Қазақстандықтар арасында зор сұранысқа ие автокөліктер

Отандық автокөлік нарығында 53,2% үлеске ие «БИПЭК АВТО-АЗИЯ АВТО» компаниялар тобы 2014 жылдың қорытындысын шығарып, қазақстандықтар арасында сұранысқа ие 10 автокөліктің маркасын атады. Бұл туралы толығырақ «Галстуксіз кездесу» пресс-туры барысында «БИПЭК АВТО-АЗИЯ АВТО» компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы Анатолий Балушкин айтып берді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
Автокөлік компаниялары тобының басшысы мәлімдегендей, рейтингте LADA маркалы автокөліктер көш бастап тұр. Өткен жылы «БИПЭК АВТО» осы марканың 45 мың 234 автокөлігін сатқан.
Одан кейінгі орынды 17 мың 709 сатылыммен KIA маркасы алады. Үздік үштікті Hyundai маркалы автокөліктер тұйықтаған – 14 мың 104. Қазақстандықтардың Toyota автокөлігіне де сұранысы жаман емес. Өткен жылы отандастарымыз осындай 12 мың 115 көлік сатып алған екен.
Көшбасшылар бестігіне 11 мың 763 дана сатылыммен Chevrolet маркасы орналасқан.
Одан кейін UZ-Daewoo, 2014 жылы 9 мың 866 автокөлік сатылған. Renault -7 мың 980; GAZ-6 мың 135.
Тоғызыншы орынға Scoda автокөлігі жайғасты, қазақстандықтар аталмыш марканың 5 мың 573 көлігін сатып алған. Оныншы орында – Nissan (5 мың 379).
Компаниялар тобы баспасөз қызметінің ақпаратынша, Қазақстанда өткен жылдың қорытындысы бойынша автодилерлердің нарықтық үлесі мынадай: «БИПЭК АВТО»- 53,2%; Астана Моторс-13%; Вираж -5,4%; Аллюр Авто -3,3%, Меркур Авто-2,9% және басқалары -21,2%.