АЛАҢДАҒЫ ҚАЗАҚ ҚЫЗДАРЫНЫҢ ӨР РУХЫ
Отан өгей анаға айналып, тұтас бір халық, тамырынан айырылып, қаңғырып, жоғалып кете жаздады. Ресей бізді, тіпті, қарусыз-ақ жер бетінен өшіруге айналды. Ғасырлар бойы қазақ даласында болған әрбір оқиға, әрбір шайқас – тәуелсіздікке жасалған бір қадам. Желтоқсан оқиғасы осы бір “соқтықпалы” соқпақтағы ең ірі адым болды. “Мың өліп мың тірілген”, енді тәуелсіз қазақ өзінің алғашқы демін желтоқсан ызғырығымен алды. Қазақ жастарының 1986 жылғы желтоқсандағы шеруінің түрі ұлттық болғанымен, ұлтшылдық емес еді. Бірақ республиканың және орталықтың партиялық-бюрократиялық құрылымы тарапынан ол экстремистік пиғылдағы ұлтшыл жастар тобының бүлігі деп бағаланды. Жүйе оны “Қазақ ұлтшылдығы” деген айыптауға дейін барды…
1986 жылғы желтоқсанның 17-18 жұлдызында бүкiл елдi дүр сiлкiндiрген ғаламат көтеріліс болды. Совет өкiметi тұсында бұрын-соңды кездеспеген құбылыс Алматыда демонстрация “Брежнев алаңында қаптаған жұрт”, “Көшелерде сап түзеп бара жатқан жастар” деген лебiздер ескен желдей гулеп тарап жатты. Елеңдеген ел түсiне алмай дал болды. Демонстрация, алды-артымызды бағамдағанша, ес жиып ой қорытқанша болмай, аяусыз басылды.
Сөйтіп, 1986 жылғы желтоқсан айының суық ызғары тәнге діріл егіп, көкірекке қарс айырған өкініш әкеліп қоймай, сол кезден бері қаншама уақыт өтсе де қос-үрей күйге түсіргені бүгінде көмейге өксік әкеледі. Желтоқсан жендеттері алаңдағы ашық айқаста ұл, қыз демеді. Жанталас қуғында нөпірдің артында қалып қойған нәзік жандарды аяқтан шалып құлатып, шаштан сүйреп апарып, көлікке тоғыту қызыл жағалылардың таптырмас әдісіне айналды.
Он томдық «Конституциялық Соттың Желтоқсан оқиғасы туралы ісіндегі» деректер бойынша сотталғандардың саны жүз адамнан асады. Ал олардың жиырма екісі – қыздар. Яғни 20 жас ару бас бостандығынан айырылған, екеуі еңбекпен түзеу жазасына кесілген, біреуі қара жұмысқа жіберілген. Алаңға барып ұсталып немесе алаңға барғандары үшін «айыпкер» атанып, сотталғандардың жөні – бір бөлек.
Бұл ретте Алматыдағы №19 жұмысшы жастар орта мектебінің оқытушысы Жансая Сәбитованың көтерілістен кейінгі уақытта болған қанқұйлы жағдайға наразылығын ашық білдіргені үшін, яғни көзқарасы үшін бауырындағы бөбегіне қарамастан бес жылға сотталғандығы, сонымен қатар, Алматы бас киімдер фабрикасының бухгалтері Нағима Салықова «алаңға баруға болмайды» деген басшылығының тыйымына қарсылығын білдіріп, өз пікірін қайтпастан дәлелдегені үшін үш жылға сотталғандығы және Талдықорғандағы Заң техникумының студенті, сол кездегі он сегіз жасар Анар Серкенованың мұғаліміне және облыстық Партия Комитетінің екінші хатшысына Алматыдағы көтерілістің әділетті екенін қаймықпай айтқаны үшін бір жыл алты айға сотталғандығы қылышынан қан тамған кеңестік жүйеге қарсы шыққан қазақ қыздарының шын мәніндегі қайсарлығын білдірсе керек. Олардың тіпті темір есікті қараңғы қапасқа түскенде де, прокурор мен тергеушілердің тоқпағынан қорықпастан, өздерінің азаматтық құқықтарын қорғау арқылы ұлт намысын таптатпаулары – ерлерге тән ерліктің ең биік үлгісін көрсете білді.
Сонымен қатар Алматыда П.Чайковский атындағы музыкалық училищенің студенті желтоқсан оқиғасының құрбаны Ләззаттың мәйіті бірнеше күннен кейін музыкалық училище жатаханасынан табылғанда, ол туралы «жатақхананың бесінші қабатынан құлап өлген» деген қауесет таратылған. Осыған қарамастан мәйітті Алматы облысы Панфилов ауданындағы Ақжазық кентінде Ішкі істер министрлігі мен Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері арнайы қарауылдап апарған. Ләззатты жерлеудің алдында денесін ақ жуып, арулаған кезде оның екі білегіне салынған темір бұғаудың қалдырған көкпеңбек іздерін, бас сүйегінің шүйдесі ойылып кеткені анықталды. Осыған қарағанда ол жазалаушылардың қолынан қаза тапқан. Ләззат Асанова, Сабира Мұхамеджанова желтоқсанның құрбандары болса, желтоқсан оқиғасында сотқа тартылған аруларымыз Анар Серкенова, Нағима Салықова, Жансая Сәбитова және тағы басқа апаларымыз есімдері анықталған.
Терезі тең, байрағы желбіреген ұлттар санатына ілігу үшін талай ауыртпалық бастан өтті. Дегенмен, үміт бар екен. Тәнге түскен жара жазылды, тарылған тыныс кеңейді. Ең бастысы, биік оптимизм мен өршіл рухтың сенімін жоғалту мүмкін емес. Қанына намыс дарыған, рухы асқақ халық үтәуелсіздігін аялай біледі, қорғаштай біледі. Намысың биік болсын, қазақ қыздары!
Әселхан Төрбаева