліңді тер, қас қаққанша
Гүл ұшар, аяз сорып, аптап соғып.
33
Өлімді неден қорқып жатсынамын?
Білемін о дүниенің жақсырағын.
Құдайдың аманатқа берген жанын
Өзіне, мерзім жетсе, тапсырамын.

34
Тас қамал бұл қапастың аты – жалған,
Қарайып, күннің көзін бұлты шалған.
Күл болып көрде жатыр жүз Баһрам,*
Той тарқап, жүз Жәмшидтің жұрты қалған.

35
Қызық-ау: туған адам ақыр өлмек!
Тозғасын тарқатылып жатыр өрмек.
Түтінсіз жанды-ау тағдыр өрті ішінде,
Ақ жүрек талай адал пақыр еңіреп.

36
Тағдырдың сыры терең, жете алмаймыз,
Жұмбағын түгел тауып кете алмаймыз.
Керулі көз алдыңда сиқыр перде,*
Өлеміз, бірақ әрі өте алмаймыз.

37
Алады ажал жұртты талғамастан,
Кейқуат,* Жәмшидтерден бар ма асқан?
Құл қылып қу замана қойған бізді
Ұйқыға, айла, арман сорға бастан.

38
Шіркін-ай, бір саяға келер болсақ!
Ұшығын ұзақ жолдың көрер болсақ!
Жүз мың жыл өткеннен соң, о, дариға-ай,
Көгеріп жерден қайта өнер болсақ!

41
Бір күні кітаптан бал қалсам ашып,
Сөз көрдім дана жазған жанталасып.
Депті ол: «Бақыттысың, құшағыңда
Ұзақ түн айдай сұлу болса ғашық».

42
Баянсыз, бейнеті көп саспа кезден,
Өтер тез, кебер сортаң жас та көзден.
Ойламай өтер күн мен келер күнді,
Қармап қал, қызығы мол қашпа лезден.
43
Оралып біз келмеспіз енді өмірге,
Жүрмеспіз дос-құрбымен күнде бірге.
Қиғаштап қалайық та тіршілікте,
Кетерміз қас қаққанша біз де мүлде.

44
Шарап іш, көңілдегі дертің қашар,
Өмірде шарап ішкен еркін жасар.
Өзі от болғанымен, судай шалқып,
Қайғының жалын атқан өртін басар.

45
Қойса да білім, шындық басқа қонбай,
Өтейік уайымшыл қасқа болмай.
Түсірмей қолдан кесе, шарап ішіп,
Шалқиық, сау да болмай, мас та болмай.

46
Лайық па жүрек толы нала бізге?
Одан да сауық-сайран саламыз де.
Білмесең келер күннің сырын анық,
Шарап, қыз, жан рақат, талап ізде.

47
Тарта бер, шаңға батсын көктің төрі,
Емес бұл наздың шағы, кектің кезі.
Ай жүзді ару құшып, шарабыңды іш,
Қайтқан жоқ кеткендерден ешкім кері.

48
Дүниенің саф асылы, сарасы – біз,
Мақсаты, майса гүлі, санасы – біз.
Бұл жаһан дөп-дөңгелек жүзік болса,
Жауһардай жанған соның шарасы – біз.

49
Шөліркеп шарап ішсең, данамен іш,
Немесе гүл майысқан баламен іш.
Аздап іш, анда-санда, тығылып іш,
Мас болмай, мылжың болмай, шамамен іш.

51
Шық шайып, гүл жайқалған дүз тамаша,
Сол дүзде бұлаң қаққан қыз тамаша.
Ойлама өткен күнді, бүгініңді айт:
Шат болсаң, күн сайын бар жүз тамаша.

52
Бастан-ақ байғұс едім кәрі құяң,
Кесеме шараптан тек дәрі құям.
Ой, тоба-ай! Ауру-сырқау кезде маған
Шараптан басқа емнің бәрі зиян.

53
Қайғырсам, дүние қаңырап бос қалады,
Еңіресем, етегіме жас толады.
Қан дария әр талында кірпігімнің,
Көз жұмсам, жерде топан басталады.

54
Құдайым мен сүйгенді сүйген емес,
Сондықтан маған ерік тиген емес.
Жөн болса егер бәрі ол айтқанның,
Мен – кәпір, маған пейіш тимек емес.

55
Талай жан өткен екен шамшырақтай,
Айтыста ақылымен жан шыдатпай.
Солар да сөйлеп-сөйлеп кеткен қалғып,
Қарманып қараңғыда, жолын таппай.

56
Жаратып жер-жаһанды кең қылды-ау Хақ,
Жаралы жан-жүректі кем қылды-ау Хақ.
Ай жүзді, лағыл ерін аруларды
Бір уыс топырақпен тең қылды-ау Хақ.
57
Жүрмейді ертеңгіге бүгін еркің,
Ертең деп, ушықтырма көңіл дертін.
Баян жоқ тіршілікте, өтер-кетер,
Кетірме қолда тұрған өмір көркін.

58
Дария бір тамшыны обып кетер,
Қара жер бір тозаңды көміп кетер.
Дүниеге келдің-кеттің, онда не тұр:
Бір шыбын туа сала өтіп кетер.

60
Ойлайды ертеңін тек қыры кеткен,
Артық қой алсаң еркін бір рет дем.
Бәрібір, өліп кетсек, қосылармыз
Жандарға жеті мың жыл бұрын өткен.*

61
Сырына бұ дүниенің болсаң таныс,
Шаттық не, қайғы-мұң не, емес таң іс.
Бір күні жақсы да өтер, жаман да өтер,
Өз еркің: ем болып қон, дерт боп жабыс.

62
Белдегі сұйық едік бірер тамшы,
Тудық қой ләззат оты болып қамшы.
Жел айдап күлімізді кетер ертең,
Жарқыным, шарап ішіп, сермеп қалшы.

63
Құй шарап! Шүпілдесін қолда шара,
Ішпейтін мен байғұста бар ма шама?
Ақыл мен дінді бүгін үш талақ қып,*
Алайын жүзім қызын* мен бейшара.

66
Аспанға таң арқанын күн тастады,
Кесеге Кей-Хұсрау* нұр тастады.
Шарап іш, махаббаттың таңғы даусы,
Әнеки, «Ішіңдер!» деп жыр бастады.

68
Алдамшы өмір сыры баста мәлім,
Көп іштім сұм өмірдің лас шарабын.
Ыза боп айласы мен сұмдығына,
Шараптай жерге өмірді ақтарамын.

69
Ынтызар бір сұлуға ғаріп ем мен,
Жүріпті ол, жатты сүйіп әбігермен.
Мен одан дертке дауа сұрап жүрсем,
Не пайда, өзі сырқат дәрігерден.

71
Алпыстан аспа, ақымақ болман десең,
Мас жүрсең, өмірден сол алған есең.
Көзе боп қурағанша бас сүйегің,
Кетпесін көзден көзең, қолдан кесең.

72
Жазылған бәрі баста маңдайыма,
Құй шарап, қарамай-ақ хал-жайыма!
Сұм жалған мені тастап кетерінде
Тамызбас тамшы суын таңдайыма.

73
Ой мен қыр мен кезбеген қалған емес,
Алдамшы алдырмады арман-елес.
Азабын аз өмірдің көп тартсам да,
Жақсы өтті кейбір кезім, жалған емес.
74
Мәз болып күні-түні мал-жаныңа,
Сенбедің, бұл дүниенің жалғанына.
Не қылды басқаларды қатал заман?
Оянып, бір қарашы жан-жағыңа.

75
Адамның болса ақылы егер дұрыс,
Істемес өмірінде бекер бір іс:
Ол босқа жалбарынар Жасағанға,
Болмаса шарап ішіп, өтер тыныш.

76
Пәк туып, ақырында арам болдық,
Шат туып, қайғы шеккен қараң болдық.
Кеудені көздің жасы оттай өртеп,
Дене – күл, өмір – зая, тамам болдық.

77
Шын сүю көкке балқып күн шығардай,
Сүйгенің, күйіп-жансаң, тынши алмай.
Бұлбұлдай нала шеккен сүйген емес,
Сүйген сол – өле білсең үн шығармай.

78
Үйімде шарап болмай, қалсам қарап,
Өртейді жұтқан балым удай тарап.
Дүниенің емі – шарап, қайғысы – у,
Уыңнан қорықпаймын, құйсаң шарап.

79
Жар аңсап талай-талай өтті сорлы,
Жаралы жүректен қан төкті сорлы.
Тараққа қарашы өзің: қыз шашына
Тимей-ақ тілім-тілім бопты сорлы.

81
«Ішпеспін, – дедім, – енді, сірә, шарап,
Гүл қаны – ол, қалай жүрем құн арқалап».
Сұрады қарт парасат: «Шының ба?» – деп,
«Жоқ, – дедім, – ішпей қалай жүрем қарап?!»

82
Шараппен сыйла мені, бақыт болсын,
Қызарып екі бетім жақұт болсын.
Мен өлсем, сүйегімді шараппен жу,
Көмсеңдер, жүзім ағаш табыт болсын.

83
Қыз бен гүл, шарап толы кесеменен
Шалқытып, өмірді әлі кеше берем.
Бұрын да, қазір, міне, алда тағы,
Ішкен ем, ішіп жүрмін, іше берем.

84
Жел тербеп, қауыз жарды гүл-жапырақ,
Бұлбұлдың дауысына тұнды атырап.
Барсайшы байғұс гүлге! Қас қаққанша
Гүл солар, біз болармыз гүл-топырақ.

85
Әй, Һәйям! Сұм тағдырдың күйігі – дерт,
Күйінсең, табалар ол жүз мың рет.
Сынғанша қолда кесең, тасқа тиіп,
Кесеңнен шарабыңды іш, күйіңді шерт.

86
Достарым, жастарың бар, қарттарың бар,
Көргенге бір-біріңді шат болыңдар.
Бас қосып, алға шарап келген шақта,
Дұға оқып, мен сорлыны жадқа алыңдар.

89
Құяды құмырашы құмнан кесе,
Түбіне толқын шарап тұнған кесе.
Илансаң, иықтағы бас та сондай
Қасірет, қайғы толып тұрған кесе.
91
Болмаса тағдыр қатал, қара да тұр,
Гүл шықпай, қалар еді дала тақыр.
Бұлт болып көтерілсе көкке топырақ,
Қан жауады болғанша заман ақыр.

92
Билейді, шарап берсең, зеңгір тау да,
Шарапқа тіл тигізбе денің сауда.
Адамға ақыл, тәлім беретін – сол,
Сондықтан мас болдым деп қылман тәуба.

93
Кел, көтер пиалаң мен көзеңді, жар,
Көк майса жағалайық өзенді, жар.
Қу тағдыр пиала мен көзедей ғып,
Қиратты-ау жүз мың ару-гөзелді, жар.

94
Кеше мен құмырамды ұрдым тасқа,
Жөн бар ма, бір ішкесін, құрғыр маста!
Құмыра деді сонда: «Сендей ем мен,
Сынарсың сен де, түссе бір күн басқа!»

97
Араб пен Румда жұрт болса да көп,
Бар екен жалғыз ауыз баршада кеп:
«Сенбеймін, шарап – күнә десе біреу,
Құдайдың айтқан өзі «мәйсара»* деп.

98
Біл, досым, дәм таусылып, мезгіл жетер,
Ендеше, ғашық сүйіп, көңіл көтер.
Сұлулық салтанаты баянсыз ғой,
Басыңнан о да, ақыр, бір күн кетер.

99
Таң атты, жақсы жігіт, оян! Бол, тұр!
Кесеңе қызыл-жақұт шарап толтыр.
Алар дем аманат қой бұ жалғанда,
Бір кетсе, оралмайды, шарап келтір!

100
Шарап – лағыл, құмыра – кен сияқты,
Кесе – тән, шарап жанға тең сияқты,
Кеседе жалын атқан лағыл шарап
Қан болып көзден аққан сел сияқты.

102
Баяғы көрдім сұлу ғаламатты,
Мейірбан бүгін қайта бола ғапты.
Дегендей «Жақсылығың зая кетпес», –
Жаутаңдап жанай өтіп бара жатты.

103
Ішкенде мас болмаймын, демаламын,
Дүниеде кесемнен тек кек аламын.
Табынсам мен шарапқа, сен емеспін,
Өзіме өзім ерік бере аламын.

105
Көзеші дүкеніне бардым кеше:
Самсап тұр үнсіз-түнсіз сан мың кесе.
– Қайда, – деп, – сатушы мен алушылар? –
Ойбайлап жатыр екен жалғыз кесе.