Қырғыз автокөліктеріне тағы қауіп төнді
Қырғызстанның мемлекеттік нөмірін таққан автокөліктер айыппұл тұрағына қамала бастады. Бүгіннен бастап Алматыда Кеденшілер мен Жол полициясы басқармасы бірлесіп айыр қалпақты ағайындардан әкелінген көліктердің иелерінің есін алып жатыр. Шараның алғашқы күнінде қолға түсіп қамалған көліктердің жүргізушілері болған жайтты түсінбей,аң-таң.
Оңтүстік астананың шетіндегі арнайы тұраққа таңнен бері тобымен қамалып жатқан темір тұлпарлардың иелері осы маңды торуылдап жүр. «Көшеде тоқтатып,құжатымызды қарап,дереу осында әкелді»деп шамданды. Барлығының көліктері қырғыздың нөмірін таққан. Темір тұлпарлары қамауда, құжаттары тексерілуде. Күніне 6мың 400 теңге төленетін ақылы тұрақта бұл көліктердің қанша тұратыны белгісіз, бәрібір ақысы төлетілмек. Тұрақ басындағы ресми тұлғалар аталмыш көліктердің әкімшілік және кедендік тәртіптерді өрескел бұзғанын айтып отыр. Былтыр жазда КеденОдағы құрылып, шетелден көлік әкелу құны тіптен шарықтағанда кей қандастарымыз қырғыздың базарына бас салған. Содан бері ың-шыңсыз жүрген еді. Ал кеденшілер: «Бұл жоспарлы шара, құжаттары қате қырғыздың көліктері ғана қамалады, барлығын бірдей құрықтамаймыз» - деп қадап айтты. Жақын күндері толықтай есеп берілмек, тәртіп бұзғандары айыппұл төлемек. Дегенмен ашуға булыққан кей жүргізушілер тұрақтан көліктерін күшпен алып шығуда. Алайда не құжаты, не мемлекеттік нөмірлері жоқ.