ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ТІЛІ


«Йоллығ қаған, Йамы қаған, Бұмын қаған үч қаған олурмыс. Екі йуз йил олурмыс…». Ел-етміш Білге Турайын қағанның біздің заманымыздың 753-ші жылы орнатқан Теркін тас ұстынының ең бірінші жолына осылай деп мәңгілікке қашалып жазылған асыл сөз 1300 жылдан бері Көктүріктер Қағанатының атажұртында әлі күнге дейін желдің өтінде қасқайып бізге қарап тұр. Бұл Йоллығ, Йама, Бұмын қаған әулетінің 200 жыл, яки 544-744 жылдары ел билеп, айбынды мемлекет, Қағанат-империя құрғанының мәңгілік айғағы.

Ал сол заманның «Күлтегін» жазбасын­дағы «Барлығы 25 рет жорық жасап, 13 рет соғыстық. Тізеліні бүктірдік, басы барды жүгіндірдік», «Інім Күлтегін екеуміз ақылдастық. Әкеміз, ағамыз құрған халықтың аты өшпесін деп Түрік халқы үшін түн ұйықтамадым, күндіз отырмадым» немесе «Жалаңаш халықты тонды, кедей халықты бай қылдым. Аз халықты мол қылдым» деген жолдарын дәп қазір Тәуелсіз Қазақстанның мектеп табалдырығын тарыдай болып аттап кіріп, таудай болып шығатын әрбір жас өрені біледі. Осыдан ширек ғасыр бұрын мұндай асқақ мұратты, асыл рухты, ғұмыры мәңгілік жорық жырларды мынадай биік мінберден оқылмайтын; оны көпке естіртіп, дауыстап айтудың өзі мұң болатын. Ал бүгінде сол мәңгілік «Күлтегін» жыры ана тілімізде былайша төгіледі:
«Алтай тауым
Бесік болып тербеткен,
Жарқылдаған от пен
Сарқыраған судың ішінде
Ержеткен –
Көк тәңірінің оғландары
Бүкіл Түрік жұртының
Арландары мен қабыландары,
Бумын қаған мен
Істемі қаған атқа қонды.
Елімді ел етемін деп,
Жерімді көгертемін деп
Оттай асау,
Оқтай ұшқыр
Атқа қонды».

«Түрік халқының аты
Құмға сіңген судай
Құрымасын деп,
Асып тұрған айбыны
Шөптей жұлынбасын деп
Әкемді қаған,
Шешемді
Ханша еткен Тәңірі
Мені де қаған етті.

Мен
Атағы асқақтап жатқан
Елге
Қаған болғам жоқ;
Байлыққа батпақтап жатқан
Елге
Қаған болғам жоқ.
Мен
Киерге тоны жоқ,
Ішерге асы жоқ,
Шығатын жолы жоқ
Жәутік елге қаған болдым.

Інім Күлтегін екеуміз
Әкеміз бен ағамыз
Ел еткен елді,
Жер еткен жерді
Сақтап қаламыз деп
Түнде ұйықтамадық,
Күндіз отырмадық.
Қызыл қанымызды төктік,
Қара терімізді жүгірттік.
Сеңдердей сатырладық,
Сарыаяздай сақылдадық.

Күлтегін екеуміз
Өліп-өшіп жүріп,
Дұшпанның қанын
Белуардан кешіп жүріп
Елді – қайтадан
Ел еттік,
Жерді – қайтадан
Жер еттік.

Елімді
Суға батырмадым,
Отқа күйдірмедім.
Ешкімге
Бастарын идірмедім!

Азды көп қылдым,
Кедейді бай еттім.

Қазаным құтқа толды,
Ел-жұртым бұтқа толды».
(Жырдың еркін әдеби нұсқасын жасаған ақын Темірхан Медетбек).

Бірнеше күндерден кейін ресми күн­парағымыздың өрмегін өзгертетін биылғы жыл еліміз үшін ерекше оқиғаларымен есте қалатын жыл болмақ. Оның ең бастысы – Елбасы бастамасымен Қазақ хандығының 550 жылдығы мемлекеттік өреде еліміздің барлық өңірінде кең көлемде аталып жатуы. Тәуелсіздік алған жылдар ішінде ауқымды-ауқымды талай шаралар атқарылып, аталып өтіп жатыр ғой. Ал Қазақ мемлекеттілігінің бастауы болған Қазақ хандығының атаулы күнінің арнайы мерекеленуі – ерекше мәнді, ишаралық нышаны бар құбылыс деп білеміз. Сондықтан осы орайлы сәтті пайдалана отырып, баршаңызды осынау атау­лы мерекемен және күні ертең тойлағалы отырған ең ұлық, жалғыз да дара мерекеміз – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен тағы да бір құттықтауға рұқсат етіңіздер!

Адамзаттың өркениет тарихын қарап отырсақ, бүгінде іргелі мемлекет болып отырған азулы елдердің өзінің мемлекет ретінде ұйысып, іргесін бекіткендері бертінде ғана. Сақ, Ғұн,Көк түріктер, Дешті Қыпшақ дәуірінен тартып, жарты әлемге билігін жүргізген Алтын Орданың тікелей мұрагері ретінде XV ғасырда оңаша отау – Қазақ хандығының шаңырағын көтерген Қазақ елінің бұл тарихи мерейтойын қалай атап өтсек те жарасады.

Әлбетте, кез келген мемлекеттің негізгі өзегін құрайтын, табан тірер тұғыры болатын басты-басты белгілері бар. Мемле­кеттілік мәселесін зерттейтін ғалымдар олардың қатарына елдің біртұтас жерін, ортақ тілін, қорған болар қуат-әскерін, рухани өзек – дінін жатқызады.

Мен осы мәселеге Халықаралық «Қа­зақ тілі» қоғамының төрағасы райында, тілші ғалым ретінде Қазақ хандығының мем­лекеттілігін нығайтқан, күш-қуатын арттырған қазақ тілі тұрғысынан келсем деймін.

«Дүние – дүние болғалы баршаның бас­тауында СӨЗ тұрмақ!». Иә, адам баласын алға оздырған, адамды Адам қылған осы СӨЗ, оның ТІЛІ емес пе?!

Адамзаттың сөз-лебізі, қандай да бір ұлт пен ұлыстың тілі – ешқашан қайта­ланбайтын, бір жоғалса орны толмас, қайтып орнына келмес, теңдесі жоқ дара құбылыс, феномен! Сөзі жоғалмаған жұрттың өзі жоғалмайды. Сөзі, тілі мәңгілік елдің ғұмыры – мәңгілік!

Бір қуанышымыз һәм мақтанымыз – қазақ тілінің тылсым тарихы тым тұңғиық тереңде, Адам затының жаратылуымен, жер-жаһанда саналы тіршіліктің орнығуымен бірге жасасып келе жатыр десек, тым асыра айтқанымыз емес. Бүгінгі өркениетті дәуірдің айқындаған барша ілім-білімінде, жер бетіндегі ең көне саналатын жазбалардың қай-қайсысында да қазақ тілінің, оның ата тілі мен баба тілінің із-сорабы, тарих шаңына көмілген, кілтін тапқан талаптыға жарқырай көрінер жауһар пішім-порымы бар.

Біз ілкі сөзімізді елін, жерін һәм тілін сүйетін әрбір Алаш азаматының көкірегіне нұр, рух боп құйылар, баршамыздың көкейіміздегі арман-мұратымызды тап басып тасқа таңбалаған, сонау адамзат өркениетінің балғын кезіндегі V-VІІІ ғасырлардан оның шексізге қол созған мәңгілік көкжиегіндегі 25-ші, 50-ші, 100-ші … ғасырларындағы ұрпақтарына ама­наттаған өшпес мәңгілік жыр жолдарымен бастаған едік. Ғылым тілінде оларды «руналық жазу», яғни құпия жазу деп атайды. Көне түркі тілінің бар болмысын, грамматикасы мен сөздік қорын алақанға салғандай жарқырата көрсеткен, Орхон мен Енесай һәм Талас бойынан табылған (ал алып Еуразия кеңістігінде олардың жойылған, сақталмағаны қаншама!) бұл мұраларды 1893 жылы 25 қараша күні дат ғалымы Вильгельм Томсен кілтін тауып, сол жылдың 15 желтоқсанында Дания Корольдік Ғылым академиясының Алқа жиынында баяндағанша және заманының ұлы түрколог ғалымы В.В.Радлов 1894 жылы 19 қаңтар күні Петербургте Ресей Ғылым академиясының ғалымдары алдында жария етіп, оқып шыққанға дейін кімдер оған таласып, кімдер иелік етпеді десеңізші?! Орыстар, финн халқы, тіптен алыс аралдағы ағылшындарға дейін оны өзінің төл мұрасы деп жариялау жолында жарғақ құлақтары жастыққа тимей, зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Осы орайда, сіздердің назарларыңызды бір маңызды тарихи дерекке аударғым келеді. Жоғарыда аты аталған Дания азаматы Вильгельм Томсен көнетүркі руналық әліппенің кілтін қалайша тапты екен? Осы мәселеге ерекше тоқталып өткен жөн. Вильгельм Томсен даниялық. Дания, Норвегия мен Швеция – осы үш мемлекет – атышулы викингтердің тікелей ұрпақтары. Ал біле білсеңіз, викингтер – бүкіл өркениетті Еуропа елдерінің патша әулетінің арғы атасы болып есептеледі. Мәселен, Ресей патшалары да өз шежіресін солардан өрбіткені белгілі. Және де аталмыш викингтердің төл жазуы – біздің орхон-енисей жазбаларымыздан айнымайтын сыңары, ал ең үлкен бабаларының бірі (мына қызыққа қараңыз!) – біздің Еділ бабамыз, кәдімгі Атилла!Викингтердің Нибелунг туралы тарихи жырларында оның есімін Етцель деп атайды.

Томсенның көзі бірден бір сөзге түсті, ол басында бір-ақ сөзді ғана таны­ғаны белгілі: «Мен бұл жерде ең киелі сөзі­мізді айқын көріп тұрмын, ол біздің құдайы­мыздың аты – Тәңірі!» деп айтқан дейді Вильгельм Томсен.

Осы жалғыз дара атаудың әріптерін оқыған соң түрколог Вильгельм Фридрих Радлов төл әліппемізді толық дешифровка етуге мүмкіншілік алды.

Осыдан кейін бізді Тәңірдің өзі жарыл­қады демеске лаж бар ма, ағайын.

Өстіп, тас жазудан әлемді таңғалдырған «Тәңірі» сөзінің (біраздан соң тағы – «Түрік» сөзінің) оқып-танылуы бірталай үнді-еуропа елдерінің өркениетті, өзгені отарлау жолымен мәдени кембағалдықтан құтқарамыз деген астамшылық кеудесін су сепкендей басып, есеңгіретіп тастады…

Иә, 550 жылдық жанкешті тарих… Осы айтулы датаны ұлықтау барысында біздер, әсіресе қоғамдық ғылым саласындағы қазақ ғалымдары тындырғанымыздан гөрі әлі атқарарымыз, қолға алар шаруаларымыздың шаш етектен екеніне көзіміз жетті. Бүгінгі таңда сырттан біреу келіп, біздің тіліміз бен тарихымызды, мәдениетіміз бен өнерімізді зерттеп, ұшпаққа шығармасы анық. Сол себепті ғасырлап, 500 жылдап, мың-мың жылдап төл тарихымыздың, өркениет көшіндегі жүріп өткен жолдарымыздың тылсым сырларын ашу біздің қасиетті борышымыз. Және оны айқындап, аршып қана қоймай, орта және жоғары оқу орындарының оқулықтарына енгізу, ақиқатты қағидатқа айналдыру ісін жеделдету – бүгінгі жаһандану заманының заңды талабы.

Біздің ғалымдарымыз, әсіресе шека­раның арғы бетіндегі қытайтанушы қандас әріптестеріміз соңғы онжылдықтарда көне Қытай жазбаларына сүйене отырып Ғұн империясы (б.з.б. 318 – б.з. 581 жж.) мен Үйсін Елі тарихын жүйеледі. Десек те, өзіміз туған топырақтан табылған Алтын киімді адамдарымызды ту етіп көтергенімізбен ертеден бері ғылымда орныққан еуроцентристік, тіптен үнді-еуроцентристік ағымның жалауы іспетті – «сақтар иран тектес халық, олар иран тілінде сөйлеген» деген ешбір дәйек-дәлелі болмаса да әбден санаға сіңген тозығы жеткен көзқарас-пікірлерден құтыла алмай-ақ келеміз. Тілші ғалымдар, оның ішінде «Қазақ тілі» қоғамының белсенді оқымыстылары хатқа түскен көне ономастикалық атауларды (жер-су аттары мен кісі, ру-тайпа есімдері) зерттеп, зерделеу арқылы мұндай саяси-әлеуметтік маңызы жоғары әрі өте күрделі ғылыми мәселелердің түйінін тарқатуда өз үлестерін қоспақшы.

Әрине, бір мақалада мыңдаған жылдық тарих-тағдыры бар Қазақ тілінің бастан кешкен қилы баспалдақтарын бажайлап шығу оңай емес. Бұл жерде біздің басты айтпағымыз – замана талабы, ширек ғасырлық соқпалы-соқтықпалы Тәуелсіздік жолымызды даңғылға айналдыру, зиялы қауым мойнындағы аманат жүкті, қарыз-парызды Қоғам боп жұмыла көтеру. Аяқ­қа тұсау, ауызға қақпақ болған өткен замандағы тоқшылық-баршылықты аңсай бермей, жалғыз орыс тілі мен оның артық-кемісті ілім-біліміне ғана арқа сүйемей, әлем айдынынан, ғаламат мүмкіндігі бар ғаламтордан өзімізге өте қажетті, ділгір інжу-маржанды ақпаратты сүзіп алып, мемлекеттік тілде балабақшадан бастап, орта мектепте өскелең ұрпақ бойына елім-жерім, тілім-ділім, мәдениетім мен өнерім деп еміреніп тұратын парасатты патриоттық қасиет, алашшыл азаматтық рух қалыптастыру.

Осы орайда ұлт десе, ұлтшылдық десе аза бойы қаза болатын кешегі совет­тік идеологияның қазақ қоғамтану ғылы­мы­ның жолын кескен, бесігінде тұншықтырған зардап-зомбылығына бір мысал келтіре кетпекпін. Біз, лингвист ғалымдар көп уақыт қазақтың әдеби тілі – ұлы Абайдан басталады деп келдік. Осын­дай келте пікірді тұжырымдамаға айналдырушылар біздің қадірменді ұстаздарымыз еді. Әрине, олардың жалған сөйлеуіне, бұқпантайлануына заманы, кешегі кеңестік тар кезеңнің шаш ал десе, бас алатын коммунистік идеологиясы кінәлі еді. Тіптен бір классик ақынымыздың шаршы топтың алдында: «Мен совет өкіметінен арғы жерге аяқ баспаймын» дегенін де жұртшылық ұмыта қойған жоқ.

Сол қысаң кезеңнің өзінде уақыт, қатал саясаттан қаймықпай «Қазақтың әдеби тілі Абайдан басталмайды. Халық бар жерде оның мемлекеті болады. Мемлекеті бар жерде оның мемлекеттік тілі болады. Ол тілде халық сөйлейді, әдебиет жасайды, сырт елдермен қарым-қатынасқа түседі. Қазақ тілі Қазақ хандығы тұсында мемлекеттік қарым-қатынас тілі ретінде сараланған» деп тың теория-пікір ұсынған профессор, ұстаз Бейсембай ­Кенжебаев болатын. Замана талабы дегеннен шығады, 1960 жылдары біз басымыздан «Жылымық кезеңі» деген дәуірді өткізген болатынбыз. Қазақ үшін уақыт баяғыдай жылжып аққандай боп көрінгенімен, ғылым-техника жетістіктері, космосты игеру, қоғамдық ғылымдардағы сапалық секірістер, әлемдік ақыл-ой, парасаттың жаңа құндылықтарды талдап-таңдауы дүниені өзгертпей, алға сүйремей тұра алмады. Осы толқынға үн қосқан қайсар қазақ, профессор Б.Кенжебаев Асан қайғы, Сыпыра жыраудың аттарын атап, Қазақ хандығының азаматтық тарихы, әдебиеті, қастерлі тілі – тұтас руханияты жайында мәселе көтерді. Азаматтық тарихымызды әрі қарай хандық дәуірі, тіпті Түрік қағанатына дейін ілгерілетейік деді. Бұл, жоғарыда айтылғандай, сол кезде шетелдік, тіптен орыс қоғамдық ғылымында әбден орныға бастаған тұжырым болатын. Әйтсе де, көзіміз көрді, естіп-біліп жүрдік, ұстазымыз, профессор Бейсенбай Кенжебаев ұлтшыл, алашордашыл аталып, есекке теріс мінгізілді.Қанша теперіш көрсе де Бейсекең пікірінен қайтпады. Ақыры замана тоңы жіби келе оның ой-пікірлері мойындалды, бастамаларына жол ашылды. Хандық дәуірді азаматтық тарихымызға, руханият тарихына кіргізу үшін күрескен М.Әуезов, Ә.Марғұлан, Б.Кенжебаев, Е.Бекмаханов сынды ұлы тұлғаларымызды мынадай тарихи сәтте еске алып, рухына бас иіп, тағзым еткеніміз абзал.

XV ғасыр – еліміздің тарихына орасан зор өзгерістер әкелген дәуір болды. Соның ішінде біз үшін ең ерекшесі – Қазақ хандығының құрылуы. Бұл ғасырдың орта шенінде Әбілқайыр хан ішкі-тысқы қиыншылықтар шырмауынан шыға алмай, елге тізесі бата бастаған тұста, оның қарамағындағы Керей хан мен Жәнібек хан Әбілхайырға наразы жұрттың көбін бастап шығысқа – Шу өзені бойына қоныс аударды. Осы кезде батыстағы Ноғай хандығы мен шығыстағы Моғолстан жеріне дейінгі кең-байтақ өңірде қоныстанған халық негізінен қазақ тайпалары болатын.

Бұған дейін төрт тарапқа бағынып келген қазақ тайпалары Қазақ хандығының арқасында бас біріктіріп, топтаса бастады. Бұл кезеңдегі ең үлкен жеңіс осы еді. Алаш – Алаш болғалы Қазақ жеке-дара шаңырақ көтеріп, тарих сахнасында Қазақ мемлекеті пайда болды. Хандық құрған мемлекеттік ішкі-сыртқы мәселелерін реттеу үшін оның заңы, жарғысы, тәртіп жүйесі жасалуы керек. Ал мұның бәрі белгілі бір ұғым мен пайым-парасатқа тіреледі. Яғни әр мемлекеттің өз тілі болмақ.

Тілсіз хандық қалай құрылмақ, тәйірі. Қазақ хандығы дәуіріне тән тілдік дерек, құжаттар аса көп бола қоймағанымен сол дәуірлерден жалғасқан ауыз әдебиет үлгілері, батырлар жыры, халық ертегілері және сан алуан дауылпаз жыраулардың, билер мен шешендердің сөз саптауынан қазақ тілінің қандай дәрежеде болғанын шамалауға болады. Қорқыт, Асан қайғы, Шалкиіз, Қазтуған, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, т.б. ұлыларымыз қалдырған мұралардан қазақ сөзінің ішкі рухани қуатын, мазмұн-мәнін бағамдаймыз. Осы ұлы тұлғалардың бір өкілін сөйлетіп көрудің реті бар сияқты.

Жәңгірдің баласы Тәукенің қазақтарға хан болған кезі. Уақытында Тәукенің беделі алыс-жақын елдердің бәріне мәлім болған екен. Оның мықтылығын бізге жеткен мына бір тарихи деректерден анық байқаймыз. Ол өз заманында орыс патшасы І Петрмен кезеңдес, тұстас болған екен. Және де Тәуке хан сол І Петрге екі рет ресми түрде хатты (бүгінгі дипломатия тілімен айтсақ, дұрысы, екі рет нотаны, наразылықты білдіретін ескертпені) жолдапты. Бір хатында: «Менің башқұрттарыма бұдан былай тиісуші болма» деп бұйырыпты. Петр патша башқұрларға тиісуін тоқтатады. Сондай-ақ орыстар Кавказдағы ноғай бауырларды тықсыра бастағанда: «Менің ноғайларыма тиісуші болма» деп тағы да хатын жолдайды. Бұл ретте де Тәуке ханның өтініші бұлжытпай бірден орындалады. Осыдан-ақ орыс патшасы Петрдың Тәуке ханмен санасып отырғанын көреміз.

Ол қазақ арасынан қалмай келе жатқан алауыздықты жойып, рулардың басын біріктіре түсті, қуат-күшін мығымдады. Жоңғарлармен қарым-қатынасты жақсарту үшін Тәуке хан бір жолы Жоңғар ордасына Ғалдан Серенге елші жібереді. Елшілік басшысы Тайкелтір екен. Ол қалмақ ханы алдында көсіліп сөйлей алмайды:

Өлеңді өзгеге бердік,

Өрлікті төленге бердік,

Алдияр тақсыр, алдыңа келдік.
Берсең алдық,
Бермесең қалдық,
Сөзді өзіңе салдық, – деп тақпақ айт­қандай елпелектейді. Қалмақ ханы Тайкелтірдің төменшіктей сөйлегеніне мерейі тасып:
– Олай болса, кешке дейін жауап қай­тарармын, жауап қайтпаса, ат-тонның амандығында елдеріңе қайтқандарың теріс болмас, – деп сөзді кесіп тастайды. Сонда есік жақта елеусіз отырған жас Қазыбек орнынан атып тұрып, ханға жетіп барады да:
– Ерден ердің несі артық?
Ептестірген сөзі артық.
Малдан малдың несі артық?
Бір-ақ асым еті артық.
Жерден жердің несі артық?
Бір-ақ уыс шөбі артық.
Міндетке алған сөзден
Шегінген жігіттен
Аштан өлген аюдың өті артық, – дейді де:
«Ел ебелек емес, ер кебенек емес, дат!» дейді.
Сонда хан:
– Өй, өзің жөніңді айтшы, атың кім? – депті.
– Атым Қазыбек, әкем Келдібек, халқым қазақ.
– Дауысың қаз дауысындай қаңқылдап тұр екен, ал датыңды айтшы, – депті хан. Сонда Қазыбек:
– Біз қазақ деген мал баққан елміз,
Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз.
Елімізден құт қашпасын деп,
Жеріміздің шетін жау баспасын деп,
Найзаға үкі таққан елміз.
Ешбір дұшпан басынбаған елміз,
Басымыздан сөзді асырмаған елміз.
Досымызды сақтай білген елміз,
Дәм-тұзын ақтай білген елміз.
Асқақтаған хан болса,
Хан ордасын таптай білген елміз.
Атадан ұл туса,
құл боламын деп тумайды,
Анадан қыз туса,
күң боламын деп тумайды.
Ұл мен қызды қаматып
отыра алмайтын елміз.
Сен қалмақ та, біз қазақ,
Қарпысқалы келгенбіз.
Сен темір де, мен көмір,
Еріткелі келгенмін.
Екі еліктің баласын,
Теліткелі келгенмін.
Танымайтын жат елге,
Танысқалы келгенмін.
Танысуға көнбесең,
Шабысқалы келгенмін.
Сен қабылан, мен арыстан,
Алысқалы келгенмін.
Жаңа үйреткен жас тұлпар,
Жарысқалы келгенмін.
Тұтқыр сары желіммін,
Жабысқалы келгенмін.
Берсең жөндеп бітіміңді айт,
Бермесең тұрысатын жеріңді айт!
Осынау уытты да отты сөзден қалжырап қалған хан:
– Өзің сөз құдіретін білетін бала екен­сің, отырған жерің қандай төмен еді, бері қасыма келші, – депті.
Сонда Қазыбек:
– Біздің қазақ әдетінде жасына қарай отырып, жағына қарай сөз сөйлей береді, өзімнен үлкен ағаларым төрде отырса, маған төбеде отырғанмен бірдей, – деп жалт бұрылып, орнына барып отырған екен.

Мен бұл үзіндіні бүгінгідей хандық дәуірді әздектете еске алып отырған шақта, бабаларымыздың қазақ сөзін қалайша құдіреттендіре білгенін байқату үшін еске алдым.

Бір ғажабы – ол кезеңде жауласқан бұл екі халық бірінің тілін бірі ешбір тілмашсыз-ақ түсінген түрі бар. Және сөздің мәні мен қуатын ұққандығы – соншама уәжге тоқтай білген.Қазақ сөзі, міне, осылайша ғасырдан-ғасырға ұласа дамып біздің дәуірге жетті.

Ақиқатында қай заманда да құрылған хандықтың қолданған негізгі құралы тіл болған. Тіл болғанда да қазақ тілі болған. Бұл тілдің әу бастан иесі – сол хандықтардың құрылуына сеп болған қаңлы, қыпшақ, алшын, арғын, найман, қоңырат, керей, жалайыр, т.б. ру-тайпалар сөйлеген тіл. Осы тайпалардың басын біріктіріп хандық құруға жеткізген осы тіл – қазақ тілі. Бұл хандық дәуірден әлдеқайда бұрын қолданыста болған.

Қазақ тілінің дамып, қалыптасып, өркендеуіне әйгілі ақын-жыраулардың, би-шешендердің өлең жырлары, толғау­ларының ықпалы орасан зор болды.

XV-XVIII ғасырда өмір сүрген Асан қайғы, Қазтуған, Доспанбет, Шалкиіз, Жиембет, Марқасқа, Ақтамберді, Тәттіқара, Үмбетей, Бұқар жырау, Көтеш ақын, Шал ақындардың өлең-толғаулары болмаса біз ол дәуірлердегі қазақ тілінің қасиетін танып біле алмас едік. Бұлардың әрқайсысының сөз саптаулары, тіл қолданысы арқылы хандық дәуір болмысын анықтай аламыз.

Қазақ хандығы дәуіріндегі өлең-толғаулар мен эпос-жырлардың негізгі тақырыбы – жаугершілік, ел-жер қорғау. Хандықты, жерді сақтап қалу басты міндет болған. Мұны Шоқан Уәлихановтың «XV-XVIII ғасырларда азаматы аттан түспеген қан жосыған жылдар болды» деуі тегін емес. Сол кездегі сөз қолданысты саралап қарасаңыз, ұрыс-соғысқа қатысты жеке сөздер, сөз тіркестері жиі кездеседі. Киім-кешек, қару-жарақ, құрал-жабдық атаулары да тілдік деректерден хабар береді.

Жаугершілікке қатысты қимыл-әре­кеттерді атайтын, сондай-ақ олардың орын­далу амалдарын білдіретін сөздер. Мысалы: ту астында тұру (әскер қатарына келу) немесе соғысқа аттану дегенді біл­діретін тұлпар мініп ту ұстау, тұтқынға түсуді пенде болу тәрізділер жыраулар поэ­зиясына тән қолданыстар. Мұның бәрі хандық дәуірде де қолданылғанымен, әдеби тіл одан әлдеқайда бұрын, жоғарыда ескерткеніміздей, пайда болып дамыған.

Дегенмен, қазақ тілінің хандықты жариялау тұсындағы қызметі ерекше бол­ға­нын білеміз. Хандықтың тілге қызметі тіпті ерекше. Ең алдымен Хандық сол кездегі қазақ тілін сақтап, әрі қарай дамуына мүмкіндік жасады.

Қазақ хандары сөз өнерінің иелері – жыраулар мен ақындарды бағалаған. Оларды өздеріне ақылшы, көмекші (сұр­қылтайы) етіп отырған. Мәселен, ­Абылай хан Бұқар жырауды, Әділ хан Түбек жырау­ды ақылшы етеді. Ал XIX ғасырда Тезек төре Сүйінбайды «Сұрқылтайым менің деп отырған». Мұндағы сұрқылтай сөзі Шыңғыс хан заманынан бері келе жат­қан ескі сөз. Бәлкім моңғолдар қолда­ны­сындағы сөз.

Осынау хандыққа арналған алқалы жиында осыдан үш ғасыр бұрын елдің болашағын болжап күңіренген Мөңке би бабамыздың сөз саптауына қалайша толғанбайсың?!

Қараңыз:
Құрамалы, қорғанды үйің болады,
Айнымалы, төкпелі биің болады.
Халыққа бір тиын пайдасы жоқ,
Ай сайын бас қосқан жиын болады.
Ішінен шынтақ айналмайтын,
Ежірей деген ұлың болады.
Ақыл айтсаң ауырып қалатын,
Бежірей деген қызың болады.
Алдыңнан кес-кестеп өтетін,
Кекірей деген келінің болады.
Ішкенің сары су болады,
Берсең итің ішпейді,
Бірақ адам оған құмар болады.
Домалақ-домалақ түймедей дәрің болады,
Жастарға билігі жүрмейтін кәрің болады.
Ертеңіне сенбейтін күнің болады,
Бетіңнен алып түсетін інің болады.
Ала шұбар тілің болады,
Әйелің базаршы болады,
Еркегің қазаншы болады.
Бұхараны құм алады,
Төрткүлді су алады.
Халықтың қанын сорған надандар болады,
Қабағын түйіп қайыр тілейтін
адамдар болады.
Қиналғанда шапағаты жоқ
жақының болады,
Ит пен мысықтай ырылдасқан,
Еркек пен қатының болады.
Сарылып келіп тосасың,
Құны жоқ қағазды шашасың,
Осындай көресіні көресің
Көріп барып өлесің.

Сондықтан Қазақ хандығын сөз еткенде бұл хандықтың қазақ әдеби тіліне көрсеткен қызметі мен ықпалы өте жоғары болған деп бағалаймыз. Бұл дәуірдің тіл мұрасын түбегейлі зерттейтін кезең енді келді.

Жалпы билік, мемлекеттік құрылым табиғаты өте күрделі құбылыс қой. Біздіңше, Қазақ хандығында:
саяси элита – төре-сұлтандар;
әскери элита – батырлар;
интеллектуалды элита – ақын-жыр­шылар;
кеңесші топ – би-шешен, жыраулар т.с.с. тұрақты институттар болған.

Сөзді, сөз арқылы тілді қаузап отырған біздер үшін ең маңыздысы – осы би-шешендер мұрасы.

Көбік сөзден гөрі нақты іс-әрекет, игілікті шаруаны қолға алуды мақсат тұтқан «Қазақ тілі» қоғамы еліміздің әр өңірі, облысы бойынша ауқымды шара – өткен дәуірлердің рухани мұрасын жан-жақты, ең бастысы – заманауи тұрғыда, әлемдік деңгейде «Қазақ елінің мәңгілік рухани құндылықтары» тақырыбындағы Мегажобаны зерттеп, зерделеп, насихаттауды қолға алды. Әзірше төрт тақырып бойынша облыстық әкімдермен келіссөздер жүргізілуде, оның екеуі бойынша өзара ынтымақтастық меморандумы жасалып, жұмыс басталып кетті. Осы орайда, мен ол мегажобалардың кейбір тақырыбын ғана айтып, таныстыра кетпекпін:

1. Қожа Ахмет Ясауи ілімі – ұлағатты ұлттық ұстаным ұстыны.
2. Сыр бойы – Қорқыттан бастау алған жыраулық дәстүр эпицентрі.
3. Асан қайғы – Мөңке би: Ұлы Дала ойшылдары.
4. Қазақ тілін асқақтатқан айтыс өнері: Сүйінбай мен Жамбыл.

Және осы тақырыптарға қосымша «Ноғайлы дәуірінің ақын-жыраулары», «Қырымның қырық батыры» жыры, күй және ән, сал-сері феномені, т.б. болашақта атқарылар жобалар да бар.

Бұл жобалардың ерекшелігі – бәрі ха­лық­­аралық, жалпытүркілік дең­гей­де іс­ке асырылады. Түркия, Қытай, Моң­ғо­лия, Кипр, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Ресейдегі – Татарстан, Башқұртстан, Чувашия, Алтай, Хақас, Тува, Якут-Сақа, Кавказдағы – Қарашай, Балқар, Құмық, Ноғай, Қырымтатар,Еуропа мен АҚШ-тағы түркологиялық орталықтары, Корея мен Жапония, т.б. елдердегі түркітанушы ғалымдары, жетекші университеттері мен ғылыми ұйымдары қатыспақшы.

Осындай келелі бастамаларды Қо­ға­мымыз Халықаралық Түркітану Орта­лығымен, штаб-пәтері Анкарада орна­ласқан ТҮРКСОЙ ұйымымен және бір­неше басқа да мемлекеттік және мем­лекеттік емес, қоғамдық және жекеменшік, отандық және шетелдік ғылыми, білім беру мекемелерімен бірлесе, кеңесе, тәжірибе біріктіре іске асырмақ.

Енді аз сөз «Ел саны және Елбасы» тақырыбы төңірегінде болмақ. Бізге қазір ең керегі – қазақтың санын көбейту. Және оның бәрі жанымен қазақ болуы. Ешкімге жалтақтамай балабақшаларды 100 пайыз мемлекеттік тілде білім беретіндей етіп жасау – өз қолымызда тұрған шаруа. «Қазақ тілі» қоғамының шаруасы. Сонда ғана біз – алға қойған мақсатты – орта мектеп қабырғасында әрі мемлекеттік тілді, әрі үш тілді түпкілікті біліп шығатын ұрпақ тәрбиелей аламыз.

Сондай-ақ біршама уақыт тоқырап қалған қандастарымыздың көші-қоны қайта жалғасын табатыны үлкен қуаныш. Елбасына рақмет! Бұл да қазақтың санын көбейтудің, елімізді қазақыландырудың басты жолы.

Мемлекет басшысы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: Өсім, реформалар, даму» атты кеше ғана дүниежүзіне паш етілген Жолдауында қадап айтқандай, «бізде біртұтас ерік-жігер, халық бірлігінің берік дәстүрлері бар. Біз Қазақстанымызды дамудың жаңа шептеріне шығаратын боламыз… Рухы биік, еңбегі ерен, бірлігі мығым Мәңгілік Ел болу үшін бізде бәрі бар. Тәуелсіздіктің туын желбіретіп, тұғырын нығайтқан біздің тарих алдында жүзіміз жарқын! Біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік!»

Сөз соңында айтарым: «Қазақ хандығы» – ұлттық мемлекеттілігіміздің бір асқар белі. Асыл тіл мен алдаспан сөз Хандықтың тірегі болған. Мұны мәңгі еске тұтқан абзал.

Болашағынан үміті бар мемлекет өткенін бағалап, келешегін болжайды, соған жетуге ұмтылады. Осы мақсатта Елбасымыз заманында Ұлы Далада Ұлы қағанаттар құрған, бастыны иілдірген, тізеліні жүгіндірген, Көк аспан мен Қара жер арасындағы халыққа билігін жүргізген Күлтегін, Бумын қағандардың «Мәңгілік Ел» құру аңсарын алға шығарды. Алла алқап, аруақ жебесе, бұған да қол жетеріне сенім кәміл.

Мәңгілік Елдің ғана мемлекеттік тілі мәңгілік болмақ. Мәңгілік тілі бар ғана ұлт Мәңгілік Ел туралы армандамақ.

Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ, халықаралық

«Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик

«Ана тілі» газеті